ӘКЕ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

0

Ерен ерліктің иесі – Әбдікерім Әлімбетов 1922 жылы Қордай ауданының Мадияр ауылында дәулетті шаруаның отбасында дүниеге келген. 1928 жылы Голощекиннің содыр саясатының арқасында әкесі байқұлақтардың тізіміне ілініп, мал жаны компескеленіп өздері қудалауға түседі. Қашып Қырғызстанға өтеді.

Бұл сол шамасы 1932 жыл болса керек. Әкеміз сол кезде 10 жасар бала, Қырғызстанға қашып бара жатқанда жол бойы аштықтан өлген адамдарды өз көзімен көргенін айтып отырушы еді. Ісіп кеткен, сасып кеткен адам өліктері жол бойы шашылып жатушы еді дейтін. Қырғыз еліне барып, тауда қырғыздардың қодасын баққан екен. Ел тынышталған соң елге қайтып, Қасық ауылында тұрақтанады. 1-2 жылдан соң бұл ауылды оба ауруы жайлайды. Адамдар қайтыс болады. Үкімет бір түнде, әскер алып келіп, ауылды қоршап, өртеп жібереді. Тірі қалғандарды жан-жаққа таратады. Біздің Әлімбет атамыз бен Биша анамыз сол жерде қайтыс болған. Әкеміз Әбдікерім 10 жасар бала тұлдыр жетім қалады. Кеңес үкіметі баланы Пішкек қаласындағы (қазіргі Бішкек) балалар үйіне өткізеді. Балалар үйінде 2-3 жыл жүреді. Содан кейін әпкесі Тұрымтай іздеп келіп, ауылына, Иірсуға алып кетеді. Біраз тұрғаннан кейін Отар ауылында тұратын әкесі Әлімбеттің інісі Жапарбай ағасының қолында тұрады. Отар, Иірсу ауылдарындағы мектептерде оқып хат таниды, ер жетіп жігіт болады. 16 жасында Талғар қаласында «Ликбез» оқу орнында оқиды. 18 жасында ол оқуды бітіріп, Алматы қаласындағы медицина институтына оқуға түседі. Бір жыл оқыған соң Жапарбай ағасы елге қайтарып алады. Сөйтіп оқуын біте алмай қалады. Көп ұзамай соғыс басталып, әскерге алынып, майданға аттанады.

1941 жылы ҰОС басталғанда 19 жастағы азамат алғашқы шақырумен 1941 жылдың тамызында соғысқа аттанады. Ол атақты 8 дивизияның 988-атқыштар полкында 1941 жылдың қыркүйегінде «Максим» пулеметымен соғысқа кіреді. Украина майданында соғысады. 1943 жылы жау бомбасының астында қалып жарақаттанып, госпиталға түседі. Емделіп шыққан соң 1944 жылдың сентябірінде КГБ-ның арнайы жасағына алып, оны Польша жеріне Довгаловтың партизан құрамасының «Барбара» деген партизан отрядына жібереді. Сол жерде жүріп поляктар, чехтар, словактармен бірге Польша, Чехославакия жерін басқыншылардан азат етуге атсалысады. Одан 1945 жылдың ақпанында Батыс Украинаны ұлттық фашистік бендерлерден тазалауға атсалысады. 1945 жылдың шілде айынан әскерден босап елге аман-есен оралады. Елге келген соң мұғалімдік қызмет атқарып, зейнетке шыққанша Кенен ауылындағы орта мектепте жұмыс істеді.

ҰОС көрсеткен ерлігі үшін екі рет – Ұлы Отан соғысы орденімен, көптеген т.б. медальдармен марапатталған. Медальдары мен құжаттары Кенен музей қорында сақтаулы. 1994 жылдың 15 тамызында бұрынғы Президент Н.Ә.Назарбаев Кенен ауылына келгенде ол кісімен бір дастархан басында отырып, оған тәуелсіз ел болғанымызға қосқан ерен еңбегі үшін алғыс айтқан екен.

Тумақ барда өлмек бар. Мәңгілік дүние жоқ. Әкеміз Әбдікерім Әлімбетов бұл дүниеден татар дәм-тұзы таусылып 2003 жылы 81 жасында дүниеден өтті. Артында 7 ұл-қыздан тараған 21 немере, 37 шөбере 5 шөпшек бар. Жаның Жәнәтта болсын әке қарт жауынгер! Қазақ елі үшін жасаған ерлігіңіз бен еңбегіңізге мың Алғыс!

Ұл-қыздары. Кенен ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.