Гвардейск гарнизонының әскери прокуратурасы Гвардейск гарнизонында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, заң бұзушылықтардың себептері мен салдарын жою, сондай-ақ әскери тәртіпті қатаң сақтау үшін әскери органдармен бірлесіп нәтижелі жұмыстар жүргізуде.
Осы мақсатта әскери прокурордың басшылығымен ведомствоаралық кеңестерде гарнизондағы проблемалық мәселелер талқыланып, жүргізілуі қажет іс-шаралардың негізгі бағыттары айқындалады және әскери мекемелерге тиісті тапсырмалар мен ұсыныстар беріліп, олардың орындалуы қадағалауға алынады.
Қазіргі кезде әскердегі профилактикалық жұмыстың нәтижесін арттыру үшін жаңа тәсілдер мен заманауи технологияларды пайдалану жұмыстары қолға алынған.
Мәселен, әскери бөлімдерде қылмыс жасауға, әсіресе сарбаздар арасында әлімжеттікке жол бермеу үшін барлық дерлік әскери нысандар, оның ішінде казармаларда бейнекамералар қойылған. Бейнебақылау жүйесі әскери мекеменің кезекші бөлімінде орнатылған.
Әр жылғы жазғы және қысқы оқу кезеңінде әскери бөлім командирінің бұйрығымен жеке құрамды бақылауды оңтайландыру үшін «Жауынгерлік дос» жүйесі бекітіледі. Түсіндіріп айтсақ, әскери қызметшілер арасында әдетте лауазымы мен әскери атағы, жас ерекшеліктері, әскери қызметшілердің өзара қарым-қатынасы мен пікірлері ескеріле отырып екі әскери қызметші бір-біріне жауынгерлік дос етіп тағайындалады. Аталған жүйе барлық санаттағы әскери қызметшілердің өз-өзіне қол жұмсау деректерінің алдын алу, әскери қызметшілердің девианттық мінез-құлықының ауытқу белгілерін уақтылы анықтауға және әскери ортада жағымсыз қылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 13 қазандағы №911 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамымен тәрбие, әлеуметтік құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру қағидаларының» негізінде әскери ортада құқық бұзушылық пен келеңсіздіктердің алдын алу үшін «Серіктес» жүйесі бекітілген. Бұл жүйе әскери қызметшілердің атқарып отырған лауазымдарына негізделе отырып, олардың өзара кәсіби тәжірибемен алмасуын қалыптастырып, проблемалық және психо-эмоционалдық күйіне, орындаушылық қабілетіне оң әсер етуге бағытталған.
Демалыс және мереке күндері, кезекті еңбек демалысы мен іссапар уақытында әскери қызметшілер арасында құқықбұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алу мақсатында әр әскери бөлімде «Пирамида» жүйесі енгізілген. Көрсетілген жүйе әскери қызметшілердің бағыныстылығы бойынша төменнен жоғары телефон арқылы байланысқа шығу арқылы жүзеге асады, яғни бөлімше, батарея, взвод, рота, батальон, бригада командирлерінің өз жеке құрамына бақылауды күшейтуге негізделген. Мысалы, взвод командирлері рота командиріне, ал рота командирлері батальон командиріне баяндама жасайды, осылай жалғасады.
Көрсетілген жүйелер әскердегі құқық бұзушылық пен әскери қызметшілердің қандай да бір келеңсіз жағдайға тап болуының алдын алуға, командирлердің дер кезінде шешімдер қабылдауына, әскери қызметшілерге әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетуіне бағытталған.
Сонымен қатар, әскери бөлімнің взвод командирлерімен сарбаздардың ата-аналары да қосылған «чаттар» ашылған, онда ата-аналар балаларының әскери қызметіне қатысты өздерін толғандыратын сұрақтар бойынша хабарласып, тиісті мәліметтер алады, өз ой-пікірлерін ортаға салады және өзара ақпарат пен тиімді кеңестермен бөліседі.
