Елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтіледі. Бұл – жалғызбасты қарияларға, мүгедек балалар мен басқа да көмекке мұқтаж жандарға көмектесетін қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Әлеуметтік салада өз ісін абыроймен алып жүрген, жұмысына шын ықыласпен кірісетін жандар еңбек етеді. Әлеуметтік қызметкер болу адамның мінезі мен ішкі болмысына байланысты екенін айтады мамандар.
Осындай қызметкердің бірі – Чынархан Сопуева «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну Орталығы» КММ-сінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы. Оның бұл салада қызмет еткеніне жеті жылдан асқан. Тілшілермен сұхбаттасу барысында ол тек қарттар ғана емес, мүгедектермен де жұмыс істеудің маңызды екенін айтып берді.
— Сіз осы салада қанша жыл жұмыс істеп келесіз?
— Бұл салада қызмет еткеніме 7 жылдай уақыт болды. Бұрын 2003 жылы «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-сінде мүгедектер бөлімінде жұмыс істегенмін. Ол жақтан бала күтіміне байланысты демалысқа кетіп, 2017 жылы осы орталыққа келіп жұмысымды жалғастырып келемін.
— Жалпы әлеуметтік қызмет дегеніміз не?
— Әлеуметтік қызмет – бұл әлеуметтік өлшем жүйесі, сонымен бірге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдасқан құрылымдардың халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және олардың өмірлеріндегі қиын жағдайларына көмек көрсету, азаматтардың ауыр жағдайды жеңіп өздерін жігерлендіруіне ұмтылдыру.
— Әлеуметтік қызметкердің көмегіне кімдер жүгіне алады?
— Елімізде әлеуметтік қызметкерлер 5 санаттағы азаматтарға жәрдемдеседі. Атап айтсақ, психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, тірек қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқан мүгедектерге, жалғызбасты қарттарға және бірінші, екінші топтағы мүгедектер әлеуметтік қызметкерлердің көмегін пайдалана алады.
— Орталықта қанша жалғызбасты қарт бар және олармен жұмыс істеудің қиындықтары бар ма?
— Орталықта 15 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, оның, барлығы жалғызбасты қарттар. Оларға білікті де білімді, тәжірбиелі мамандар стандарттың 7 бағыты бойынша (әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік – құқықтық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік экономикалық) аянбай қызмет етуде. Егде жастағы адамдармен жұмыс жасау оңай емес, ол көп уақыт пен жанкештілікті қажет етеді.
Чынархан Сопуеваның айтуынша, әлеуметтік қызметкер болу үшін адам күйзеліске төзімді, жан-жақты, мейірімді әрі клиентпен жұмыс жасай білу керек. Маман әлеуметтік қызметкер атанғаннан кейінгі ең алғаш жұмыс істеп жүрген кездерін еске алды. Сөзінше, ол қазір бұл жолда таңдағанына өкінбейді керісінше, әлеуметтік қызметкер болып жүріп көп тәжірибе жинағанын, жалғыздықтан жапа шегіп келген қарттардың көзіне кішкентай үміт сәулесін көрудің өзі бақыт екенін айтты.
— Осы сәтті пайдаланып әріптестерімді әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, әулеттеріңізге амандық, ырыс-несібе жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Қоғамның әлсіз өкілдеріне қолдан келгенше көмектеріңізді, жүрек жылуын ұсынып отырған сіздердей жандарға шынайы алғысымызды білдіргім келеді, — дейді Чынархан Сопуева.