«ӘЙЕЛДЕРДІҢ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ»

0

Қордай ауданында өткен екі күндік «Әйелдер көшбасшылығы» атты семинар өз мәресіне жетті. Әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған бұл шара нәзік жандыларға тың серпін беріп, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік ұсынды.

Естеріңізге сала кетсек, аталған жоба алғаш рет Тараз қаласында бастау алып, енді Жамбыл облысының өзге аудандарында да жүзеге асырылуда. Қордайдан кейін бірнеше аудан мен елді мекенде жалғасын табатыны жоспарланған.

AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты кеңесшісі Айман Ашимова модераторлық еткен семинардың алғашқы күнінде «English International» компаниясының кәсіби тренері Гүлжан Ибраимова «Өмірлік миссияны анықтау» және «Эмоциялық интеллектті дамыту» тақырыптарында интерактивті тренингтер жүргізсе, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы филиалының аға оқытушысы Тәттігүл Орынтай «Отбасы – ұлттың тірегі» және «Көшбасшылық – азаматтың келбеті» атты мазмұнды дәрістерін ұсынды.

Екінші күні саясаттағы әйел көшбасшылығы тақырыбына терең бойлады. Қатысушылармен тәжірибе бөліскен спикерлер қатарында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы басшысының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының кеңесшісі Дамеш Үскембаева, Жамбыл облысы бойынша әйелдердің құқықтары жөніндегі уәкіл, облыстық әйелдер күші Альянсының төрағасы Әмина Қайназарова болды.

Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, алған әсерлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Олар мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, болашақта жиі өткізіліп тұруын қолдайтындықтарын білдірді.

Іс-шараның жабылу рәсімінде барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.

Жалпы, бұл семинар әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына, көшбасшылық қасиеттерін дамытуына зор ықпал еткені анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.