Сарыбұлақ ауылының халқы үшін ауыз су мәселесі өзекті сұрақтардың қатарында еді. Аудан әкімімен өткен кездесулерде тұрғындар жиі қозғайтын, шешімін күткен басты мәселе де осы – таза ауыз су болатын. Енді, міне, биылғы жаз сарыбұлақтықтар үшін есте қаларлықтай болмақ. Ел тілегін елеусіз қалдырмаған жергілікті билік нақты іске көшіп, көптен күткен су құбыры жүйесін толық аяқтап, пайдалануға берді.
Сәрсенбі күні Сарыбұлақ ауылында су құбыры жүйесінің салтанатты түрде қолданысқа берілу рәсімі өтті. Бұл қуанышты сәтте аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов арнайы қатысып, ауыл халқын шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл жобаның жүзеге асуы тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың денсаулығын жақсартуға, тұрмыс сапасын арттыруға жол ашатынын, бұл игілікті істің мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық екенін атап өтті.
Аталған құрылыс жұмыстарының мердігері – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның жалпы құны – 692,8 миллион теңге. Жалпы ұзындығы 21,790 шақырымды құрайтын су құбыры желісі тартылып, су алу мұнарасы орнатылды. Сонымен қатар, электр желілері тартылып, аумақ абаттандырылды. 892 дана құдық, 2 дана су қоймасы орнатылып, тереңдігі 70 метрлік 2 ұңғыма қазылды.
Айта кетейік, құрылыс барысын техникалық жағынан бақылаған – «Qazaqstan Expert» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы ретінде «КазГрандСервис» ЖШС жұмыс атқарды.
Осы тұста ауылдың ардақты ақсақалы, көпті көрген қариялар жүрекжарды ризашылығын білдіріп:
–Міне, Құдайға шүкір, үйімізге дейін су келіп тұр. Бұл – үлкен жақсылық. Елге жағдай жасап отырған азаматтарға, мемлекетке алғысымыз шексіз. Су келсе, тірлік келеді дейді ғой, ауылымыздың ажары ашыла берсін, – деп ақ батасын берді.
Бұл – тек бастамасы. Алдағы уақытта осындай игі істер жалғасын тауып, ауыл тұрмысы одан әрі жақсарады деген сенім мол.