Еліміз бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру науқаны жалғасуда. Осы жолы кезек Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаевқа да жетіп, аудан орталығының басшысы өткен жылғы атқарылған жұмыстарды аудандық Мәдениет үйіне жиналған көпшіліктің алдында баяндап берді. Әкімдердің осындай кездесуі атқарылған жұмыстарды бағалап, орындалмаған жұмыстарды шешуге күш жұмылдыруға және де алдағы міндеттерді айқындап, нақтылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әкімнің іскерлігі де сыналады.
Расында солай, есеп беру кездесуде бірінші кезекте Әділет Қаспақбаевтың іскерлігіне баға берілді. Оның ауылдық округ әкімі ретінде сайланғанына көп болмады, алайда аз уақыт болсын жұмысы көз алдында. Өткен жылы атқарылған істердің тізімін көпшіліктің назарына ұсынған ауыл әкімінің баяндамасынан бірқатар алға басушылықты байқадық. Мәселен, құрылыс қарқыны өскен. 2023 жылы Қордай ауылдық округінде кезекте тұрған азаматтарға 5 қабатты 60 пәтерлік 3 үй, 4 қабатты 40 пәтерлік 1 үй және 18 жер үй тапсырылды. Сондай-ақ, 5 қабатты 60 пәтерлік үйдің және 60 жер үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлердің құрылысы аяқталғанда кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Биыл сонымен қатар, 150 адамға арналған жаңа полиция бөлімшесінің және жаңа өрт сөндіру депосының қолданысқа берілуі күтілсе, «Шығыс» ықшам ауданында 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Өткен жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 7,2 шақырым жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл 11 көшенің 12 шақырым жолын жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр екен.
Жалпы, әр саланы қамтып өткен баяндамасында Әділет Қаспақбаев жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып, проблемалық мәселелерді де атап өтті. Ең бастысының бірі қоқыс мәселесі болды. Ауыл әкімінің айтуынша тұрғындардың сұрауымен көшелердің қиылыстарында орналасқан 23 контейнер типпен жабдықталған қоқыс тастау орындары алынып тасталған. Алайда, сол орындарға қоқысты үйіп тастайтындар әлі де болса кездеседі. Қазіргі таңда Қордайда қоқыс шығарумен айналысатын екі компания бар екен. Осы орайда Әділет Меделбекұлы тұрғындарды осы компаниялармен келісімшарт жасап, қоқысты шығарып отыруға шақырды.
Жиында Әділет Қаспақбаев бірқатар жоспарлармен де бөлісті. Мысалы, биыл орталық саябақта теннис корты және скейт алаңын салу, Красный партизан, Цемзауыт, «Болашақ» ықшам аудандарында шағын футбол алаңын салу жоспарда бар екен. Осының барлығы өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізері анық.
Кезек сұрақ-жауапқа жеткенде залда отырған тұрғындар бірқатар мәселелерді көтерді. Алайда, көпшіліктің ортақ сұрауы – Қордайдың көркі мен ажарына көбірек көңіл бөлінсе деген өтініш болды. Абаттандыру мәселесіне қатысты ұсыныстар аз болмады. Мысалы, ауылішілік газ құбырларын сырлау, қоқыс орындарын және орталық көшелерді ретке келтіру сынды мәселелерді талқылаған көпшілікке Әділет Қаспақбаев бүгінгі күнде өтіп жатқан көктемгі тазалық екіайлығына бір болып атсалысуға шақырды.
Жиында Қордай ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов бастаған ақсақалдар Әділет Меделбекұлының жұмысына оң бағасын беріп, қоғамдық жұмыстарға өздерінің де әрқашан дайын екендерін атап өтті.