«Әркімнің өз жері — Мысыр шаһары», деп бекерге айтылмаған. Ат төбеліндей болса да туып-өскен елдің қымбаттығын кеудесінде кішкентай болса да сағыныш деген себезгі ұғымы бар, құрмет деген, кұрметтеген ұлы түсінігі бар адам үшін ерекше әсер етеді. Кеше ғана шаңына аунап, жусан иісін құшырлана иіскеп, қатар-құрбыңмен тел өскен туған жердің құдыреті тартпауы мүмкін емес. Атағыңды айға білеген ақын бол, ғалым бол, бірақ әрдайым тартып тұратын, барған сәтте ауасын кеудеңді толтыра дем алып, қалада білінбейтін иісін емірене иіскеп, қара суын зәмзам суындай шөлің қанғанша, құмарың басылғанша ішетін туған жердің, өскен елдің жөні бір бөлек.
Сол бір туған жердің, өскен елдің қасиетінен болар, дейді егер, бір азамат ауылдан түлеп-ұшып, биікті бағындырып жатса. Алайда, қанша биікті бағындырса да, қарапайымдылық деген ұғымды қаршасынан бойына сіңірген адамдар болатынын айта кеткен де жөн шығар. Біз сөз еткелі отырған азамат жастайынан ғылым жолында болды. Абайша айтқанда «ғылым таппай мақтанбаның» маңында жүрді, бірақ кеудемсоқтық, кісімсілік пен даңғойлықтан, дарақылық пен мақтангерліктен аулақ болды. Содан болар, осы күнге дейін пендешілікпен жүгіретін арзанқол атаққұмарлықтан ада күйде. Бірақ, еңбек жолында алған атақтары бір бәрекелді деп қоя салуға болмайтын мәселе.
Бесімбаев Ерік Тұрашұлы Қордай ауданының тумасы. Ғалым, ұстаз, тәлімгер, академик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы». Кенен ауылынан шыққан бірінші техника ғылымдарының докторы, бірнеше халықаралық академиялардың мүшесі. Техника ғылымдарының докторы болу бардым- шаптым, көрдім-білдімнің әңгімесі емес екені белгілі. Ғалымның ғылым жолындағы жетістіктері туралы айтпас бұрын, сәл артқа шегініп балалық шағы мен жастық дәурені, еңбек жолына аздап тоқтала кетсек.
1958 жылдың 28 қарашасында Тұраш Бесімбаев пен Анаркүл Ыдырысқызының отбасына маңдайы торсықтай ұл бала дүниеге келеді. Тұңғыш ұлдың жолы кең, ашық, жұлдызы биік болсын деген ырыммен Ерік деп есімін қояды. Тұраш Бесімбаев партиялық қызметкер ретінде ауданға аты таныс, беделді де алғыр азаматтар қатарынан болды. Ал, анасы Анаркүл бар өмірін білім саласына, балалар тәрбиесіне арнаған. Қазір немерелері мен шөберелерінің ортасында, ауылдың анасы болып отырған жайы бар. Ал, тұла бойы тұңғышы Еріктен кейін өмірге үш ұл мен екі қыз алып келген батыр ана.
Сол жылдары ауданды басқарған Өмірбек Байгелді, Берден Байқошқаровтармен Қордай аудандық партия комитетінің аппаратында етене еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласында тер төккен әкесі Тұраш ақсақалдың еңбек жолы өзіндік мақалаға жүк болатын сырлы дүние. Ерік Тұрашұлы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келгенімен, бар балалығы, жастық шағы өзі орта білім алған Кенен ауылында өтеді. Басында туған жер туралы толғанғанымыз да осы. Ғылым жолында небір биіктерді бағындырса да сол бір шаңы ұшқан, шағын ғана ауылына тартады да тұрады. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достары, құрдастарымен жиын-тойдан қалған емес. Кездесе қалса кейбір жандардай болып-толдым демей, қарапайымдылық деген қағидамен, құрдастық әзіл-қалжыңға толы көңілді отырыстардың көркі болып, жары Оншакүлмен жарасып жүргендері.
