Міне, 2023 жыл да соңына таяды. Жалпы ауданымыз үшін табиғи сипаттағы қиындықтары мол болған, алайда жемісі мен жеңісі де аз емес қоян жылы да тарих қойнауына кетіп барады. Жылдың соңы әдетте өткен шақты қорытындылау, баға беру, сол қорытындыдан шешім шығаруымен дәстүрлі. Қордай ауданы үшін бұл жыл несімен есте қалды, қандай жетістіктерге қол жеткізді, әлеуметік-экономикалық тұрғыдағы тұғырымыз қандай? Осы және өзге де сұрақтарды аудан басшысы Болатбеков Бегзат Сейсенқұлұлына қойған едік.
-Бегзат Сейсенқұлұлы, өткен жыл оңай болды деп айта алмаймыз. Бірақ, ұтымды әрі тиімді жұмыстар нәтижесінде бірқатар оңды тірліктер орын алғанын білеміз. Оның үстіне желтоқсан айында сіздің аудан әкімі қызметіне келгеніңізге бір жыл толып отыр. Бір жылда түйгеніңіз, қолға алып, жалауын желбіреткен жұмыстар және өзге де өзекті мәселелер турасында айтып өтсеңіз…
– Иә, рас. Біз өте күрделі жылды артқа тастадық. Бірақ, бұл бізге жаңа күш, жаңаша қуат берері анық. Біз бұл жылдан шынығып шықтық. Күрделі болса да көптеген жұмыстар атқарылды. Оны тұрғындар көзбен көрді, көңілге түйді. Іргелі ауданның тынымды тірлігі де талайға үлгі. Алайда, әлі де болса алда қолға алар жұмыстар жетерлік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауы алдағы атқаратын жұмыстарымыздың бағытын айқындап, бағдарымызды көрсетіп берді. Айтар сөздің әлқиссасын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асырудан бастасам. Аудандық сервистік әкімдік алаңында апта сайын аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектеріне құлақ асу біздің тұрақты жұмысымызға айналды. Осы жылда қабылдауға 400-ден астам азамат келді. Осы арқылы біз жүздеген тұрғынның жеке мәселесін шешуге мүмкіндік алып, мамандар тарапынан құқықтық көмек те көрсетілді.
-Инвестиция — игілік көзі, — деп бекерге айтылмаған. Ауданға құйылған қаржы, бюджет бүйірін толтырып, ауыл-аймақтың дамуына серпін берері анық. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…
– Әрине, бұл экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз. Жалпы еліміздің, аймағымыздың экономикалық көрсеткіштеріне ауданымыздың да қосып отырған үлесі қомақты екенін айтқым келеді. Мәселен, Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталсам, бүгінгі таңда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 18,9 миллиард теңгенің өнімдері өндірілсе, ауыл шаруашылығындағы көрсеткішіміз 74,3 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған, сол атап өткен игілік көзі саналатын инвестиция көлемі 64 миллиард теңге болды. Осы орайда бірнеше жыл қатарынан ауданымызда қарқын алған құрылыс бойынша жұмыстар көлемі 33,2 миллиард теңге көлемінде болса, соның нәтижесінде 65,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына болжаммен бөлшек сауда айналымының өзі 38 миллиард теңгені көрсетіп отыр. Осыларды ескере келе 2023 жыл экономикалық тұрғыда жаман болған жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Мысалы, биыл жалпы құны 32,5 миллиард теңгені құрайтын ондаған инвестициялық жоба іске асты. Ол бойынша 456 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жобалардың қатарында сүт-тауарлы фермасын, құс фабрикасын, макарон цехын, көкөніс қоймасын, этно-туризм орталығын салу және тағы басқалар бар. Олардың бірқатары іске асты. Қазіргі таңда аумақта «KORCEM» ЖШС цемент зауытының құрылысы жүзеге асуда. Ірі жобалардың қатарында «Eco – Chicken» модульдік құс фабрикасы жылына 540 тонна құс етін өңдеуге қауқарлы, ал «TARAZ EKO FISH» ЖШС форель балығын өсіріп, жылына 67 тонна өнім бере алатын мүмкіндікке ие. Осының барлығы аудан экономикасын алға сүйреп, ел игілігі жолындағы жұмысымызды жандандыра түспек.
-Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында: «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет», — деген болатын. Жазда аудан аумағында құрғақшылыққа байланысты орын алған табиғи сипаттағы төтенше жағдай барысында біздің аймаққа төтесінен айтылған сөздер сияқты. Диқандар шаруасын шатқаяқтатып жібере жаздаған су тапшылығы жағдайынан шығар жолды да қарастырған боларсыздар…
-Бұл мәселе қазіргі таңда Қордай ауданында өте көкейтесті мәселе болып отырғаны баршамызға мәлім. Биыл суармалы су тапшылығынан шаруалар шығынға батты. Келер жылы осының алдын алу үшін жүйелі жұмыстарды қолға алмақпыз. Мәселен, Қордай ауданында «ҚАЗСУШАР» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалына қарасты «ЖМК-43» құрылыс-жөндеу бөлімшесі жұмыс істейді. Негізгі жұмысы Қырғызстан Республикасы аумағындағы «Орто Токой» су қоймасынан бастап «Қара балтаға» дейінгі каналдарға техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізетін мекеме өңірімізге суармалы судың дұрыс келуіне үлкен себепкер болып отыр. Мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында келер жылы жағдайдың алын алу, шаруаларға барынша жағдай жасау, бірлесе жұмыс атқару бойынша ұсыныс жасап, кешенді жоспарлар құратын болдық. Сондай-ақ, қазірден бастап аудан әкімдігі, су шаруашылығы мен шаруа қожалық өкілдері болып келер жылы суды көп талап етпейтін дақылдарды отырғызу бойынша да жоспар құрып, оны бірнеше мәрте талқылап та жатырмыз. Бұл турасында диқаншы қауыммен болған бірнеше кездесуімізде айтқан да болатынмын. Осы орайда ауданымызда Ырғайты өзеніндегі Ырғайты су қоймасы (15,2 млн.м³), Қалғұты өзеніндегі Қалғұты су қоймасы (15,0 млн.м³) және Қарақоңыз су қоймалары кеңейтіліп, жөндеуден өтетін болады. Бұл жобалар іске асқан жағдайда көршілес Қырғыз Республикасынан вегетациялық кезеңде суармалы су бойынша тәуелділікті бірнеше есеге дейін азайтуға мүмкіндік аламыз. Бұл аграрлы аудан ретінде ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына мүмкіндік беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етері анық. Өздеріңізге мәлім, жаз айында шығынға ұшыраған шаруаларға Президент тапсырмасына сәйкес қомақты қаржы бөлініп, шығын төленіп те берілген болатын.
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», — деген болатын. Білуімізше, Президенттің осы тапсырмасы ауданымызда табысті іске асып жатыр. Сол турасында тарқатып берсеңіз.
– «Тауы да алтын Қордайдың, тасы да алтын», — деп Кенен атамыз жырға қосқандай, расында да ауданымыздың қойнауы құтқа толы. «Жасыл экономика», баламалы энергия бойынша Қордай ауданы шын мәнінде жалпы еліміз бойынша осы саланың қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қордай асуындағы «Изен-Су» ЖШС іске қосылғанда оның жылдық қуаттылығы бар болғаны 1,5 мегаватты құраған, жыл сайын ол арта түсуде. Жобалық құны – 329,6 миллион теңге. Оның құрылысына бөлінген жер телімі 35 гектар аумақты алып жатыр. Асудағы тағы бір жел электр станциясының үлескері – «VISTAINTERNATIONAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 66,9 гектарда орналасқан жел электр станциясында 21 мегаватт электр қуаты өндіріледі. Онда Германиядан жеткізілген қондырғылар орнатылған. Серіктестік үш-төрт жылда құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасын іске қосты. Оның өндіріс қуаты жыл санап артып келеді. Үшінші еншілес компания «ВетроИнвест» ЖШС 30,65 мегаватты құрайтын жел станциясы бар. Оның жобалық құны 12 миллиард 753 миллион теңгені құрайды. Станция 258,67 гектар аумақты алып жатыр. Онда 50 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған болатын. Сондай-ақ, «Отар» күн электрстанциясы, жобаның қуаттылығы – 0,5 мегаватт. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр станциясының жылдық қуаттылығы 504 киловатт. Бүгінгі таңда «Отар» күн электр станциясының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватқа жеткен.
