Жақында «Цемзауыт» шағын ауданындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ұлттық мұра жобасы» аясында аудандық әжелер байқауы өткізілді.
Байқауда Қордай, Әлжан ана, Қақпатас, Ноғайбай ауылдарының әжелер тобы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Баласын қанаттандырып, немере мен шөбересін баулып отырған ауданымыздағы белсенді әжелер дода көрігін қыздырып, төрт номинация бойынша жүйрікті анықтады. Ұрпақ тәрбиесінде орасан зор үлесі бар ұлағатты әжелердің өнегесін ортаға салатын мұндай байқаулардың берері көп, әрине. Сайысқа сайланып келген қатысушылар ережеге сай өнерлерін көрсетіп, түрлі сындардан өтті. Байқау барысында ақжаулықтылар ұмыт бола бастаған дәстүрлерді сахналап, қазылардың сұрақтарына жауап беріп, баланы кішіпейілділікке, қарт адамдарды құрметтеуге үйретуді үндеді. Атап айтқанда, таныстыру, сұрақ-жауап, үй жұмысы, өнер бойынша топтық өнер көрсетіп, көпшілікке өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, қатысушылар үй жұмысына арнайы дайындалып келген «Үме», «Сірге мөлдірету», «Ерулік», «Жылу жинау», «Енші беру» сынды салт-дәстүрлерден қойылым көрсетті.
Өткеніміздің өнегесін дәріптеп, өз өнерлерін көрсету, бойындағы мейірімділік пен ізгілік қасиетін сайыс арқылы көрерменге дарыту мақсатында ұйымдастырылған бұл додада қазылар алқасының шешімімен «Тағылымды әже» номинациясымен Ноғайбай ауылы, «Парасатты әже» Қордай ауылы, «Ісмер әже» номинациясын Қақпатас ауылы еншіледі. Өзге қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Байқаудың өтуіне демеушілік жасаған Қордай ауылдық округінің әкімі Ә.Қаспақбаевқа, кәсіпкер С.Сидоренкоға ұйымдастырушылар тарапының айтар алғысы шексіз.