Өңірлік инспектор құрылыс барысымен танысты

0

Осы аптада Қордай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Үкіметі Аппаратының өңірлік инспекторы Ергелді Сәрсенбаев келіп, аудандағы бірнеше елді мекенде болып қайтты. Өңірлік инспектормен бірге жүрген аудан әкімі Бегзат Болатбеков нысандармен таныстырып, жалпы аудандағы ахуалды бандап берді.

ҚР Үкіметі Аппаратының өңірлік инспекторы Ергелді Сәрсенбаев сапарын Гвардейск қалашығында орналасқан «ОtarBioPharm» ЖШС-нен бастады. Биофармацевтикалық екпелерді өндіретін зауыт жұмысымен оның директоры Закир Ершебулов таныстырып өтті. Оның айтуынша, зауыт жылына 60 млн. доза вакцина шығаруға қауқарлы, мұнда ең білікті деген мамандар жұмыс істейді, олардың барлық жағдайы қарастырылған. Ергелді Қасанбайұлы жұмысқа қатысты проблемалық мәселелерді сұрастырды. Өз кезегінде Закир Ершебулов осыншама үлкен көлемде вакцина шығаруға қауқарлы зауыт бүгінгі күнде толық көлемде жұмыс жасай алмай жатқанын жеткізді. Оның бірнеше себебі бар. Ең басты дегендері өзге елдерден келетін екпелер бағасы төмен болғандықтан, сатып алушылар сападан гөрі арзан бағаға қызығады екен. Мұнымен қоса, басқа да мәселелерді атап өткен зауыт басшысының сөзін назарына алып, тиісті жерге жеткізетінін айтқан Ергелді Сәрсенбаев ғылыми қызметкерлерге сәттілік тіледі.

Осыдан кейін өңірлік инспектор Қарасу және Қаракемер ауылдарында бой көтерген 300 орындық «жайлы мектеп» құрылысымен танысты. Бұл нысандардың құрылысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ толығымен қаржыландырады. Бұл мектептердің ерекшелігі – ауылда да қалада да бірыңғай стандартпен салынады. Мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Пәндік кабинеттер тек заманауи жабдықтармен жасақталады. Бір сөзбен айтқанда оқушыларға білім алуға барлық жағдай қарастырылуы тиіс.

Қос нысанда да Ергелді Сәрсенбаевқа мердігерлер құрылыс барысын баяндап беріп, бірқатар мәселелерді де көтерді. Мектеп құрылысына қатысты сапа, нысанды пайдалануға беру мерзімі сынды әңгіме қозғады. Осы тұста Ергелді Қасанбайұлына аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов екі мектепті пайдалануға беру мерзімі жайында бірқатар мәселені атап өтті.

Келесі кезекте өңірлік инспектор Масаншы ауылына барды. Мұнда жақында ауруханаға қосымша ғимарат салынды. Құрылыс толығымен аяқталып, медицина мекемесі қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Енді нысан дәрігерлерге тапсырылуы тиіс. Бас дәрігер ғимарат ішіндегі әр кабинетпен толық таныстырып өтіп, жақын арада науқастарды қабылдауға дайын екенін жеткізді.

Е.ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.