ӨМІРДЕН ӨТСЕ ДЕ, КӨҢІЛДЕН КӨШПЕГЕН

0

Әбдімәлік ағам бақилық болғалы да бір жыл өте шығыпты-ау. Кім ойлаған, осылай кенеттен көз жазып қаламыз деп. Ол кісіні ойласам балалық шағым еске түседі.  Сағынбек әулеті Қаракемерде қатар үйлерде тұратынбыз. Тұрдажі, Балбаш, Құлбаш аталарды көзіміз көрді, тәлімін алдық.  Тұрдажі ата өңшең қарадомалақ біздердің басымызды екі тізесінің арасына қысқаштай қысып алып, қалтасынан өткір ұстарасын алып қайыс белдікке жанып-жанып жіберіп, қызыл ала етіп шашымызды әперетін. Зейнеп апа ашуы қамшының ұшында жүретін адуынды, бірақ қайтымы тез қайырымды кісі еді. Олардың үлкен ұлы Мұқтар аға мен Задан жеңгеміз тауда малда болды да оларды сирек көретінбіз. Ал, Әбдімәлік аға күнде көз алдымызда. Бір үйде жалғыз өсіп, оны туған ағамдай сезіндім.  Өзі домбыраның құлағында ойнайтын, шахматқа да зерек болды. Құрдастары Жапарбек, Қапарбек, Ғабит, Еркін, Манас ағалар болып жарыса күй шертіп, шахмат ойнап, спортқа қатысып талай жастарды соңынан ерте білді.

Менен бес жастай үлкен Әбекеңнің мектеп бітіріп институтқа түскені, «мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» демекші, Балқынай жеңгемді әкеліп ауылда беташар той болғаны, сонау қиыр сотүстіктегі түкірігің жерге мұз болып түсер Мурманскде әскери қызметін өтеп қайтқаны бәрі-бәрі есімде. Балқынай жеңгеміз екеуі институтта бірге оқып, бір-бірінің қадір қасиетін тереңнен түсініп барып бас қосқан жандар.  Олардың балалары Ілияс, Бақытбек, Айдын, Сайын, Дархан інілеріміз Қаракемердің ауасын жұтып, топырағында аунап өскен. Кейінірек Таразда кенжетайы Мәди өмірге келді. Әбекең бізге шын мәнінде жанашыр бауыр, ақылшы аға болатын.

Әбдімәлік Сағынбеков Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетінде жоғары білім алып, 1971-1976 жылдары өзі туып өскен ауылдағы Чапаев атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі, ал 1976 жылдан 1985 жылға дейін осы мектептің директоры болып қызмет атқарды. Бұл кезеңде ол өзінің үлкен іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін танытты.

1985 жылы Жамбыл (Тараз) педагогикалық институтына теориялық математика кафедрасына аға оқытушы, доцент болып ауысып, соңғы жылдарға дейін осы қызметті қалтқысыз атқарып келді. Тәжірибелі, озық ойлы ұстаз «Қазақстан мектебі» журналында әр жылдары «Горнер схемасы», «Геометрикалық түрлендірулер», «Векторлық алгебра элементтерін кейбір геометрикалық теоремаларды дәлелдеуде қолдану» т.б. зерттеу мақалаларын жариялады. Ол өз ауылынан шыққан атақты математик, ҚР ҰҒА академигі Мұқтарбай Өтелбаевты аузынан тастамай мақтан тұтатын әрі оның талантты шәкірттерінің бірі болды. Әбдімәлік Тұрдажыұлының мектеп мұғалімдері мен дарынды оқушыларға арналған «Ой өрісті дамыту» (2015), «Тригонометрияға арналған есептер» (2022) әдістемелік кітаптары жарық көрген.

Әбекең аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, көпшіл жан болатын. Қандай түйіткілді жайды да қалжыңға айналдырып, қарқылдай күліп жуып-шайып жіберетін. Айналадағы ағайын туыс, жора жолдастары, әріптестері арасында сыйлы, Таразға көшсе де жолдың қашықтығына қарамастан кім-кімнің де қуанышты той-томалағынан, топырақты өлім жиындарынан қалмайтын. Олардың адамдармен сыйластық қарым-қатынасын, досқа адалдығын, өмір салтын үлгі тұтатын едік. Аға-жеңгеміз лайықты ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Бүгінде үлкен ұлдары Ілияс пен Айдын Тараз қаласы мектептерінде математика пәнінен дәріс беріп, ата-анасының ұстаздық жолын жалғастыруда. Сайын Әбдімәлікұлы – жоғары білікті ІТ маманы, PhD ғылыми дәрежесін Ұлыбританияның Уарвик университетінде қорғаған, бүгінде Астанадағы Назарбаев университетінің компьютер ғылымдары бөлімінде Ассисент профессор, кенже ұлы Мәди – ІТ маманы, «BOOKING.COM» компаниясының Нидерландыдағы (Амстердам) бас кеңсесінде бағдарламашы болып қызмет атқарады. Әбекеңнің келіндері де жоғары білімді мамандар, немерелерінің алды жоғары білім алып қызметке араласуда.

Қашан да жаны жайдары, ағайын-туысқа бауырмалдығынан, жора-жолдасқа адалдығынан танбаған, тек жан тазалығы мен әділдікті ту еткен ұлағатты жанның жарқын бейнесі жадымызда ұзақ сақталады. Жатқан жерің жарық, жаның жаннатта болсын, аға.

Ізгі ниетпен інің Құрманбек ӘЛІМЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.