Шіркін, уақыт-ай десеңші. Бүгінді ертеңге сіңіріп, ертеңді арғы күнге жылжытып, күндерді түндей түтіп, айлардың шаңын шығарып, жылдарды шыр айналдырып кетіп барасың. Әне-міне дегенше кешегі уыздай жас жігіттер мен қыздар бүгіндері шау тартқан шал мен кемпір болып қалыппыз.
Несін айтайын, мынау өмірді «бес күндік» деп өлшеп кеткен, одан қалса «қамшының сабындай қысқа» деген бабаларымыз қалай дұрыс айтқан. Сол бүгіндері өз басымызға келіп тұрған жоқ па?! Жасың ұлғайған сайын арғы-бергілі, өткен-кеткенді ойлап, ой таразысына салып, тіптен шама-шарқың азайған соң қиялшыл болып та кететін көрінесің.
Мен де бір кезде ата-анамның ортасында еркелеп өскен қыз едім. Үйдің кенжесі болғаннан соң ба, әлде аға-әпкелерім есейіп, сыртқа кетіп, үйде жалғыз өскендіктен бе, әйтеуір еркелеу болдым. Әке-шешем бетімнен қақпады. Әсіресе, әкем мені ерекше қатты жақсы көрді. Сол сезім, әке сүйіспеншілігі күні бүгінге дейін санамнан бір кеткен емес. Сол сағыныш мені ұдайы ілгері жетелеп, «менің де балаларым өз әкесін осылай жақсы көріп өссе екен», деген ой жиі мазалайтын. Халқымызда ата-ана, туыс-жақының туралы неше түрлі мақал-мәтелдер бар. Соның бірі «әкенің жақындығы жездедей-ақ», деген сөзге мен мүлдем қарсымын. Әке асқар тау, әке тірек, әке сүйеу, әке отбасының патшасы деп айтар едім. Оған дәлел ретінде мен өз әкемнің бізді тәрбиелеудегі, қызметіндегі тазалығы мен әділдігі, турашылдығы, ешкімге өктем сөйлемей, биязы әрі жұмсақ мінезімен-ақ қандай күрделі шаруа болса да шеше білетіндігі, сол үшін шығар оны айналасындағы адамдар сыйлайтындығы жиі еске түседі.
Әкем Төкенұлы Жәділ 1912 жылы 1 мамырда дүниеге келген екен. Ол кезеңнің қандай болғандығын бүгіндері ешкім де көз алдына келтіре алмас. 1916 жылы азамат соғысы, 1917 жылғы революция-төңкеріс, Кеңес Одағы сапырылысқан сандаған өзгерістер әкемнің нағыз бал балалығымен тұспа-тұс келген. Одан беріректе халықты қынадай қырған ашаршылық, репрессия, коллективтендіру, Ұлы Отан соғысы тағы басқалары қара халықты есеңгіретіп, туған-туыстан, туған ел мен жерден ажыратып, тіптен адамдар арасында сенімсіздікті қоздырып, ағайынды бір-біріне жау етіп, талай білімді де біліктілер «халық жауы» болып кете барған жоқ па?!
Әкемнің әкесі Төкен атам ашаршылықта Шу өзенінен ары өтіп, қырғыздарға жалданып, жалғыз ұлы мен жан жарын асырау қамында жүріп, өзі сол аштықтың құрбаны болыпты. Әкеден жастай айырылып, ашаршылықтан ісіп кеткен анасын бағу қамында жан сауғалап жүріп күн кешкен екен әкем. Жастайынан зерек әрі алғыр болғандықтан алғашында Кеңес өкіметі енгізген жаппай сауаттандыруға ілігіп, өз білімін тез әрі сапалы жеткізіп алып, одан соң өзгелерге дәріс берген. Осылай жүріп-ақ «мұғалім бала» аталып кетіпті. Ұлы Отан соғысына шақырылғанда әкем Жәділ орда бұзар отыздан асып, бір ұл, екі қызды қалдырып, соғысқа аттанды. Сөйтіп, жоғарыда айтып кеткен сан қилы қиындықтардан соң оқ пен оттың ортасынан бірақ шықты. Алғашында атты әскер қатарында болып, кейіннен соғыстың әбден қызған шағында әскери байланысшы болыпты.
Әкемді бұрынғы Ново-Александровка жеті жылдық мектебіне директорлық қызметке жібергенде, сонда бастауыш сыныптарды оқытатын майдандас серігі болған Майлыш Ділдебаев екеуі бас қосып отырғанда соғыста болған оқиғалар мен түрлі қиындықтарын бір-біріне айтып, ұзақ отырушы еді.
«Тапсырылған әскери тапсырманы асқан жауапкершілікпен тиянақты орындағаны үшін қатардағы жауынгер Төкенов Жәділ «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталсын», деп жазылған әбден ескіріп, сарғайған куәлік қағаз сонау сұрапыл соғысты менмұңдалап еске салады. Бұл награданы берген уақыты 1942 жылдың наурызы екен. Әкеден қалған мұра сандықшаны ақтара берсең сан қилы оқиғалар мен аласапыран күндер санаға көмескі тартқан күдерді алып жетіп келіп тұрғандай болады екен.
Екінші «Қызыл жұлдыз» орденін менің әкеме 1943 жылдың қараша айында тапсырылған екен. Бұл жолы ол жауып тұрған оққа қарамай, мина қойылған жерлерден жол тауып өтіп, Днепр өзенін малтып өтіп, жаулар орналасқан жерлерге әскери телефон байланысын орнатқан үшін берген екен. Әрине, бұл айтқанға оңай болғанымен, өте қиын да қатерлі әскери тапсырма еді. Сондай нәтижелі орындалған әскери операциялардың арқасында сандаған әскерлер аман қалып, сандаған жаулардың көзі жойылып, Жеңіс күні жақындай түскені анық. Бұл екі орденнің алдында және соңында да өз міндеттерін ұқыпты және жақсы атқарғаны үшін «Соғыстағы ерен еңбегі үшін», «Әскери еңбегі үшін», «За отвагу» және тағы басқа да медальдармен марапатталған екен.
Менің есім кіріп қалған кезден бастап жыл сайынғы 9-мамыр «Жеңіс күні» мерекесінде өткізілетін шерулер мен салтанатты жиындарға әкем мұнтаздай таза киімін киіп, орден-медальдарын кеудесіне тағып, ерекше бір көтеріңкі көңілмен кетіп бара жататын сәттері күні бүгінге дейін көз алдымда.
Соғыс аяқталып, аман-есен елге оралған соң әкем о баста елге «мұғалім бала» атанған кәсібін жалғастырады. Яғни, Қызылсай жеті жылдық мектебіне мұғалім болып орналасып, білімін одна әрі тереңдету үшін Фрунзе қаласындағы Қырғыз мемлекеттік мұғалімдерді сырттай оқыту институтының тарих факультетінің ең алғашқы тобының студенті болып қабылданып, оны 1952 жылы жақсы оқып бітірген.
Жоғары білім алған, өмір тәжірибесі бар орта жасқа келген мұғалім азаматты енді аудан ішіндегі мектептердің басшылық қызметтері күтіп тұрғандай екен. Алғашында Қызылсай, одан соң Күнбатыс, Керу орталау мектептерінің директорлығын тап-тұйнақтай атқарған маманды аудан басшылығы Қаракемер орта мектебіне директорлыққа жіберді. Бұл мектепте де нәтижелі жұмыс атқарып, 1972 жылы құрметті зейнетке шықты.
Әкем қырық жылға тарта ұстаздық жасап, көптеген мектептерде директорлық қызмет атқарғанда жүздеген шәкіртті оқытып шығарғанын зейнетке шыққанында есіне алып, айтып отырушы еді. Олардың ішінде елге танымал болып, әр салада түрлі қызметтер атқарғандығын ерекше мақтан ететін. Әсіресе, Кеңес Одағы кезінде биік мансапты қызмет атқарған Әбдірахман Мамашевті, бүгіндегі сексеннен асып қалған әскери дәрігер болған Есімқұл Халықбаевты, ҚР-ның мемлекеттік қайраткері, жазушы Әшірбек Көпішті, ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхановты, зооветеринария саласындағы ғылым кандидаты атанған Сәрсенбай Қойшыбаевты, ғасырдың қатерлі обыры – рак ауруына ең алғашқылардың бірі болып ем тапқан ғалым-дәрігер Ғабит Үмбеталиевті, тағы басқа да түрлі еңбек майданында көзге көрінген талай шәкірттерін де ыстық көңілмен әңгіме етуші еді. Міне, осындай бар білімі мен жігерін келешек ұрпақтың өсуі мен өркендеуіне аямай жұмсаған, ешкімге дауыс көтерместен жұмсақ мінезі мен адамгершілігімен ғана үлкенді-кішілі педколлективтерді ұзақ жылдар бойы басқарған аяулы әкені қалай еске алмасқа.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздың абыройлы міндетті мінсіз атқарғаны үшін «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі» атағы берілген. Сондай-ақ, педагогика саласындағы жемісті еңбегі үшін аудан, облыс басшылығы тарапынан берілген мақтау грамоталары мен дипломдары қаншама. Өз заманында ел алдынан түспей, бойына құдай берген қасиеттерін ұрпаққа дарытып, әдептілігі мен мәдениеттілігін, парасаты мен білімін сарқа пайдаланып, ұстаз деген ұлы атаққа дақ түсірмей кеткен әкемді әркезде де есіме алып, аңсап кетем, сағынып кетем, жан әке!
Роза Жәділқызы, зейнеткер