1976 жылы бір кездегі Киров, қазіргі Кенен ауылындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған болашақ ғалым арман қанатында Ленин атындағы Қазақ ПТИ-дің Қаратау қаласындағы филиалының жалпы техникалық факультетіне «Өндірістік және азаматтық құрылыс» мамандығына оқуға түседі. Жалпы, осы Қаратау қаласы ғылым жолына жасалған алғашқы баспалдақ десе болады. Қаталдығымен қатар жанаршырлығы басым жүретін ұстаздары туралы әркез әдемі естеліктер жадында ұмытылмастай болып қалған студенттік өмірдің қызықты шақтары, студенттік құрылыс отрядының құрамында болып, өз мамандықтарының қыр-сырын тәжірибе жүзінде атқаруы, жалынды жастық шақтың самалы, дидары өзіндік бір көркем әлем, сағынышқа толы әсерлі шақ. Құрылыс отрядының құрамында 1978, 1979 жылдары институттың бас оқу корпусының құрылысындағы тәжірибесі, 1980 жылы Жамбыл тресінің Кульбытстрой басқармасындағы 4-курс студентінің өндірістік практикасы кәсіби шыңдалуына, болаттай қайнап, шымырлана түсуіне үлкен сеп болды. 1981 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтының «Құрылыс» факультетін бітіріп, «құрылысшы-инженер» дипломын алды.
Еңбек жолын 1981 жылы туған жері Қордай ауданындағы коммуналдық мекемесінде мастер болып бастап, көп ұзамай прораб қызметін атқарды. Үйлер, шағын коммуналдық меншік нысандарын тұрғызу бойынша жұмыстар атқарады. 1983 жылы ұстаздарының шақыруымен ол ҚазПТИ-дың Қаратау филиалына оқытушылық қызметке ауысып, филиалдың директоры Мұрат Нұрлыбаев, құрылыс өндірісінің технологиясы кафедрасының меңгерушісі Мейірбек Әзбергенов жас маманды жылы қабылдап, қолдау көрсетеді.
Сол жылдарда ҚазПТИ-дің Қаратаудағы филиалы инженер кадрлар ұстаханасы, тау-кен өндіру саласының проблемаларын зерттейтін ғылыми база ретінде елімізге мықты кадрлар жасақтап шығарған. Ерік Тұрашұлы өзі білім алған оқу ордасында ұстаздық жолын бастап, осы саладағы биіктерді бағындыру жолына алғашқы қадамдарын жасаған болатын. Сол жерде еңбек ете жүріп техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады. Қарапайым ғана ауылдан шыққан қазақтың қара баласы біздің менталитетімізге, дүниетанымымызға тән филология немесе философия емес, техника ғылымының кандидаты атануы Қаныштар мен Марғұландар салған сара жолдың жарқын жалғастырушылары бар екенін мойындатқандай.
Алдына үлкен мақсаттар қоя білген, ең бастысы сол мақсатқа жете білген, мойымастық пен білімпаздықтың биік шыңын бағындырсам деген ізгі ой Ерік Тұрашұлын алға жетелейді. Сол жол Мәскеу қаласындағы С.Жук атындағы «Гидропроект» институтының ғылыми-зерттеу секторының «Топырақ және жерасты ғимараттары» зертханасында 2 жылдық ғылыми тәжірибе өтуге алып келеді. Ғылыми жетекшісі техника ғылымдарының докторы, Ресей геотехникалық мектебінің негізін қалаушы Юрий Зарецкий жас ғалымға топырақтың реологиялық және электркинетикалық қасиеттерін зерттеуді ұсынды. Бұл өте бір тың тақырып еді. Зерттеу жұмыстарына құлшына кіріскен ғалым оның нәтижесін 1988 жылы Латвияның Рига қаласында өткен халықаралық конгресте жариялады. Тәжірибе жүзінде көрсетілген зерттеулер қорытындысына сол кездегі реология корифейлері, атақты ғалымдар С.Вялов, С.Месчян, Б.Долматов, З.Тер-Мартиросян және т.б. жоғары бағалады. Ғылыми жұмысының негізін анықтағаннан кейін, келесі жылы В. Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының «Топырақ және негіз механикасы» кафедрасының аспирантурасының күндізгі бөліміне оқуға түсіп, білімін толықтыру жолында жұмысын жалғастыра береді. Аспирантурада оқып жүріп «Гидропроектің» Ғылыми-зерттеу секторында инженер болып жұмыс істеді және бірнеше гидротехникалық бөгеттердің құрылыстық жобасына, соның ішінде «Каспий теңізіне мұнайдың құйылуына тосқауыл бөгетінің құрылысы» жобаларына белсене араласады. 1992 жылы аспирантураны бітіргеннен кейін техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Көшпелі беткейлердің саз балшықты топырақ негізінің реологиялық және электркинетикалық қасиеттері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл үлкен белестер алдындағы бір жеңіс еді. Көп ұзамай өзі қызмет жолын бастаған білім ошағында кафедра меңгерушісі, факультет деканы болды.
