Қордай ауданында табиғи өрттің алдын алу және оны сөндіру бойынша ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті. Оқу сценарийіне сәйкес, Қаракемер ауылы маңындағы таулы аймақта өрт тұтанып, алғашқы минуттардың өзінде оның орман алқабы мен жақын аумақтарға таралу қаупі туындады.
Дабыл таңсәріде берілді. Осы сәттен бастап уақыт санаулы болды. Жедел қызметтер бірден іске кірісіп, барлық тиісті құрылымдарға хабар берілді, күштер мен құрамдар жұмылдырылды.
Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына ауылдық округтердің ерікті өрт сөндіру жасақтары жетті. Олар жағдайды бағалап, өрттің таралуына жол бермеу үшін алғашқы шараларды қолға алды. Көп ұзамай оларға орман өрт сөндірушілері мен төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері қосылды.
Сценарий бойынша өрт аумағы 35 гектарға дейін ұлғайды. Желдің күшеюі жағдайды одан әрі қиындатып, жалынның бағытын кез келген сәтте өзгерту қаупін тудырды. Жұмыс бірнеше бағытта қатар жүргізілді: бір топ өрттің таралуын тежесе, екіншісі минералдандырылған жолақтар жүргізді, ал үшіншісі адамдар мен техниканың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, халықты хабардар ету, тұрғындарды эвакуациялау және ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз аймақтарға көшіру шаралары да пысықталды. Шынайы жағдайға барынша жақындатылған оқу барысында әрбір қызмет өз міндетін нақты әрі үйлесімді атқарды.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, барлық іс-қимылдар бір орталықтан үйлестірілді. Дәл осы жүйелі басқару мен үйлесімді әрекет шартты өртті қысқа уақыт ішінде ауыздықтауға мүмкіндік берді.
Оқу-жаттығу қорытындысында мамандар қызметтердің жоғары дайындық деңгейін және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін атап өтті. Мұндай жаттығулар – жай ғана формальдылық емес, шынайы жағдайда адамдардың қауіпсіздігі мен табиғатты қорғауда шешуші рөл атқаратын маңызды тәжірибе.
Бұл күні өрт шартты болғанымен, атқарылған жұмыстар – шынайы.
Демек, шешуші сәт туғанда, мұндағылар дайын.