Өмір үшін күрескен кішкентай батырлар

0

Жыл сайын 17 қараша күні Халықаралық шала туған балалар күні атап өтіледі. Бұл күн шала туған нәрестелердің өмірге деген шексіз құштарлығын, ата-аналарының үміті мен махаббатын, сондай-ақ дәрігерлердің ерен еңбегін дәріптейтін ерекше дата. Осыған орай біз Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана және гинекология бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Эльгама Гусейновамен сұхбаттасып, уақытынан бұрын дүниеге келген кішкентай батырлар, олардың күтімі және жалпы бөлімнің жұмысы туралы әңгімелестік.

– Эльгама Хусейновна, сіздердің бөлімшеде шала туған балалар қаншалықты жиі дүниеге келеді?

– 2024 жылдың 10 айындағы мәліметтерге сәйкес, Қордай ауданында мерзімінен бұрын болған босану жалпы босанулардың 2,1%-ын құрады.

– Шала туған балалардың дүниеге келуіне қандай себептер әсер етуі мүмкін?

– Мерзімінен бұрын босанудың түрлі себептері бар. Кейде медициналық көрсеткіштерге байланысты, мысалы ерте босандыру немесе кесар тілігі қажет болған жағдайларда орын алады. Оларға біріншіден, әлеуметтік-экономикалық факторлар, яғни жүкті әйелдің дұрыс тамақтанбауы, ауыр физикалық жұмыс, зиянды әдеттер, жоспарланбаған жүктілік, екіншіден, әлеуметтік-биологиялық факторлар әсер етуі мүмкін. Мерзімінен бұрын босану көбіне 18 жасқа дейінгі немесе 35 жастан асқан бірінші рет босанатын әйелдерде кездеседі. Сонымен қатар, алдыңғы жүктіліктің жасанды үзілуі (әсіресе асқынулармен өткен болса), келесі жүктіліктің аралығы 2–3 жылдан аз болған жағдайлар әсер етеді. Бұдан бөлек, клиникалық факторлар да бар –жүкті әйелдердегі созылмалы аурулар, жүктілік патологиялары, жүктілік кезінде болған инфекциялық аурулар, операциялардың кесірінен орын алып жатады.

– Шала туған балаларға күтім жасау үшін қандай жабдықтар қолданылады?

– Қордай аудандық орталық ауруханасында шала туған балаларға күтім жасау үшін барлық қажетті құрал-жабдықтар бар: CPAP аппараты, өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ), жаңа туған балаларға арналған инкубаторлар, реанимациялық жүйелер, неонаталды датчиктері бар мониторлар. Сонымен қатар, сурфактант (Куросурф), парентеральды қоректену үшін Нумета қоспасы, Аминовен және СМОФ липид препараттары бар.

–«Шалабайларды» қанша уақыттан кейін үйлеріне шығарасыздар?

– Бұл сауалға нақты жауап беру қиын. Баланың гестациялық мерзіміне, салмағына және асқынулардың бар-жоғына байланысты. Әдетте, олар болжамды босану уақытына дейін бөлімде күтімде болады.

– Мерзімінен бұрын туған балалардың күтіміне жауапты дәрігерлер мен медициналық персоналдардың жұмысы оңай емес. Аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің ақ халатты абзал жандарына тоқталып өтіңізші?

– Медицина қызметкерлері шала туған нәрестелерге ерекше жауапкершілікпен қарап, бар кәсіби дағдылары мен біліктілігін көрсетуі тиіс. Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінде акушер-гинекологтармен қатар, неонатолог дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері де жұмыс істейді. Неонатология қызметін неонатолог дәрігер Д.Ахметова басқарады. Жаңа туған нәрестелерге тәулік бойы күтім жасайтын арнайы пост жұмыс істейді. Кезекші неонатолог дәрігерлер құрамында В.Бармакова, Т.Каламацкая, П.Бармышева бар. Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия палатасы қарастырылған.

Медицина қызметкерлері мен шала туған нәрестенің анасы арасында сенімді қарым-қатынастың орнауы  өте маңызды. Себебі «сәттілікке жету жолы» оңай болмауы мүмкін. Бұл жолда медицина қызметкерлерінің кәсібилігімен қатар, ананың да үлкен төзімі қажет.

– Сізді жұмысыңызда не шабыттандырады? Есіңізде ерекше сақталған оқиға бар ма?

