ӘСКЕРИ БОРЫШ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

0

Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Оның ұлтжандылығы мен халқына деген адалдығы осыдан көрініс табады. Қазіргі таңда жастар арасында азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру мәселелері өзекті болып отыр.

Осыған орай сейсенбі күні  әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесінің бастығы Медет Амержан  Масаншы ауылына қарасты «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының шәкірттерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ауданның бас имамы шәкірттерге Отанды қорғау әрбір азаматқа парыз екендігін айтып жеткізсе, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесінің бастығы патриоттық рух қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстану бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Болашақ сарбаздарды ел мәртебесін биікке көтеріп, Отанға қорған болуға шақырды. Білімгерлер өз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Жыл сайын Қазақстан Президенті азаматтарды әскер қатарына шақыруды жариялайды. Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) сәйкес жүзеге асырылады.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыруға жатады (Заңның 31-бабы).

Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.

Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі (Заңның 30-бабы).

Әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады (Заңның 17-бабының 3-бөлігі).

Бұл ретте, әскери қызметтен жалтару Қылмыстық кодекстің 387-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, онда 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.