ӘР ӨТІНІШ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

0

Жуырда Қордай ауданына жұмыс сапарымен Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Құрымбаев келді. Сапары барысында ауданда қылмыстың алдын алу жұмыстарымен танысқан ол «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындармен кездесті.

Айта кетсек, аудандық партия филиалының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өтетіндігі турасында тұрғындарға алдын ала хабарланған болатын. Әрине, мұндай қоғамдық қабылдаулардың тұрғындардың тұралаған мәселелерін шешуге септігін тигізіп, өтініш-тілектердің ескерусіз қалмайтындығы қуантарлық жәйт. Ендеше, игі дәстүрге сай полиция департаменті басшысының орынбасары өткізген кезекті қоғамдық қабылдауға алдын ала жазылып, өтініштерін алға тартқан азаматтар аз болмады. Р.Құрымбаевпен бірге қабылдауға «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Сүгірбай, аудандық полиция бөлімінің бастығы М.Ережепов қатысты.

Қабылдау оңтайлы жаңалықтан басталғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Күләш Жайлалова Бетқайнар ауылынан арнайы келіпті. Ол жақында Қазақстан Республикасының азаматтығына ие болып, бұл істің оң шешімін табуына көші-қон полициясы қызметкерлерінің көмегі көп тигенін айтады. Қысқасы, құжат жинауға кеткен уақытты ескермегенде Күләш Жайлалова азаматтығын кешіктірмей алған сыңайлы. Осы ретте қызметкерлердің адал еңбегін атап өткен ол алғысын әуелі облыс басшылығына білдірді.

«Азаматтық алу мен ойлағаннан жеңіл болды. Әрине, маған заң қызметкерлері көмек қолын созып, жол сілтеді. Мен оларға алғыс айтқым келеді», — деп ізгі тілегін жеткізді ол.

Осыдан кейін қабылдауға алдын ала жазылған Әлжан ана ауылының тұрғыны Аида Есжиған полиция қызметкері болуды армандайды екен. Бүгінде ол аудандық полиция бөлімінде қоғамдық негізде жұмыс атқарады. Бүгінде «заңгер» мамандығы бойынша білім алуда. Бұл мәселеге Руслан Қуандықұлы кеңінен тоқталып, егжей-тегжей түсіндіріп өтті. Қабылдау соңында Руслан Құрымбаев ауданда құқық қорғау саласына қатысты проблемалық мәселелердің аздығын жұмыстың жақсы нәтижесіне балады. Аудандық полиция бөлімінің жұмысына оң баға беретінін жеткізген ол тәртіп сақшыларының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.