Адамзат өзін жоқтан бар еткен және өзіне сансыз нығметтер берген Ұлық Жаратушының белгілері мен әсерлері әлемдегі әрбір нәрседен көрініс тапса да, Оның заты мен сипаттары туралы одан ары білуге тырысқан. Осы себепті Алла Тағала турасында сан-түрлі сұрақтар туындаған. Мекені бар ма, қолы, денесі бар ма сынды қисынсыз әрі мұсылман жүрегін күмәнға түсіретін сұрақтармен кездескен үмметіне Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жалғыз. Алла ешбір нәрсеге мұқтаж емес, Керісінше барлық нәрсе оған мұқтаж. Ол тумады да туылмады. Оған тең келетін ешкім жоқ!» мағынасындағы Ықылас сүресін оқуды бұйырып, мұндай сұрақтармен қарсыласқан кезде «Қуылған шайтаннан Аллаға сиынамын!», деуімізді өсиет етіп өткен.
Әбу Һурайраға (Алла одан разы болсын) бір кісі келіп: «Мейлі Алла бізді жаратты. Ал Алланы кім жаратты?» деген сұрағына Пайғамбар сахабасы ашуланып Ықылас сүресін оқып береді. Расында Алла Тағала адамдарға немесе жаратылыстың ешқайсына ұқсамайды. Ол бір әке мен анадан туылмаған. Алла Тағала бар болуы мен барлығы жалғасын табуы үшін басқаларға мұқтаж емес. Жаратылысқа тән ішіп-жеу, ұйықтау, шаршау және көбею сынды нәрселер Алланың затына жараспайтын сипаттар болып табылады.
Алладан басқа ешқандай тәңір жоқ екендігін көкейлеріне сыйдыра алмаған Меккелік мүшріктерге араларындағы абыройлы Омардың (Алла одан разы болсын) мұсылман болуы өте ауыр соқты. Барлығы бірауыздан жиналып Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немере ағасы Әбу Талипке келіп: «Бауырыңмен арамызда ортақ бір шешім шығар. Ол біздің табынып жүрген пұттарымызға тиіспесін. Бізде оның сиынып жүрген Құдайына тиіспейік», деп өтінді. Немере ағасы Пайғамбарымызды шақырып: «Бұлар сенің өз қауымыңның адамдары ғой. Сенің орта жолды ұстануыңды қалайды» деп шамшырағы жаңа жанып келе жатқан асыл дін Исламға шақырмауын өтінді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке мүшріктеріне қарап: «Олай болса сендерге айтқан кездеріңде араптардан да, арап емес өзгелерден де үстем қылатын сөз үйретейін», дейді. Меккелік мүшріктерден Абу Жахил қуанып, келісімге келген екен ғой деген оймен: «Айналайын, әкеңе рахмет! Әрине ондай сөз үйрететін болсаң ол сөзді бір емес он есе қайталап айтар едік», деп ағынан жарылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) байсалдылықпен: «Алладан басқа тәңір жоқ!» сөзін айтыңыздар деп бұйырды. Меккелік мүшріктер екі дүниенің бақытына жеткізетін бұл сөзді айтудан қашып, орындарынан тұрып бара жатып: «Бұл сонша тәңірлерді жалғыз бір тәңір қылып жатқаны ма? Жалғыз бір Құдай әлемдегі барлық жаратылысқа қалай бірден үкім жүргізіп, басшылық ете алады?» деп жұлқынады. Осы оқиғадан кейін Сод сүресінің «Олар өздерінен бір ескертуші келгеніне таңырқады да қарсы болғандар: «Бұл бір сиқыршы, барып тұрған суаит» деді. «Тәңірлерді бір-ақ тәңір қыла ма? Әрине бұл тым таңғажайып нәрсе» мағынасындағы 4-5 аяттары түсті. Меккелік мүшріктер және осы сынды сұрақтары туындаған келер ұрпаққа Алла Тағала жауап ретінде Әнбия сүресінде: «Егер жер мен көкте Алладан басқа тәңірлер болса еді, жер мен көк (әрбір тәңір өз тәртібін қоюы себепті бұлардың жүйесі) міндетті түрде бұзылып кетер еді. Олай болса Арштың Раббысы болған Алла олардың ұқсатқан сипаттарынан пәк!» деп бұйырады.
Адам баласы өзін жаратқан Алланың тек қана заты мен сипатын ғана емес, өзіне жақын ба алыс па, оны іздегенде қайдан таба алатынын, оған жалбарынған кезде дауысын естіп-естімитіндігі жайлы да алаңдап, сұрақтар сұраған. Осындай алаңдағанынан болса керек, бір бәдәуи Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Раббымыз бізге жақын ба? Оған біз іштен жалбарынайық па? Болмаса ұзақ па? Дауыс көтеріп дұға қылайық па?», деп сұрайды. Бұған жауап ретінде Алла Тағала: «Құлдарым сенен мен жайлы сұраса, (оларға айт) мен өте жақынмын. Маған дұға қылғанның дұғасына жауап беремін!» (Бақара сүресі 186) аятын түсіреді. Басқа аяттарда да: «Қайда болсаңдар да Алла сендермен бірге. Алла жасаған істеріңді көруші» (Хадид сүресі 4 аят), «Біз адамдарға күре тамырынан да жақынбыз» (Қаф сүресі 16 аят) деп бұйырып, Ұлық Жаратушы Иеміз құлдарына жақын екендігін ашықша жеткізеді. Алла Елшісіде (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хайбар ғазауатынан қайтып келе жатып, әрбір биік шыңның басына шыққанда жоғары дауыспен тәкбир айтқан достарына: «Өздеріңе келіңдер! Сендер саңырау және осы жерде болмаған біреуге жалбарынып жатқан жоқсыңдар! Керісіне барлық нәрсені естуші, көруші және өте жақын болған Аллаға жалбарынып жатырсыңдар!» деп қатаң ескертеді.
Барлық нәрсені жоқтан бар етуші Алла патшалық иесі. «Аспан мен жерде не бар болса барлығы Алланыңкі!» (Ниса 131). «Патшалықты қалағанына береді, қалағанынан қайтарып алады. Қалағанының дәрежесін өсіреді, Қалағанын абыройсызетеді. Барлық жақсылық оның жанында!» (Ал Имран 26). «Ешбір нәрсе оның патшалығын арттыра алмайтыны сияқты, ешқандай да азайта алмайды» (Тирмизи). Алла Тағаланың патшалығының шектеулі еместігін көрсеткісі келген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жомарттығын айтып: «Алланың аспан мен жерді жаратқан күнінен бері беріп жатқан нығметтерін көрмейсіңба? Еш күмәнсыз осыншама жұмсау, оның иелігіндегі нығметтердің ешбірін кемсітпеді да» деп бұйырады.
Ол Алла сондай әділ! Әділдікпен үкім береді. Құлдарына қарсы еш зұлымдық істемейді. Сол себепті жамандық істегендердің ісіне сай ғана жазасын береді. Бірақ құлдар өз өзімізге зұлымдық қыламыз. Оның әділдік таразысы әр уақытта құлдарының пайдасына қарай ғана ауыр басады. Сол себепті Қасас сүресінің 84 аятында: «Кім бір жақсылық жасаса, оған жасаған жақсылыған есе-есе жақсылық (сауап) бар. Ал кім бір жамандық қылса (күнә істесе), ол жамандық істегендер тек істеген жамандықтары үшін ғана жазаға тартылады», деп бұйырады.
Алла Тағала бізді өзінің ықыласты және сүйікті құлдарының қатарынан етсін!
Алмұханбет Егізбаев, Қордай ауданының бас имамы