Сарбаздар «Отбасымен бейнеқоңырау» қызметі арқылы өз туыстарымен аптаның сенбі-жексенбі күндері телефонмен бейнеқоңырау арқылы хабарласу ұйымдастырылған. Сонымен бірге жауынгерлерге ата-аналарын туылған күндері бейнеқоңырау арқылы құттықтауға да болады. Бейнеқоңырау арқылы байланысу сарбаз бен оның туыстарының бір-бірінің бейнесін көріп, сағынышын басып және ұлдарының аман-сау екеніне көз жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұл сарбаз бен оның туыстарының әскерге деген көзқарасына және екі жақтың да көңіл-күйлеріне оң әсер етеді.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы әскери полиция бөлімдерінің профилактикалық жұмыстар кабинеттерінің пайдалану алгоритімінің» талабына сай заманауи техникалармен жабдықталған Гвардейск гарнизоны әскери полиция бөлімінің профилактикалық жұмыстар кабинеттері жұмыс жасайды. Әр әскери қызметші барлық уақытта осы жұмыс кабинеттеріне келіп құқықтық көмек ала алады.
Мәселен, 2025 жылдың өткен мерзімінде осы кабинеттерде 1 190 әскери қызметшімен жеке сұхбат жүргізілді және 300 профилактикалық түсіндіру жұмыстары өткізілді. Әскери қызметшілерді толғандыратын сұрақтарын қарап, әскери қызмет өткерумен байланысты туындаған мұқтаждарын шешуге қажетті шаралар қолға алынды.
Әскери прокуратура қызметкерлері жоғарыдаға жұмыстарға қосымша әскери қызметшілермен анонимді сауалнамалар жүргізеді, лудомания туралы лекциялар оқылып, құмар ойындар мен бәс тігулерге қатысудың зардаптары туралы түсіндіріледі. Сарбаздардың дене жарақаттарын анықтау үшін әскери полиция және медицина қызметкерлерінің қатысуымен күнделікті тексерулер өткізіледі. Дене жарақаттары анықталған жағдайда оның пайда болу мән-жайлары тексеріліп тиісті шешімдер қабылданады.
Сонымен бірге, әскерде жарғыдан тыс қарым-қатынастарға жол бермеу жұмыстарының нәтижелі болуы үшін әскери қызметшілерді қылмыстық сот процестеріне қатыстырып, әр жасалған қылмыстың жазасы болатынын сот залында немесе телетрансляция арқылы көрсетіледі. Бұл жауынгерлерге эмоциялық оң әсер береді, яғни қызметтес сарбаздарына күш көрсетудің қатаң жазаланатынын көре отырып, болашақта өзіне де зияны тиетінін терең ұғынады.
Гвардейск гарнизоны әскери прокуратурасымен жоғарыда көрсетілген профилактикалық шаралардың дұрыс ұйымдастырылуы нәтижесінде соңғы үш жылда Гвардейск гарнизонында төтенше жағдайлар мен жауынгерлердің әскери қызмет атқару кезінде опат болуына жол берілген жоқ.
Дегенмен, әскери прокуратура қызметіндегі бұл жетістіктермен шектелмей Бас әскери прокуратурамен қолданысқа енгізіліп жатқан құқық бұзушылықтар мен әскери қызметшілердің қаза болуының алдын алу, сондай-ақ офицерлердің жеке құрамды оқыту процесін жетілдіруге және әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект элементтерін енгізуге бағытталған «Әскердегі заң мен тәртіп» және «Цифрлық профилактика» кешенді бағдарламаларын жүзеге асыруға көп күш-жігер жұмсайтын болады.
Алдағы уақытта прокурорлық қадағалау пәрменімен Гвардейск гарнизонының инфрақұрылымын дамытуға, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын көтеруге тұрақты болуына өз үлесін қосады.
Дінмұхамед СПАТАЙ, Гвардейск гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі