Ауылшаруашылығы саласының дамуы ауданымыздың экономикалық материалдық әл ауқатының артуына себеп болары хақ. Газетіміздің кезекті санына мақала дайындау мақсатында «Еламан» шаруа қожалығының төрағасы Данияр Керімқұловпен жүздесіп, қожалықтың жұмысы туралы сұрастырып, аз-кем тілдестік.
Алға ауылдық округіне қарасты, Көгадыр ауылындағы «Еламан» шаруа қожалығының төрағасы Данияр Керімқұлов егін шаруашылығын дамытумен қатар, төрт түлікті түлетуге мән беріп отыр.
«Шаруа қожалық әкем Миятхан Қожахметовтың жетекшілігімен 2003 жылы құрылған. Қазіргі таңда, иелігімізде 550 гектар жер бар. Оның ішінде 460 гектар жайылымдық жер, 90 гектарға бидай, арпа дақылдары егілді», — дейді Данияр Миятханұлы.
«Еламан» шаруа қожалығының негізін қалаушы Миятхан Қожахметов 1942 жылы Көгадыр ауылында дүниеге келген. Өзінің туған жеріне деген терең сүйіспеншілікпен, ол ерте жастан-ақ ауыл шаруашылығының қадір-қасиетін түсініп, еңбекке бел буып кірісті. Ол еңбек жолын «Көгадыр» совхозында қойма меңгерушісі болып бастаған. Бұл кезеңде ол жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, қойманың тәртібін сақтап, өнімдердің жоғалмауын қамтамасыз етуді басты міндеті етіп алды. Кейінірек, «Жігер» өндірістік кооперативінде бригадир қызметіне көтерілді. Кейіпкеріміздің жетекшілігімен кооператив жоғары нәтижелерге қол жеткізді, өнімділік артып, жұмысшылардың ынталылығы мен еңбек ету қабілеті күшейді. Өзінің ерен еңбегімен көпке үлгі бола білген Миятхан Қожахметов сан жылдар бойы мал бағып, ауылшаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосты.
Жас та болса әке жолын қуып, егінмен қатар мал шаруашылығымен айналысып отырған ұлы Данияр Керімқұловтың шаруашылығында бүгінде етті бағытындағы 65 бас асылтұқымды «Ақбас» сиырлары және 12 бас жылқы бар.
2018 жылдан бастап қожалық тізгінін өз қолына алған кейіпкеріміздің табандылығы мен болашағына деген сенімі ауылдық өмірдің мәні мен маңызын арттырып, еліміздің аграрлық секторын жаңа белестерге көтеруде. Ол әкеден қалған істі жалғастыруды өзіне парыз деп санайды.
«Таңмен өріп, кешкі салқынға жайылған мал жылдам қоңданады. Сиырдан ет пен сүтті жақсы алу үшін жақсы күтім, қажет. Жылқы түздің малы болғандықтан үнемі қадағалап отырмасаң болмайды», — дейді ол.
Халқымызда «әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген мағыналы сөз бар. Жаратқаннан ізін жалғастырар перзент сұраған ата-ананың барша үмітін аясына сыйдырған сөз құдіретіне қалайша тәнтілік танытпассың?!