ӘЙГЕРІМНІҢ ТІГІН ӘЛЕМІ

0

Сөзге шешен, іске шебер халқымыздың мәдениетін танытатын ұлттық құндылықтарының бірі – қолөнер. Ине-жіпке икемі мен ебі бар, табандылық пен еңбекқорлық қасиеттер бойынан табылатын халық шеберлерінің ісі қашанда мақтауға тұрарлық. Қордай ауданы он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Солардың бірі – Отар ауылының тұрғыны Әйгерім Алдаркөсеева. Бес жылдан бері тігіншілікпен айналысып келе жатқан кейіпкеріміздің бүгінде жеке тігін цехы бар. Онда ісмер қыз жасауына кіретін көрпе-жастықтың түр-түрін, құрақ көрпелер, жұмсақ сандық, түрлі үлгідегі көйлектер, сырт киімдер, перделер тігеді, сондай-ақ, киімді қалпына келтіру қызметін көрсетеді.

Әйгерім Айтмұханбетқызының негізгі мамандығы – теміржолшы. Мамандығы бойынша 2-3 жылдай жұмыс істегенімен, жаны қалайтын іс болмағандықтан, оны тастап, бала кезден бойында бар тігіншілік өнерді  кәсіпке айналдыруды шешкен. Осылайша арнайы тігін курсын оқып, саладағы жаңа техникаларды меңгеріп, алғашқы тапсырыстарды қабылдай бастайды. Ал 2020 жылы ауылдан тігін цехын ашады. Бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отырған 36 жасар келіншектің тұрақты клиенттері жетерлік. Келушілер Әйгерімнің қолынан шыққан дүниелердің сапасын, әсемдігін жарыса айтып, тігіншінің тапсырысты әркез уақытылы аяқтайтынын айтып мақтауда. Біз де кәсіпкердің шырайлы шеберханасынан тамсанып қайттық. Оның әр бұйымды ұлттық нақышпен өрнектейтінін аңғардық. Оюмен оқаланған төр көрпелер, нәзік жандыларға арналған көрнекі камзолдар сіресіп тұр. Әрі бұл жерден жастардың талғамынан шығатын трендтегі киімдерді де таба аласыз.. Таңнан-кешке дейін тігін машинасының алдында отыратын Әйгерім сүйікті ісінен еш жалыққан емес.

«Тігіншілік кез-келген адамға берілетін өнер түрі емес. Оны өзіне сенімді әрі төзімді жан ғана басындағы бағындай бағалары сөзсіз. Өйткені ойыңдағы көркем дүниені жұртқа жарқ еткізіп паш ету немесе тапсырыс берушінің дәл қалағанындай дүниені жасап шығару оңай шаруа емес. Бұл үлкен еңбек пен табандылықты қажет етеді. Дегенмен, қолөнер сүйікті ісім болғандықтан, одан ешқашан жалыққан емеспін. «Тігіншіні инесі асырайды» дегендей, керісінше, осы ине мен жіптің арқасында ақ адал нанымызды тауып отырған жайымыз бар», — деп күлімсіреді ісмер.

Айтпақшы, Әйгерім Айтмұханбетқызы тігін, қолөнерді үйренемін деушілерге онлайн сабақтар өтеді. Көрпе көктеу, тігіс техникалары, мақта салу, құрақ құрау дейсіз бе жалпы тігін ісіне қатысты өз білімімен ол «Youtube» желісіндегі арнасында бөлісіп отырады. Мұнда қазірдің өзінде 25 мыңнан астам оқырманы бар екен. Әлеуметтік желілерде белсенді кәсіпкердің тігін цехында өзінен бөлек тағы екі адам жұмыс істейді. «Алға қойған мақсаттар көп. Солардың бірі – цехты кеңейтіп, тағы жұмысшылар алу. Қазір бізде өнеркәсіптік, тұрмыстық тігін машиналары және оверлок бар. Кәсібімізді кеңейтсек көбірек тігін машиналарын сатып алсақ деп отырмыз», — дейді жоспарларымен бөлісіп. Ал біз он саусағынан өнер тамған тігіншінің ісіне береке, әр бастамасына сәттілік тілейміз.

 

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.