ӘЖЕЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

0

1 қараша күні Қордай аудандық Мәдениет үйінде Қордай ауданының 95 жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында аудандық ардагерлер кеңесінің және аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, «Amanat» партиясының Қордай аудандық филиалының қолдауымен «Асыл әже» атты аудандық Әжелер байқауы өтті. Байқаудың негізгі мақсаты халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану.

Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқаудың ережесі бойынша ақжаулықтылар ең алдымен өздерін  таныстырып, екінші кезеңде жеке немесе хормен ән айтып, мың бұрала би билеп, өзге де өнерлерін ортаға салулары тиіс болды. Ал сайыстың үшінші кезеңінде тәрбиелік мәндегі қойылымдар (ене мен келін, ана мен қыз, әже мен немере, т.б. арасындағы қарым-қатынас) қойып, төртінші кезеңде ұлттық нақыштағы киім үлгісі көпшілікке көрсетті. Әжелер сайысына  15 ауылдық округтен жасы 61-80 жас аралығындағы ақжаулықты аналар қатысып, бақтарын сынады.

Кимешегін кірлетпей, көңіліне кір шалдырмай жүрген ақ самайлы аналарымыз өнер бәсекесінде ерекше белсенділік танытты. Дегенмен, жарыстың аты жарыс болғандықтан үздіктерді анықтау – әділ қазылардың мойнына жүктелген міндет. Сонымен тағылымы мол сайыстың қорытындысы бойынша байқаудың ең үлкен қатысушысы, 81 жастағы ноғайбайлық Битай Нураханова гран-при иегері атанды. Ал жүлделі 1-орынды  Қаракемер ауылынан Майра  Кипчакбаева, 2-орынды 64 жасар Рая Танатарова, 3-орынды Қақпатас ауылдық округінен Мырзакүл Алмежанова Қақпатас иеленді. Сонымен қатар «Өнерлі Әже» номинациясы бойынша — Боранбаева Жұмақыз – (Алға а/о, 73 жаста), «Инабатты Әже» номинациясы бойынша – Нұркеева Айзада, (Күнбатыс-2 ауылы, 66 жаста), «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша  – Жаналинова Сағымжан (Әлжан ауылы, 74 жаста) жеңіп алды. Қалған әжелеріміз ыңталандыру сыйлықтарымен марапатталды.   Барлық қатысушы әжелерімізге бағалы сыйлықтар, диплом мен гүл шоқтары табысталды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет байқауға қолдау көрсеткені үшін «Amanat» партиясының Қордай аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозовке  және  байқауды дайындауға атсалысқан аудандық Мәдениет үйінің режиссері Иманбаева Ғалияға  үлкен алғыс білдірді.

Қыздарымызға сырға толы әңгіме шертетін, тойға барса немересін қасына ертетін әжелеріміз аман болсын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз.

Қордай аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.