Өмір бір орында дөңгелей бермейді екен. Қаратауда студенттік жолдан бастап, ғалым дәрежесіне көтерілген, еңбек жолында мол тәжірибе жинаған Ерік Бесімбаев, 1996 жылы Алматы қаласына ауысады. Сол кездегі бас қалаға келуіне себепші болған «Дос Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сырлас ағасы Мұрат Құсайынов еді. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының «Құрылыс өндірісінің технологиясы» кафедрасына доцент болып орналасып, ғалым өмірінде жаңа кезең басталады. Негізінен, еліміздегі ең басты құрылыс және сәулет мамандарын оқытатын бұл оқу ордасының техникалық базасымен қатар, жалпы әлеуеті зор екені белгілі. Ерік Тұрашұлының бұл академияға келуі де заңдылық болған сияқты.
2000 жылы ҚазБСҚА ректоры болып ғалым Әмірлан Құсайынов келгеннен бастап Ерік Бесімбаевтың өмірінде ғылыми-шығармашылық белсенділіктің жаңа кезеңі басталды. Сол жылы конкурстық негізде академия президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Құсайыновтың ұсынысы бойынша 2004 жылы докторантураға түсіп, геотехника және геомеханика, сейсмикалық төзімділік, ғимараттар мен ғимараттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету технологиясы, табиғи апаттар қауіпін азайту бағыты бойынша диссертациялық жұмысын абыроймен қорғай білді. Алматы қаласының нысандарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізілді. Соның бір айғағы Алматыдағы шаңғы трамплиндерінің кешенін салу құрылысы үшін Құрылыс өндірісінің жобасын әзірлеуге қатысып, осы құрылыстағы зерттеу нәтижелері бойынша 2 патент алынды. Шаңғы трамплиндерінің кешенін салу құрылысына қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» атағын алады.
2010 жылы Ерік Бесімбаев ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде Жоғары аттестациялау комиссиясының екі шифры 052308 – «Құрылыс технологиясы және ұйымдастыру» және 052317 – «Құрылыс механикасы бойынша» «Іле Алатауы бөктері аймағындағы ғимараттардың беріктігін қамтамасыз ету технологиясы және есептеу әдістері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Сол жылы ҚазБСҚА-ның Жалпы құрылыс факультетінің деканы болып тағайындалады. «Құрылыс» мамандығы бойынша Мемлекеттік жалпы білім стандартын әзірлеушілер тобын басқарды. 2012 жылдан бастап ҚазБСҚА базасындағы Сәулет-құрылыс және дизайнерлік бейін мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік комиссиясының жауапты хатшысы қызметін де атқарды.
