26 қыркүйекте аудандық мәслихатта тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтіп, онда жоспарлы мәселелер қаралды. «Аудандық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуы туралы» баяндамамен аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева сөз сөйледі.
Бағдарлама аясында 33 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде жаңа нысандардың құрылысы бар, мәселен Қарасу, Бетқайнар, Қақпатас, Қарасай ауылдарында мәдениет үйлерінің, Қарасай, Қарасу, Ауқатты ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Сортөбе ауылдық ауруханасының аумағында бір ауысымда 200 келушіге арналған емхана, Масанчи ауылдық ауруханасына қосымша ғимарат, Беріктас ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт құрылыстары мен жөндеу жұмыстары, №2 М.Ломоносов атындағы орта мектепті күрделі жөндеу, Қордай, Жамбыл, Бетқайнар, Қақпатас, Қасық ауылдық округтерінде жолдарды орташа жөндеу. Сондай-ақ, Гвардейскідегі «ОтарФарм» постансасының құрылысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым төсеу бар. Депутаттар жобалар бойынша қомақты қаражаттар бөлініп отырғандықтан жұмыс сапасына назар аудару қажеттігін атап өтті.
Бұдан кейін «Кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы мен құқық бұзушылықтарының алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» мәселе қаралып, ол бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Дархан Рысдәулетов пен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Алина Почуева мәлімдеді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстың нәтижесінде жасөспірімдер тарапынан жасалған құқықбұзушылықтар саны азайған, алайда, әлі де болса кәмелет жасына толмаған балалардың түнгі уақытта ересектерсіз қоғамдық орындарда жүруі, сабаққа бармай, жұмыс істеуге әрекеттенген, ерте тұрмыс құрған фактілері орын алуда. Депутаттар кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы мен құқық бұзушылықтарының алдын алу, оларды кемсітудің барлық түрлерінен, сондай-ақ қоғамға жат әрекеттерге тартудан қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ ата-аналар, ұстаздар, ақсақалдар, жастар орталығы, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторлардың күш-жігерін біріктіріп, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттау қажет.
«Қордай ауылдық округінде көріктендіру, қоқысты жинау және шығару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» мәселе өткір болып тұр, өйткені жасалып жатқан жұмыстарға қарамастан, қоқыс уақтылы шығарылмайды, соның салдарынан төтенше қоқыс үйінділері пайда болуда. Отырғызылған ағаштар суғарылмайды, сол себепті құрғап кетуде, орталық көшеде жауын-шашын ағып кететін лотоктар уақтылы тазаланбайды, айналасындағы жабайы өскен шөп шабылмайды, кейбір сауда нысандарының сыртқы көрнекіліктері жаңартылмай, түсі кетіп, арасында жыртылғандары көзге оғаш көрінеді, арықтар мен лотоктардың кей жерлерде болмауы себепті жауын-шашыннан кейінгі шалшық су тротуарлар мен жолды басып қалуда. Депутаттар ауылдық округ әкімі Әділет Қаспақбаевтан аудан орталығында тәртіп орнатуды талап етті. Отырысқа қатысқан қоқыс шығарумен айналысатын «Жасыл Қордай» ЖШС басшысы Сұлтан Шора қоқыс шығару тарифі бекітілген соң жұмыс жандана түсетінін айтты. Қазіргі уақытта тариф көлемі уәкілетті органдармен келісілуде және алдағы уақытта мәслихат қарауына ұсынылады.
Мүлікті жария ету рәсімінен өткен жер телімдерін құжаттандыруда орын алып отырған мәселелер жөнінде аудан тұрғындары депутаттарға бірнеше мәрте жүгінгендіктен, бұл мәселе комиссия отырысының қарауына енгізілді. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалы тіркеу және жер кадастры бойынша аудандық бөлімнің бас маман-жерге орналастырушысы Алмат Бекен 2006-2007 жылдары жүргізілген мүлікті жария ету жүргізілгеннен кейін құжаттарды рәсімдеуде қиындықтар болғанын айтып өтті, бірақ қазіргі уақытта мәселенің көкейтестілігі жойылды. Соған қарамастан, депутаттар оған мәселені бақылауға алып, қиын жағдай туындағанда азаматтарға көмек көрсетуді ұсынды.
«Аудан елді мекендерін газдандырудағы проблемалық мәселелер туралы» өзі де аудандық мәслихаттың депутаты болып табылатын Қордай газ шаруашылығының директоры Шыңғыс Әшім ақпарат берді. Оңды жұмыс жүріп жатқанын айтып өтті, атап айтқанда, ауданның 41 елді мекеннің 31-і газға қосылған, 19771 тұрғынның үйіне табиғи газ кіргізілді. Сонымен қатар 17 өндірістік кәсіпорын мен 673 коммуналдық-тұрмыстық нысан газдандырылған, Қордай ауданының 6 ауылында жерасты жоғары қысымды газ құбырын төсеу жұмыстары жалғастырылуда, одан бөлек бірлескен іс-әрекет нәтижесінде шешімін тауып жатқан проблемаларға да тоқталды. Депутаттар әріптесіне ауданның барлық ауылдарына газ жеткізу, газбен қамтамасыз ету жұмыстарын уақтылы және белгіленген мерзімде жүзеге асыруды бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Барлық қарастырылған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.