ӘР СҰРАҚ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

0

«AMANAT» партиясының аудандық филиалында өткен қабылдау шарасында, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, оларға көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған осы шарада, азаматтар өздерін толғандырып жүрген көптеген сұрақтарын ортаға салды.

Қабылдауға келген тұрғындар мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу, жер телімдерін алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, қаржылай көмек алу және өзге де жеке мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Мәселелердің әртүрлілігіне қарамастан, аудан басшысы оларды мұқият тыңдап, шешу жолдарын қарастыру жөнінде нақты бағыт-бағдар берді.

Мысалы, Қордай ауылының «Шығыс» ықшам ауданында тұратын көп балалы ана, өзінің және жолдасының жұмыссыз екенін айтып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мүмкіндіктері туралы сұрады.

«Бүгін көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Тиісінше хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынады», — деді аудан басшысы.

Бегзат Сейсенқұлұлы, заңнамаға сәйкес, азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, көмек көрсету жолдары қарастырылатынын айтты. Осы ретте, тиісті бөлімдерге мәселені заң аясында қарап, қолдау шараларын ұйымдастыру тапсырылды.

Тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері жинақталып, арнайы хаттама құрылып, алдағы уақытта аудан әкімдігі тарапынан жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарымен толықтырылатындығы жөнінде ақпарат берілді.

Сонымен қатар, аудан әкімі қабылдау барысында тұрғындармен сұхбаттасу арқылы олардың нақты қажеттіліктерін анықтап, талап-тілектерін ескеруді де назарға алды. Кездесу соңында Бегзат Болатбеков әрбір азаматтың мәселесіне ашықтықпен қарау қажеттілігіне баса назар аударды, бұл ауданның тұрғындарымен тиімді коммуникация орнатуға және олардың мұң-мұқтаждарын тыңдауға арналған белсенді байланыс орнатуға жол ашады.

Аудан әкімдігі тұрғындардың пікірлерін ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетуді арттыру жолында жұмыс істей бермек. Халықпен тығыз байланыста болуы және мұндай кездесулер арқылы өзекті мәселелердің шешілуі – әкімдік қызметінің басты мақсаты.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.