Қордай аудандық әкімдігінде аудан әкімі Бегзат Болатбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келген аудан тұрғындары әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрмыстық сипаттағы сауалдарын ортаға салды.
Қабылдау барысында бірнеше өзекті мәселе кеңінен талқыланды. Қордай ауылының көпбалалы тұрғыны қазіргі таңда жалдамалы пәтерде тұратынын айтып, асарлатып үй салу арқылы баспана мәселесін шешуге жәрдем сұрады. Тұрғын үй қатынастары жөніндегі заңнамаға сәйкес ол мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрғаны түсіндіріліп, заң аясында көрсетілетін мүмкіндіктер толық баяндалды.
Тағы бір маңызды мәселе — жол құрылысы. Қаракемер бағытындағы аудандық маңызы бар автожол бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өткен. Конкурс нәтижесінде мердігер анықталып, келісімшарт жасалған.
Сонымен қатар Керу ауылындағы газдандыру жұмыстары сөз болды. Әкімдік тарапынан мердігерге ресми ескерту жіберілгені, магистральды газ құбыры тартылғанымен, компанияның тұрғындар алдындағы міндет-темелері әлі толық орындалмағаны айтылды. Мәселе бақылауда болатыны хабарланды.
Сонымен қатар қабылдауға келген Тараз қаласының тұрғыны Шарбақты ауылының тумасы, Ауған соғысының ардагері Керімбай Борис Түкенұлының құрметіне стелла орнату мақсатында Қордай ауылынан жер телімін бөліп беруді сұрауда. Әкімдік бұл мәселені заң талаптарына сай қарап, тиісті құжаттарды зерделеу мақсатында жауапты бөлімдерге тапсырма берді.
Бұдан бөлек қабылдауда тұрғын үй кезегі, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау қызметінің сапасы, жұмысқа орналасу, жер учаскелерін беру сияқты мәселелер қозғалды. Әрбір өтініш тіркеліп, жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктелді.
Қорытындылай келе аудан әкімі барлық азаматтардың өтініштері заңда белгіленген тәртіппен қаралатынын, әрбір мәселенің орындалуы бақылауда болатынын атап өтті.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