Әсемнің әуезді әлемі

0

Өмірде әр адам өз тағдырының суретшісі болып табылады. Ал адам өзіне ұнайтын кәсібін тапқанда, өмір мәнді деген сөз. Аспапта шебер ойнайтын музыканттар ерекше сөзге лайық. Ал егер ол аспап ерекше болса, онда бұл өнер еселене түседі

Бүгін Әсем Таубалды жайлы сөз етсек деп едік, ол Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде балаларды скрипкаға үйретіп жүр. Бірақ Әсемді өзгелерден ерекшелендіретіні – ол ауданымыздағы жалғыз виолончельде ойнайтын музыкант. Біздің өңірде сирек кездесетін аспапты ол Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы колледжде оқып меңгерген. Ал оған дейін ол М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде «скрипка» сыныбында оқып бітірген.

Әсем жастайынан музыканы жақсы көретін. Ол теледидардан скрипканы сағаттап тыңдай алатын. Мектепте оқып жүргенде түрлі байқауларға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанған.

— Мен скрипкаға қатты қызығатынмын, қатты жақсы көретінмін. Бала күнімнен ата-анамыз классика арқылы музыкаға жақын болып өсуімізге барын салды, – дейді Әсем Қайратқызы.

Колледждің бірінші курсында-ақ ол «Silk way star» («Жібек жолы жұлдызы») атты телевизиялық мегажобаға қатысты, жас бойжеткен бірнеше кинофильмге де түсіп үлгерген.

-Виолончель бірнеше ғасырлар бойы музыканттар арасында танымал болып келе жатқан бай тарихы бар аспап. Виолончельде ойнау музыкалық шығарманың ерекше дыбысы мен мәнерлілігін жасауға көмектесетін арнайы тәсілдер мен әдістерді қажет етеді. Дегенмен, орындауда жоғары деңгейге жету үшін көп үйреніп, жаттығу керек, — дейді кейіпкеріміз.

Әсем үлкен әрі музыкалық отбасында өсті. Әдемі әуенге деген махаббаты оған ата-анасынан дарыған. Әкесі мен анасы домбырада ойнап, ән айтады. Үлкен ағасы Манат – әнші. Екінші ағасы Жанат аранжировщик-композитор. Отандық әншілерге авторлық әндерін жазып беріп жүр. Әсемнің өзі отбасындағы үшінші бала. Сіңлісі Рахима биге жақын. «Аққу» халықтық би ансамблінде билеген. Үйдің кенжесі Бейқұт бүгінде М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде домбыраны үйренуде.

Виолончельде ойнау музыканттан техника мен шеберлікті ғана емес, сонымен бірге эмоционалдық сезімді талап етеді. Өйткені, аспаптың арқасында адам сезімінің барлық тереңдігін жеткізе алады. Сүйікті аспабын қолына алғанда ол музыкаға барынша беріліп орындайды.

Әр музыканттың өзіндік виолончельде ойнау мәнері болады. Бұл аспапта ойнау кезінде қолданылуы керек белгілі бір ережелер мен әдістер бар болса да, әр орындаушы композицияға өзінің орындаушылық ерекшелігін қоса алады. Әсемнің де аспапта ойнауда өзіндік мәнері бар. Көптеген көрермендер Әсемнің виолончельде ойнағанын көріп жүрі, өйткені ол жиі концерттерде өнер көрсетеді.

-Қазір оқушылардың жан-жақты дамуы үшін теория мен практиканы ұштастыра отырып, әрқайсысының мінез-құлқын, сұранысын ескере отырып, скрипканы жеке әдіс-тәсілмен үйретемін.  Мен технологияға ерекше көңіл бөлуге тырысамын. Маған жұмысым қатты ұнайды. Виолончель мен скрипканың пішіні бірдей, бірақ виолончель көлемі жағынан айтарлықтай үлкенірек. Екі аспаптың да төрт ішегі бар, бірақ виолончельдің ішектері жуан және ұзынырақ, — дейді Ә.Таубалды.

Қорытындылай келе, виолончельде ойнау қиын өнер, сонымен бірге қызықты процесс екенін атап өтуге болады. Виолончельде ойнаудың дұрыс техникасы және музыка арқылы эмоциямен осы әдемі аспапта табысқа жетуге көмектесетін негізгі элементтер болатынын есте ұстаған жөн. Ал Әсемнің бүгінде алға қойған айқын мақсаты бар ол өз өнерін ары қарай дамыту және балаларды әуезді музыка әлеміне үйрету.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.