ӘЗЕРБАЙЖАНҒА МЕМЛЕКЕТТІК САПАРМЕН БАРДЫ

0

Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайда Қазақстан Президентін Әзербайжан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Самир Шарифов қарсы алды.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президентінің «Загульба» резиденциясына барды. Резиденцияда Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді.

Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекеттік әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Салтанатты рәсімнен кейін екі ел басшылары келіссөз залына өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен және биыл Бакуде СОР 29 саммитін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады.

Президент Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығының мазмұны байып, бірлескен ірі жобалармен толыға түскенін және қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалады.

Әзербайжан Президенті Қазақстанмен арадағы бауырластық байланыстардың беки түскенін айтты.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы қарастырылды.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.