Жалпы еліміз үшін санаулы ғана осы саланың білікті мамандары қатарында болған Ерік Тұрашұлына түрлі ұсыныстар үнемі түсіп тұрады. Мәселен, 2012 жылы оны Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техника-лық университетінің Сәулет және құрылыс институтының «Құрылыс материалдарының, бұйымдарының және конструкцияларының технологиясы» кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырады. Ал, 2013-2016 жылдар аралығында Е.Бесімбаев Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да Қаратай Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры қызметін абыроймен атқара білді. Ол кезде институт құрамына 10 геология және мұнайгаз бағытындағы кафедралар кірді. Геология және мұнай-газ ісі институтының ғылыми және академиялық әлеуеті жоғары профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдардан құралды. Институт құрамында Ұлттық ғылым академиясының 4 академигі, 27 ғылым докторы, 10 PhD докторы, 96 ғылым кандидаты және 41 техника ғылымдарының магистрі жұмыс істеді. Сол институтта атқарған жұмысы туралы академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Герой Жолтаев былай деп еске алады:
«Кәсіби ғалым, шебер ұйымдастырушы Ерік Тұрашұлы Бесімбаев 2013–2016 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің Геология және мұнай-газ институтында директор қызметін атқарды. Бұл институттың жөні бөлек болатыны, сексен жылдан астам тарихы бар қара шаңырақтағы ең алғашқы факультеттердің бірі. Геологиялық барлау факультетінің тарихы сонау 1934 жылдан бастау алады. Бүгінгі ҚазҰТЗУ-дың алғашқы түлектері де осы институттың тау-кен инженерлері еді. Институтта әр жылдары елімізге белгілі ғалымдар жұмыс істеген.
Ерік Тұрашұлы институтқа басшылық жасаған жылдары Қаратай Тұрысовтың 80 жылдығына арналған конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны да естен шыға қойған жоқ. Мұнайшылар мерекесіне де ерекше назар аударды. Ұжымдағы біраз адам осы мерекеге орай ҚР Мұнай-газ министрлігінің марапаттарын алды, мұнда да басшының үлесі бар екені даусыз».
Осыншама жоғары атақтары бола тұра Ерік Тұрашұлы әрдайым ізденісте болып, білімін жетілдіру жолынан танған емес. Соның бір көрінісі 2015 жылы ол «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары басшыларын даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламасы» бойынша Білім және ғылым министрлігінің конкурсын жеңіп алады. Астанада, Назарбаев Университетінің базасында өткен «XXI ғасыр түлегі: негізгі құзыреттер мен қазіргі еңбек нарығы» атты Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумына қатысып, Лондонда біліктілікті арттыру курстарын өтіп келеді. Педагогикалық шеберлігін жетілдіру үшін 2016 жылы Францияның Париж, Бельгияның Брюссель, Нидерланд елінің Роттердам, Германияның Аахенде қаласында «Инновациялық оқыту әдістемесі» бағдарламасы бойынша өтіп, сол бағдарлама бойынша Мәскеуде И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде «Қазіргі заманғы технологиялар және теңіз мұнай-газ кен орындарын игеру перспективалары» курсын аяқтап шығады.
2016 жылдың тамызында Жалпы құрылыс факультетінің профессоры ретінде Қазақ бас құрылыс академиясына оралып, Бірінші проректор – ҚазБСҚА кампусының директоры болып тағайындалады.
Жалпы еліміз үшін аса маңызға ие болған «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуде де Ерік Тұрашұлы қолының ізі жатыр. Ол «WSEC-2017» Инженерлер мен ғалымдар дүниежүзілік конгресіне «Құрылыс индустриясын оқыту: проблемалар мен шешімдер» атты стендтік баяндамамен қатысты. «ЭКСПО-2017-нің» ашылуы кезінде Нұртай Әбіқаевтың төрағалық етуімен өткен Академияның жалпы мәжілісінде Е.Бесімбаев Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды.
2017 жылдың қараша айында ҚазБСҚА президенті Е.Бесімбаевты Халықаралық білім корпорациясы Президентінің кеңесшісі, әрі ректоры етіп тағайындайды. 2019 жылы Қытай Халық Республикасының шақыруымен Сиянь қаласында өткен халықаралық форумға қатысып, екі ел арасында ғылыми, әдістемелік байланыс орнатып қайтты.
