Жаңа жыл қарсаңында №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 1 «А» сынып оқушылары ең алғаш қолға ұстаған сүйікті оқулықтары – «Әліппемен» қоштасты. Осыған орай, білім ордасында «Әліппе әлемі – әріптермен әдемі» атты мерекелік кеш өтті.
Іс-шара барысында балалар ата-аналары мен ұстаздарына осы уақытқа дейін үйреніп-білгендерін паш етті. Әліппеге арнап тақпақтарын айтып, «Рахмет саған, әліппе!» атты әндерін шырқады. Әр әріптің мәніне үңіліп, қазақтың жеті қазынасы, Қазақстанның жеті кереметі, жасампаз Қазақстаннның жеті белгісі, білімге жетелейтін жеті пән туралы өлеңдерін айтты.
Мерекелік кеште сөз алған сынып жетекшілері Сайра Нұрғалиева кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің аз уақыттың ішінде көп нәрсе үйренгендерін жеткізіп, білім әлеміне басқан кезекті қадамдары құтты болсын деген лебізін білдірді. Ұл-қыздарының мектептегі алғашқы жетістіктерінің куәсі болған ата-аналар да ұстаздар мен мектеп ұжымына ризашылықтарын жеткізіп, «Оқуға құштар мектеп» акциясы аясында сыныптағы кітап бұрышына түрлі кітаптар тарту етті.
Кеш бойы оқушылардың өнерін тамашалаған «Әліппе» шара соңында балалармен қимай қоштасып, ортаға «Ана тілін» шақырды. Өйткені, бірінші сынып оқушылары ендігәрі «Ана тілі» оқулығын қолдарына алмақ. Балалардың білім баспалдағына өрлеген сапарлары сәтті болғай.
«Әліппе әлемі – әріптермен әдемі»
Prev Post