Қазақ халқында: «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауының пәрменділігін сезіне бастаған жұрт қатары көбейіп келе жатқаны рас. Ондаған, тіпті, жүздеген қордайлықтар ауданның бірінші басшысымен жеке кездесіп, талап-тілегін тікелей жеткізіп, мардымды жауап алып, көкейінде жүрген сұрақтың шешімін тауып, алғыс айтып кетуде. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың кезекті қабылдауы сәрсенбі күні өтті.
Қалыптасқан игі дәстүр бойынша аудан әкімі ауданның тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдауын жүргізіп, азаматтардың өтініштерін тыңдады. Қабылдауда болған тұрғындар, негізінен жер дауы, тұрғын үй, жылжымайтын мүлікті жария ету, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және қайырымдылық көмек көрсету мәселелері бойынша өз өтініштерін жеткізді. Нақтырақ айтар болсақ, бұл күні қабылдауда болған 13 азаматтың бесеуі тұрғын үй сұрап қайырылса, ұжымдық арыз-шағыммен келгендер де болды.
Барлық өтініштер бойынша аудан әкімі Б.Болатбеков жауап беріп, кейбіріне қатысты тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді және салалық бөлімдер мен ауылдық округі әкімдеріне тұрғындардың өтініштері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жеке қабылдау қорытындысы бойынша аудан әкімі орынбасарлары мен жауапты бөлім басшыларына әрбір тұрғын тарапынан айтылған мәселелерді назарда ұстап, тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырма жүктеді. Өзі де әр мәселені бақылауда ұстайтынын атап көрсетті.