Әскери қызметшілер «Сұңқар аңшылығы» конкурсына дайындалуда

0

 

Гвардейск гарнизонының «Мәтібұлақ» полигонында ұшқышсыз ұшатын аппараттар есептоптары Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде өткізілетін «Сұңқар аңшылығы» конкурсына дайындалуда.

 

Конкурсқа Беларусь, Иран, Қазақстан және Ресей командалары қатысады. Өткен жылдардағы армиялық ойындардағыдай біздің команда бұл жолы да «Skylark-1LEX» ұшқышсыз ұшатын аппараттарын пайдаланатын болады.

 

Биылғы жылы Қазақстан командасының құрамы толық жаңартылды. Ұшқышсыз ұшатын құрылғыларға қызмет көрсету және оларды басқару курсынан өткен жас мамандар – ҰҰА кешендерінің операторлары іріктеліп алынды.

 

— Мен Армиялық халықаралық ойындарға алғаш рет қатысқалы отырмын. Біздің даярлығымыз сияқты командалық рухымыз да жоғары деңгейде. Алға қойған мақсатымыз – үздік нәтиже көрсету, – деп өз ойымен бөлісті қатысушылардың бірі мотоатқыштар батальоны экипажының командирі лейтенант Артур Имашев.

 

«Сұңқар аңшылығы» конкурсы үш кезеңнен тұрады. Қатысушылар ҰҰА кешендерін ұшуға дайындау, әуеден барлау жүргізу нормативтерін орындайды. Түнгі уақытта артиллериядан оқ атуды түзетуде өз шеберліктерін көрсетеді. Сонымен бірге, бағдарламаға оқ ату және дене шынықтыру дайындығы бойынша жарыстар енгізілген.

 

Армиялық халықаралық ойындарға қатысу әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және олардың кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етіп, жауынгерлік оқу-жаттығуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ынталандырады.

 

Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.