Гвардейск гарнизонда Құрлық әскерлері үшін кіші мамандарды даярлайтын оқу-жаттығу орталығы жас жауынгерлермен толықтырылды.
Оқу бөлімшелеріне Қазақстанның барлық өңірлерінен мыңға жуық жас сарбаз келді.
— Жас буынға барлық жағдай жасалған және олар барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта оқу-жаттығу орталығының әкімшілігі жауынгерлерді жеке зерделеуді және оларды әскери қызметке бейімдеуді жүргізуде, — деді әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Ерлан Нұралин.
Жарты жыл ішінде сарбаздар әскери техникалардың механик-жүргізушілері мен көздеуші-операторлары әскери мамандықтарын және есептоп нөмірлері мен артиллериялық қару-жарақ командирлері мамандықтарын меңгеретін болады.
Оқу аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер кіші маман сертификаттарын алып, одан әрі қызмет өткеру үшін Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, көптеген сарбаздар мерзімді әскери қызмет кезеңінде экономиканың нақты секторында қажетті жұмысшы мамандықтарын меңгеріп шығатын болады.
Гвардейск гарнизоны
баспасөз қызметінің бастығы
майор Жомарт Тажиханов