-Керемет. Іс табысты болсын. Ары қарай жалғастырсақ. Білім мен мәдениетке, тұрғындарды баспанамен қамту және спорт саласына тоқталсақ. Білуімізше бүгінде аталмыш саланың жұмысын жандандыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Сол жұмыстар барысын айтып өтсеңіз…
– «Жайлы мектеп» жобасы ауданымызда табысты іске асып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Жоба аясында Қаракемер, Қарасу ауылдарындағы 300 орындық мектеп және 1 жоба — Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектеп құрылыстары жүруде. Одан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы Қордай ауылында 900 орындық мектептің құрылысын салу жоспарда бар.Тағы айта кетерлігі, денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда жалпы сметалық құны 43,9 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба құрылыс басқармасы арқылы жүзеге асырылуда. Президент Жолдауында миллионға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болғанын атап өтті. Мұнда Қордай ауданы да қалыс қалған жоқ. Аудан азаматтарын тұрғын үймен қамту мәселесіне тоқталатын болсам, тұрғын үй кезегінде екі мыңнан астам азамат тұр. Қазіргі таңда аудан бойынша 60 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 576 млн. теңге қаражат бөлінді. Осы жоспарды орындау мақсатында арнайы 4 пәтерлі 1 қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы әзірленді. Әр пәтердің көлемі 58 шаршы метрді құрайды. Осы жоба аясында мердігер анықталып, бүгінгі күнге Қордай ауылында 60 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Одан бөлек, «Асар» жобасы аясында 2023 жылға 16 аз қамтылған отбасыны жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған болатын, аталмыш жоба табысты жүзеге асты.
Ал, Республика күні қарсаңында Қордай ауылы «Батыс» ықшам ауданындағы 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлер ел игілігіне берілді. Осындай үйлердің кілті «Цемзауыт» ықшам ауданында да кезегі келген азаматтарға табыс етілді. Ауқатты, Қарасу ауылдарында спорттық сауықтыру кешені, Қарасуда ауылдық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ал, Сұлутөр, Беріктас, Аңырақай ауылдарында ауылдық медициналық пунк іске қосылды. Құрылыс болған соң айта кету керек, биыл аудан орталығында жаңа «Халыққа қызмет көрсету орталығы» пайдалануға беріліп, жаңа үш жеке меншік мектеп ашылды. Ал, күні кеше Қордайда жаңа мемлекеттік архив ғимараты салтанатты түрде қолданысқа берілді.
-Биыл ауданымызда үш бірдей округте «Ауыл аманаты жобасы іске асты. Тұрғындар тұрмысын арттыруға арналған бағдарлама турасында оқырманмен бөліссеңіз…
– «Ауыл аманаты» жобасы Қордайда табысты іске асуда. 2023 жылы 3 ауылдық округ қатысып, 1,9 млрд. теңгеге 354 ауыл тұрғындарын 2,5%-бен несиелендірілу жоспарланған. «Ауыл Аманаты» жобасына 3 ауылдық округ қатысып отыр (Кенен, Қарасу, Қаракемер).
Бүгінгі таңда Кенен ауылдық округінде мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 342,7 млн. теңгеге 96 өтінім тапсырылып, 73 адам 340.9 млн. теңгеге келісім шартқа отырып несиелерін алды және 73 азаматтың алған малдары толық тіркелді. Егін шаруашылығы бағытын дамыту үшін жалпы 9,2 млн. теңгеге жұмыстар атқарылды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 53,8 млн. теңгеге 9 дана әртүрлі техника сатып алынды. Өз кәсібін ашу үшін 45,1 млн. теңгеге 6 жоба қаржыландырылды.
Қарасу ауылдық округінде жобаға қатысқан 50 адамның есеп шоттарына 313,048 млн теңге несие түсіп, оның 44 адам 286 млн теңгеге жалпы 1382 бас мал сатып алынды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыздандыру үшін 76,0 млн. теңгеге 6 бірлік әр түрлі техника сатып алу жоспарланып отыр. Өз кәсібін ашу үшін 20,3 млн. теңгеге 3 жоба қаржыландырылады. Қаракемер ауылдық округінде жобаға қатысқан 137 ауыл тұрғындарының есеп шоттарына 720,0 млн теңге несие түсіп, 4400 бас мал сатып алынды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыздандыру үшін 102.7 млн. теңгеге 10 дана әртүрлі техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 19,0 млн тенгеден 38,0 млн теңгеге 2 дана YTO -NLX 1304 тракторы алынды. Өз кәсібін ашу үшін 26,5 млн. теңгеге 4 жоба қаржыландырылады.
— Осы орайда жұмыспен қамту жайына тоқталсақ…
-Жоспарлы жұмыс дамудың даңғыл жолына тікелей бастайды. Ол үшін қолға алынған жүйелі жұмыстар, ауқымды жобалар қажет. Қазіргі таңда Қордай ауданының даму жоспарының 2023 жылға жоспарланған жобалары бойынша 19 ауылдық округте 2023 жылы 16 млрд. теңгені құрайтын 93 жоба іске асты. Оның нәтижесінде 343 тұрақты және 67 уақытша жұмыс орнын құру көзделген. Яғни, қордайлықтарды жұмыспен қамтуда кешенді істер атқарылуда, алда сол бағытта жұмыстар жалғасатын да болады.
Оларға жекелей тоқталсам: агроөнеркәсіп кешені саласында есепті кезеңге 2,3 млрд. теңгені құрайтын 32 жоба іске қосылып, 50 жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп саласында 1,1 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба іске қосылып, 77 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 11,1 млрд. теңгеге 22 жобаны іске асыру жоспарлануда, соның нәтижесінде 175 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Оның 67 уақытша, 106 тұрақты болмақ. Қазір 2 жобаның құрылысы аяқталып, 23 тұрақты жұмыс орындары ашылды. Бұл жобалар әсіресе ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға сеп болып жатқанын ерекше атап өткім келеді.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында шағын және орта бизнес кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 582 бірлікті құрап отыр. Сондай-ақ, кәсіпорындарда жұмыспен қамтылған адам саны 15 081 адамды болды. Бүгінгі күнге ауданда түрлі бағдарламалар арқылы жалпы 6,7 млрд. теңгеге несие беріліп, 34 жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы соммасы 1332,7 млн. теңгені құрайтын 45 жоба қолдау тапты. Яғни, өз жеке ісімді бастаймын деген қордайлықтарға үлкен қолдау жасалды. Ал, жалпы
Қордай ауданы бойынша экономикалық белсенді 73 923 халықтың 70 588-і жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейі – 4,5% (3 335 адам) болып отыр.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру мақсатында 2023 жылы 99 азаматқа 136 620 млн теңге қаражат қаралып, бүгінде 49 азаматқа 67 млн 620 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Ауданымызда кәсіпкерлікті дамыту саласы бойынша мемлекеттік және жеке меншік сектордың қолдау аясында 3796 жұмыс орындары құрылып, кәсіпкерлердің саны 312 бірлікке артты, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны 67 отбасыға (507 отбасыдан 440 отбасыға) төмендеді.
Сөзімді қорытындыласам, жалпы аудан бойынша жыл басынан бері ауқымды жобалар қолға алынып, олардан нақты нәтижелер берілді. Алдағы жылға да жасап отырған бірқатар жоспарларымыз бар. Ол турасында халықпен кездесу барысында айтатын боламын. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан көп жақсылық күтеміз. Барша қордайлықтарды жаңа 2024 жылмен құттықтаймын! Әрдайым амандықта жолығайық.
Сұхбатыңызға рахмет!