Әскерге шақыру жұмыстары талқыланды

0

22 тамыз күні аудан әкімдігінде әскерге шақыру комиссияларының қызметін талдау және бағалау жөніндегі жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов төрағалық етті. Басқосуға Жамбыл облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, топ жетекшісі Ерлан Байболат, әскерге шақыру комиссияларының қызметін талдау және бағалау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері, ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Алғашқысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай баяндама жасады. Ол Қордай ауданында 2025 жылғы әскерге шақыру науқанының барысына кеңінен тоқталды.

Дамира Маратқызының айтуынша, ауданда жалпы әскерге шақырылуға жататындардың саны – 550. Аудан әкімінің шешімімен арнайы мобильді топ құрылып, күнделікті аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері мен әскери есеп мамандары бірлесіп аула аралау жұмыстарын жүргізген. Қарасу бақылау бекетінде демалыссыз кезекшілік ұйымдастырылып, аудан орталығында рейдтер өткізіліпті.

«Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінен көктемгі шақырылымға 183 адам жасақталды. Жоспар толық орындалды. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 29, Қарулы күштерге – 96, Ұлттық ұланға – 57, ҚР МҚҚ-ға (СГО) – 1 сарбаз жіберілді. Ұлттық құрамы бойынша әскерге аттанғандардың 113-і қазақ жастары болса, өзге ұлт өкілдері – 70. Былтырғы жылмен салыстырғанда өзге ұлт жастарының қатысуы артқан», – деді баяндамашы.

Сонымен қатар, ол әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан 7 ай қорытындысы бойынша жоспарға сәйкес және тыс 78 түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, әскер қатарына шақыру бойынша ақпараттық жұмыстар кең көлемде жүргізілген. Аудандық «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетінде қазақ және орыс тілдерінде 30 мақала жарық көрді. Әкімдіктің және ауылдық округтердің әлеуметтік желідегі парақшаларында 37-ден астам жазба жарияланды. Бұған қоса, 10 ауылдық округтің халық көп жиналатын орындарына 11 баннер ілінді», – деді Дамира Сүгірбай.

Баяндамашы сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген 2025–2026 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында әскерге шақыру пункттерін қалпына келтіру, жабдықтау және басқа да мәселелер бойынша қолға алынған жұмыстарды атап өтті. Ол сөзінің қорытындысында алдағы күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық барысы туралы баяндап, жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қордай аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Ғалмат Даминов баяндама жасады. Ол әскерге шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыру барысына тоқталып өтті. Одан кейін сұрақ-жауап кезеңі өтіп, пікірлер ортаға салынды.

Жиынды қорытындылаған Жамбыл облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерлан Байболат комиссиялардың жұмысына қатысты ұсыныстарын айтып, алдағы міндеттерге тоқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.