Осы аптада ауданға келген «Бейбітшілік пен келісім» жобасы үрдіске сай өз жұмысын жалғастыруда. Аталмыш жоба аясында құрылған этнос және конфессияаралық келісім, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту, құқық қорғау саласы топтары елді мекендерді аралап, халықпен кездесу өткізіп,тұрғындардың тұрмысын әл-ауқатын зерделеп, проблемалық мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда.
Арнайы жоба аясында құрылған 3 бағыт бойынша жұмысшы топ өкілдері ауданның өзге ұлт этнос өкілдері және қандастар тығыз орналасқан елді мекендерді көптеп қамти отырып 152 іс-шара ұйымдастырмақ. Бұл күні «этнос және конфессияаралық келісім» Сортөбе, Масаншы, Ауқатты және Қарасу ауылдарында болды. Әдеттегідей бірінші кезекте ауыл тұрғындарының қатысуымен жиналыстар өтіп, кейіннен қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Жиын барысында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының өкілі М.Атен өздерінің жұмыс сапары мақсатын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, мұндағы топтың басты жұмысы Президенттің тапсырмасына сәйкес жетілдірілген жаңа қазақ әліпбиімен таныстыру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, қазақ тілін қарапайым деңгейде үйренуге арналған «QazOnline» мобильдік қосымшасын қолдануды насихаттау жұмыстары қолға алынған. Жоба аясында жастар жайы да ұмыт қалған жоқ. Бұл күнгі топ мүшелері Қаракемер ауылында болып, ондағы жастармен кездесу өткізді. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып, керісінше кәсіпкерлікке қызығушылықты арттырып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды насихаттап, осы қолдауларды жастардың сезінуіне атсалысуда. Осы күні Масаншы ауылында өңірдің конфессияаралық жағдайы бойынша проблемалық мәселелерді анықтау, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында жергілікті тұрғындармен жиын өтті. Оған Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ершат Оңғаров және Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қатысып, аталған мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап берді. Бұл тақырыптағы жиындар Сортөбе, Қордай, Қарасу ауылдарында да жалғасын тапты. Сонымен қатар, аудан тұрғындарымен кездесу, олардың проблемалық сұрақтарын зерделеу және тұрғындарды жеке қабылдау жүргізу мақсатында да біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, тұрғындар арасында кәсіп ашу, грант және несие алу бойынша мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру жұмыстарына қызыққан жандар көп болды. Ол бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков кеңінен тоқталып өтті. Ол өз сөзінде әлеуметтік мәселелердің ең өзектісі – жұмыссыздық мәселесін, сонымен қатар зейнетақы, бірыңғай жиынтық төлем, қысқа мерзімді кәсіптік білім мәселелеріне қатысты ақпаратты тарқата айтты. Қоғамдық қабылдау барысында ауыл тұрғындары әр түрлі проблемаларын алға тартып, мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінді. Сондай-ақ, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобының мүшелері бірнеше үйді аралап, көмекке мұқтаж азаматтардың проблемаларын түртіп алып, шешу жолдарын қарастырды.
Осылайша ауданда үш күн болған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аудан тұрғындарының мәселесіне мән беріп, түйіткілді шаруаларының түйінін табуға, көкейіндегі сұрақтың жауабын беруде ауқымды жұмыстар атқарды. Жоба жұмысының шапағатын сезінушілер алғыстарын айтса, ақсақалдар алқасы оң баға беруде. Мәселен, өткен жылы аталмыш жоба ауданға алғаш келгенде Қордай ауылының тұрғыны Марсиана Кучербаева жұмыс сұрап қайырылған болатын. Жоба мүшелері оған кәсіпкерлік жұмыспен айналысуға дәріс беріп, қайтарымсыз грант алуға жол сілтейді. Міне, соның арқасында Марсиана кәсіптік курсты оқып, қайтарымсыз грант алып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетуде.
— Өткен жылы ауданымызда өткізілген «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Жұмыспен қамту мекемесінің мамандары әр үйге кіріп, қайтарымсыз несие туралы түсіндірме берді. Мамандар мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз несие алып, өз ісімді бастауға болатынын, айтты. Көп ойланбастан, өзімнің бұрыннан ойлап жүрген өз үйімнен шаштараз ашу ісін қолға алуды бастап кеттім. Тек қажетті құралдарды алсам болды деп ойланып, үй-ішіммен ақылдасып, «Жұмыспен қамту және жаппай қәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен» 550 мың теңге қайтарымсыз грант алып, ісімді бастадым. Қазіргі кезде шүкіршілік етемін, өз отбасымның күн көрісіне жарап отыр, — дейді М.Кучербаева бұл жобаның ауыл тұрғындары үшін пайдасы мол әрі көптеген мәселелердің шешілуіне ықпалы тиетінін алға тартып. Айта кетерлігі жоба аясында қамтылған іс-шараның барлығы карантиндік шараларды қолданып, арақашықтықты сақтай отырып жүзеге асырылды.