ӘР МӘСЕЛЕ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың кезекті қоғамдық қабылдауы 19 ақпан күні «AMANAT» партиясы аудандық филиалында өтті. Бұл жолғы қабылдауға он азамат жазылып, әрқайсысы көкейінде жүрген жеке мәселесі бойынша сұрағын қою мүмкіндігіне ие болды.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы аясында Бегзат Болатбеков тұрғындарды қабылдауды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай қоғамдық қабылдауда азаматтардың жеке басына қатысты мәселелерінің шешіліп жатқанына осы жолы да куә болдық. Мәселен, Арал ауылының тұрғыны Құтлыбике Зарипбаева шахмат үйірмесіне қатысып жүрген немересінің облыстық байқауға баруына жәрдемдесуді сұрады. Аудан әкімі бұл өтінішті бірден шешіп беріп, демеушілік көмекпен ауданнан төрт балақай облыстық жарысқа баратын болды. Ал, Қордайдағы Елімай көшесінің 107 үйінің екі тұрғыны екі қабатты үйлердің ауласына бөгде адамдар және көліктер жиналып, тұрғындарға кедергі келтіріп жүргеніне шағымданды. Аудан әкімі шекара бекетінің маңында орналасқан екі қабатты үйлер маңайын қоршау жөнінде тапсырманы Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаевқа жүктеді.

Осындай қоғамдық қабылдауда жиі көтеріліп жүретін мәселелердің бірі – тұрғын үй мәселесі. Бұл жолы да қабылдауға жазылғандардың басым бөлігі осы проблемамен келген. Бегзат Сейсенқұлұлы тұрғын үй кезегі заң аясында реттелетінін, тұрғындар қатаң түрде кезек бойынша үй алатынын атап өтті. Сонымен қатар, жылда ауданда демеушілердің көмегімен тұрғызылып жатқан үйлерді сөз етіп, биыл да осы жұмыстар жалғасатынын айтты. Осы орайда, Бегзат Болатбеков жауапты тұлғаларға әр елді мекенде тұрғын үйге мұқтаж, алайда тұрғын үй кезегінде тұрмайтын, не болмаса кезегі бірер жылда келе қоймайтын азаматтардың тізімін жасауды бұйырды. Демек, осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілмек.

Әр тұрғынға көңіл бөліп, арқалап келген сұрауын тыңдап, лайықты жауабын берген аудан әкімінің осындай қоғамдық қабылдаулары жалғасатын болады.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.