Ерік Тұрашұлының тікелей ұйымдастыруымен 2017-2019 жылдар аралығында Молдованың Кишенев қаласында, Ресейдің Самара қаласында, Өзбекстанның Ташкент-Самарқанд қалаларында Халықаралық фестиваль өтті. Бұл Қазақстанның Сәулет-құрылыс мамандықтары жетістіктерін халықаралық дәрежеге шығару мақсатындағы үлкен жұмыстар еді. Ерік Тұрашұлы оны өзінің біліктілігінің арқасында үлкен абыроймен, жоғары дәрежеде өткізе білді.
Қауырт тірліктен, ғылыми жұмыстар мен педагогикалық қызметтегі еңбегінен сәл босағанда туған жерге тартып отыратын әдеті бар.
-Ес білген, өскен, балалық шақ пен бозбалалық кезеңім, жастықтың жарқын сәттері орын алған Кенен ауылы — менің өлкем. Әрдайым соны бағалаймын, қастерлеймін. Әлі де болса қолым қалт етсе атқа мініп, асу-адырлары мен тау-тастарын аралаймын. Рухани қуат аламын. Бала кезден шаңына аунап, жарыса жүгірген жерлерді сағынамын. Барған кездерімде Шұбарбайтал жоталарына шығып, Иірсу мен Ойжайлау, Қордай тауларын бөктерлеп, Мантақбай сілемдеріне таңға жуық жаяу шыққанды ұнатамын. Өскен жердің желі де, жері де қуат береді, ойыңды серпілтіп, бойыңа күш, санаға серпіліс әкеледі, — дейді Ерік Тұрашұлы.
Ғалым қазақтың құмай тазысы мен жүйрік атына құмар. Үйде берен мылтық, есік алдында тазы, Алматы іргесінде жорға биесі бар, реті келсе ұлымен бірге атқа мініп, серуендеп қайтуға құмар-ақ. «Әрбір қазақтың баласында, ауылда, немесе қалада тұрсын, үйінде бесік, аттың ер-тұрманы, бір жылқысы болуы керек» деген ұстанымды дәстүрге айналдырғанды жөн көреді.
Үлкен отбасының егесі, үлгілі әке, сүйікті атасы. Жан-жары Оншакүл Ілиясқызымен үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қыздары Лилия, Гүлзат, Жансая әке мақтанышы, ұлы Арабби отбасының еркесі.
100-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектердің, ондаған шет елдерде басылған ғылыми мақалалардың авторы, 15 оқу құралын дайындап, 9 патент алған, «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы» мамандығы бойынша академиялық профессор, Халықаралық экология және қауіпсіздік академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін», «ҚазҰТУ-дың дамуына қосқан үлесі үшін», Білім және ғылым министрлігінің «Үздік оқытушы» төс белгісімен марапатталған техника ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше халықаралық академиялар мүшесі Ерік Бесімбаев осы бір атынан ат үркетін атақтары мен марапаттарына қарамай қарапайымдылығы жайында жолдастары мен құрдастары арасында үнемі тек жақсы жағынан айтып жүргені. Өйткені, жанына торсық байлатпайтын емес, жанына жақсыларды жинайтын адамға айналған Ерік Тұрашұлының ғылымға сіңірген еңбегінің бұл бір көрсеткіші ғана. Ғылыми жұмыстары мен өзге де жаңалықтары, мақалалары бір томға жүк болатын дүние.
Бесімбаев Ерік Тұрашұлы өзінің жеткен жетістіктері мен шыққан биіктеріне өсіріп жеткізген әкесі Тұраш пен анасы Анаркүлге, ардақты ұстаздарына, ғалымдағы жетекшілеріне, жанында жалау бола білген жарына, сүйеу болған бауыр-туыстарына, қолдау көрсеткен достары мен қызметтес-әріптестеріне және күш-қуат берген балаларына шексіз алғысын білдіреді.
Өзінің ғылыми жолында Қордайлық академик Мұхтарбай Өтелбаев, Жұмәділ Байгөншеков ағаларымен жақсы қарым-қатынаста болғанына мақтанады. Біздің айтпағымыз, Қордай деген қасиетті елден осындай азаматтар шыққан. Ғылыми ортада өзіндік орны бар жандардың бірі Ерік Тұрашұлының өнегелі өмірінен бір үзік сыр осындай.
Жандос ОМАРОВ