– Маған шабыт беретін, ерекше есте қалған оқиғалар өте көп. Бірақ  жүрегімде ерекше із қалдырып, өмір бойы жадымда қалатын бір оқиға бар, сонымен бөлісейін. Мен акушер-гинеколог қана емес, өзім де шала туған үшемнің анасымын.

2017 жылдың қазан айында үш балапанымды дүниеге әкелдім. Өзіме таныс перзентхана қабырғасына жоғары қан қысымымен және толғақпен түстім. Босанатын уақытым әлі жетпегендіктен, жүктіліктің 32-аптасында шұғыл түрде ота жасалды. Қорыққаным соншалық, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені мен дәрігер ретінде босану мен шала туған нәрестелерді күтіп-баптау кезінде болуы мүмкін барлық асқынуларды білетінмін. Бірақ әріптестерімнің кәсібилігіне толық сеніп, өз өмірімді және балаларымның өмірін соларға  тапсырдым.

Жарық дүниеге келуге асыққан үшемім – Амир, Алан және Амина Гусейновтар – 1700 г, 1400 г және 1300 г салмақпен туылды. Біздің жолымыз ұзақ та қиын болды. Неонатологтардың ұсынысы бойынша және өңірлік тәртіпке сай балаларым Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына жеткізілді. Онда біз 3 апта болдық, содан кейін Қордай аудандық орталық ауруханасына қайтып келіп, жаңа туған нәрестелерді күту мен баптауды жалғастырдық.

Медицина қызметкерлері маған көп қолдау көрсетті, өйткені мен тыныштық пен ұйқыны ұмытып, бар уақытымды балаларға арнадым. Ал, көрші палаталардағы әйелдер, мені көріп,  бұрын өздері қаралған дәрігер екенімді танығанда таңғалатын. Себебі көпшілігі дәрігерлер ешқашан ауырмайды, олардың босануы әрдайым жеңіл өтеді, ал балалары уақытында туылады деп ойлайды. Бұл оқиға жайлы көп нәрсе айтуға болады. Перзентханадан шыққаннан кейін, барлық жауапкершілікті сезініп, «шалабайларымды» әрі қарай күтіп-баптаудан туындайтын қорқынышты жеңу керек болды. Бір жыл бойы үш нәрестемен бірге балалар хиропракторы, невропатолог, офтальмолог, ортопед, кардиолог мамандарына тұрақты түрде барып, сансыз талдаулар, УДЗ, ЭХО КГ жасатуға тура келді. Менің үшемім қатарластарының даму деңгейіне екі жасында жетті. Құдайдың қалауымен, бүгінде 7 жаста, бірінші сыныпта оқып, білімде жетістікке жетіп, спортпен айналысады – бұл біз үшін бір кездері мүмкін емес болып көрінген.

Өзімнің жеке оқиғам арқылы мен қазіргі уақытта осындай қиын өмірлік сынақтарға тап болған ата-аналарды қолдап, шала туған балалар ерекше назар мен үлкен шыдамдылықты талап ететінін түсінуді және медициналық қызметкерлерге сенудің маңыздылығын көрсеткім келеді.

 – Шала туған сәбиге үй жағдайында күтім жасауға қалай дайындалу керек?

–  Шала туған сәбиді емізу керек, ана сүті – иммунитеттің жалғыз табиғи көзі. Егер емізу мүмкін болмаса, баланы өңделген ана сүтімен немесе шала туған сәбилерге арналған арнайы қоспамен тамақтандыру қажет. Одан кейін гигиена, тамақтану және ұйқы режимі маңызды. Бөтен адамдардың кіруін шектеу қажет. Себебі шала туған сәбидің ағзасы әлі толық жетілмеген, бұл оның иммунитетіне әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, вакцинация және аурулардың алдын алу маңызды. Шала туған балалар рахит пен остеопенияға бейім. Екі айға келгенде көбінде анемия дамиды. Сондықтан гемоглобин, темір, Е және D дәрумендерін бақылау қажет. Дәрігер рұқсат бергеннен кейін баланың жеке вакцинация кестесі жасалады, оны қатаң сақтау маңызды. Ең бастысы дәрігерлердің кеңестерін тыңдап, баладан мейірім мен махаббатыңызды аямаңыз. Шала туған сәбиге ерекше қамқорлық қажет. Оған ертегі оқып, ән айтып, сөйлесіп отырыңыз. Сәби сіздің дауысыңызды естіп, сезінеді.

— Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.