Халықаралық әйелдер күні — қазіргі заманғы әйелдердің күш-жігерін, төзімділігін және жан-жақтылығын тағы бір мәрте атап өтетін ерекше күн. Бүгінде нәзік жандылар қоғамның түрлі саласында өздерін сенімді түрде көрсетіп келеді. Соның ішінде тәртіпті, жауапкершілікті және үлкен төзімділікті талап ететін салаларда да табысты еңбек етуде. Олар — сенімді әрі адал қызметтес ретінде ерекше құрмет пен алғысқа лайық.
Ұлы дала тарихында әйелдер әрқашан парасаттылықтың, адалдықтың және асыл қасиеттердің нышаны болып келген. Бүгінде де олар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында Отан қорғаушы деген мәртебелі атақты абыроймен алып жүр.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында шамамен 7 мыңға жуық әйел әскери қызметші қызмет атқарады. Олардың 945-і офицер, ал шамамен 6 мыңы келісімшарт бойынша әскери қызметшілер. Олар ерлермен қатар жауынгерлік кезекшілікке түсіп, оқу-жаттығуларға қатысып, қызметтік міндеттердің кең ауқымын атқаруда.
Әскери қызметтің әр бағытының өзіндік миссиясы мен жауапкершілігі бар. Бір әскери қызметші бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етсе, енді біреулері қоғам үшін аса маңызды бағытта — жас ұрпақтың дүниетанымын, патриоттық құндылықтарын қалыптастыру жолында қызмет етеді. Дәл осы салада қоғам тұрақтылығы мен елдің болашағына деген сенімнің берік іргетасы қаланады.
Осындай маңызды бағытта қызмет етіп жүргендердің бірі — капитан Диана Амантаева, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының тәрбиелік, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыс бөлімінің офицері.
Ол әскери қызметке 2022 жылдың қазан айында кірісті. Диана Амантаева кәсіби білімін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде игеріп, 2019 жылы «Экология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Университеттің әскери кафедрасында оқып жүріп, «Мотоатқыштар бөлімшелеріндегі тәрбиелік және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастыру» әскери есептік мамандығын игерді. Бұл оның болашақ кәсіби жолын айқындап берді.
Әскери кафедрада оқып жүрген кезінде ол Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында тәжірибеден өтті. Сол кезеңде тәрбиелік және идеологиялық жұмыстың ерекшелігімен жақынырақ танысып, дәл осы бағытта қызмет етуді түпкілікті таңдады.
— Офицерлік қызметке деген қызығушылығым бала кезімнен қалыптасты. Мектепте оқып жүргенде ата-анаммен бірге Ұлы Отан соғысы туралы фильмдерді, әскери боевиктерді, «Кадетство» сериалын жиі көретінбіз. Тәртіп, жауапкершілік және жауынгерлік бауырластық туралы бейнелер маған ерекше әсер етті. Сол кезде бір күні өзім де әскери форма киіп, өмірімді осы салаға арнағым келеді деген арман пайда болды, — деп еске алады Диана.
Ата-анасы бастапқыда алаңдағанымен, оның таңдауын қолдады. Диана отбасының кенже қызы болғанымен, бала кезінен сабырлы, байсалды әрі жауапкершілігі жоғары болып өсті. Бұл қасиеттер бүгінде адамдармен тиімді жұмыс жүргізуге және жүктелген міндеттерді нәтижелі орындауға көмектеседі.
Қазіргі уақытта ол әскерге дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Орталықтың түрлі жобаларын ұйымдастыруға қатысады. Оның қызметіне әскери-патриоттық іс-шараларды өткізу, сондай-ақ «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының қызметін мониторингтеу және үйлестіру кіреді.
Диана Амантаеваның кәсіби қабілеті «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ұйымдастыру барысында айқын көрінді. Ол 2022, 2023, 2024 және 2025 жылдары осы ауқымды жобаны дайындау мен өткізуге тікелей атсалысты.
— Мұндай ірі іс-шараларда офицердің ортақ нәтижеге деген жеке жауапкершілігі ерекше сезіледі, — дейді ол.
Атқарылған жұмыстар Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар тарапынан жоғары бағаланып, бұл оның кәсіби дамуына үлкен серпін берді.
Капитан Амантаеваның айтуынша, әйел офицердің күші — талапшылдық пен адамгершілікті үйлестіре білуінде. Бұл қасиет адамдармен сенімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл ойды ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы да бір ғасыр бұрын айтып кеткен:
«Адам баласы тәрбиемен адам болады».
Бүгінде бұл қағида әскери-патриоттық тәрбиеде өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Қызметтен тыс уақытта Диана жан-жақты қызығушылықтарға ие. Ол тек кәсіби салада ғана емес, шығармашылықта да өзін дамытуға тырысады. Ән айтып, би билеуді ұнатады және жаңа қызығушылықтарды игеруге әрдайым уақыт табады.
Осындай көпқырлылық бүгінгі заманғы әйел әскери қызметшінің бейнесін айқындайды — кәсіби, сенімді әрі шынайы.
— Қымбатты қыздар, өздеріңізге және мүмкіндіктеріңізге сеніңіздер. Армандаудан қорықпаңыздар және мақсаттарыңызға батыл қадам жасаңыздар. Егер сеніммен алға ұмтылсаңыздар, бәрі міндетті түрде жүзеге асады, дейді капитан Диана Амантаева
Оның кәсіби жолы бүгінгі таңда әйелдердің бұрын ерлерге тән деп саналған салаларда да табысты қызмет ете алатынын дәлелдейді. Табандылық, тәртіп және өз күшіне деген сенім — үлкен жетістіктерге жетелейтін басты қасиеттер.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі