Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Қордай ауданы әкімдігінде азаматтарды қабылдау жиыны өтті.
Мұндай тәсіл қоғаммен жедел диалог орнатуға және қоянқолтық жұмыс істеуге зор үлес қосып келеді.
Осыған орай, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов жергілікті тұрғындармен кезекті жеке қабылдау шарасын өткізді. Бұл кездесуге 17 тұрғын қатысып, өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары азаматтардың өзекті мәселелерін тыңдап, оларды шешуге бағытталған нақты шараларды ұсынды.
Кездесу барысындағы негізгі тақырыптардың бірі – тұрғын үйге қол жеткізу мәселесі болды. Өз сөзінде, Бақыт Оңласынұлы тұрғындарға елімізде тұрғын үйді бөлудің жаңа бірыңғай жүйесі іске қосылғанын хабарлады. Бұл жүйе енді тұрғын үй кезегін жергілікті әкімдіктер емес, «Отбасы банкі» АҚ арқылы жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тұрғын үй алу кезегі толықтай онлайн бақылауға алынады.
Жаңа электрондық жүйе тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың өтініштерін онлайн қабылдап, автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл жүйеге тек әлеуметтік осал топтардың ғана емес, сонымен қатар соңғы бес жылда өз атына тұрғын үй тіркелмеген барлық азаматтар да өтініш бере алады.
Кездесу барысында тағы да бірнеше маңызды мәселелер талқыланды. Тұрғындар тарапынан әлеуметтік қолдау шараларын алу, тұрақты жұмысқа орналасу, қаржылай көмек алу сияқты мәселелер де көтерілді. Әкімнің орынбасары, азаматтарға өз құқықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, оларға қажетті кеңестерді ұсынды.
«Қабылдауға келіп ұсыныс-пікірін, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Көтерілген мәселелерге қатысты жауапты сала мамандары әрбірінің себеп-салдарын жіті зерттеп, шешімін заң талаптарын негізге алып қарастырады», — деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, Бақыт Оңласынұлы азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын назарға алып, оларды Заңнамалық деңгейде шешуге күш салатындығын айтты. Ол тұрғындарға мәселелердің шешілу жолында әкімдік әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Мұндай шаралар – тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланыс пен сенімді нығайтуға, сондай-ақ жергілікті биліктің азаматтардың қоғамдық-саяси өміріне қатысуын одан әрі арттыруға бағытталған.
Әділет САТЫШЕВ