«ӘЙЕЛ БІР ҚОЛЫМЕН БЕСІКТІ ТЕРБЕТСЕ, БІР ҚОЛЫМЕН ӘЛЕМДІ ТЕРБЕТЕДІ»

0

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қазақ мақалы бекер айтылмаса керек-ті. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, сол отбасының жылуын сақтап, шуақ таратып отыратын аналардың қалауы мен жағдайы мемлекет үшін әрқашан маңызды болуға тиісті. Бұл жолы Жамбыл ауылының тұрғыны, 6 баланың анасы Әлия Ревшенова туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

 

Жұбайы Пархад Шалғынбаев екеуі төрт ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіруде. Әлия Байдуллақызы – көп қиыншылықтардан құламай, сүрінбей өтіп келе жатқан адам. Өйткені алты баласының екеуі ауруға шалдығып, өзі де денсаулығының күрт нашарлануының себебінен жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болған еді. Соған қарамастан, он саусағынан өнер тамған шебер әйел құрақ көрпе тігуді табыс көзіне айналдырып, ісінен пайда көріп отыр. Бүгінде ол кәсібінен түскен табысты отбасы қажеттіліктеріне де, керек-жарақ алуға да жеткізіп отырғанын тілге тиек етті. Барлығын жалғыз өзім жасаймын деген тігінші жұмысының қиындықтарын да жасырмады.

«Мен өзім 17 жасымда келін болып түстім. Анам да, әжем де тігу өнерінен алыс еді, еш туысым да осындай іспен айналыспапты. Бәріне үйреткен енем еді. Басында, тек қасында отырып, әр саусағының қимылын бақылап отырған болатынмын. Бірте-бірте көмектесіп те бастадым. Солай үйреніп кеттім. Дариға қызым тұрмысқа шықпай тұрып, маған жақсы көмектесетін. Қазір жалғыз өзім істеймін, Перизат деген екінші қызымның жасы әлі кіші болып тұр. Қолыма ине-жіп алсам, басымдағы ауруды да, барлық жамандықты да ұмытып кетемін. Жұмысқа беріліп кететінім сонша, уақыттың қалай өткенін де білмей қаламын», — дейді шебер.

Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі.

Кейіпкеріміз қазіргі таңда ауылдағы тұрғындарынан қыз жасауына тапсырыс қабылдап, ауылдастарының алғысын алуда. Одан басқа, қазіргі тапсырысы Үлкен сұлутөр ауылынан, алдында Масаншы ауылынан да болған екен. Құрақ құрау оңай жұмыс емес. Бұл жұмысқа шыдамдылық пен адамның ептілігі қажет. Әр матаның қиындысын бір біріне келтірудің өзі бір өнер.

Отбасына келер болсақ, қазіргі таңда үлкен ұлы үйленіп, Әлия немере сүйіп отыр. Ал 20 жасар қызы Дариға тұрмысқа шығып, дертке шалдыққанға қарамастан, бір шаңырақтың сұлу келіні атанып отыр. 17 жасар ұлы Бекарыс та туылғаннан бері ауруға шалдықса да, анасы бар жан-тәнін іске салып, мұңын білдіртпеуге тырысады. Жұбайы Пархад Жұмабайұлы да отбасына қолдау көрсетіп, еуроремонт жасаумен табыс көріп отыр.

«Қазір менің арманым өз цехымды ашып, өндіріс пен тұтынушылар базасын кеңейту. Егер мен мемлекеттен «Бастау бизнес» жобасы бойынша көмек алсам, өте қажетті станоктар мен жабдықтарды сатып алар едім. Бұл маған үлкен көмек болар еді», — дейді Әлия.

Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңарып жетіліп, жалғаса түсетіні анық.

Өнегелі отбасының ұйтқысы, «Күміс алқа» иегері Әлия Ревшенова өз ісінің шебері, әрі көбіне үлгі бола алатын жан. Қиыншылықтарға, ауруға қарамастан, басын жерге тигізбей, сүрінбей, құламай, өмірдің барлық сынақтарына төзіп келе жатқан кейіпкерімізге зор денсаулық, қажымас қайрат пен сабырлық тілейміз.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.