ӨМІРГЕ ҚАУІП, БОЛАШАҚҚА ҚАТЕР

0

ХХІ ғасырдың дерті саналатын лудоманиядан әлемнің 350 миллион адамы зардап шегіп отырған көрінеді. Ал, өз елімізде 36 мыңнан аса адам осы психологиялық дерттің қармағына іліккен. Тіпті, осының салдарынан қаншама шаңырақ шайқалып, ажырасқандардың қатарын арттырса, біраз адам өзіне өзі қол салған. Осыншалықты әлеуметтің әлеуетін әлсіретуге әсері орасан болғандықтан да лудоманияға бүкіл әлем алаңдаушылық танытып, онымен күресу жолдарын жандандыруда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаз айында лудоманияға қарсы заңға қол қоюға дайын екенін айтып: «Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады.Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті» деген болатын. Көп ұзамай-ақ, 8 шілдеде сол заңға Президент қол қойды.

Ақорданың хабарламасында «Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді» делінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына шектеу қойылды. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Егер бұл шектеуді сақтамаса, жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Сондай-ақ, ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері де күшейтілді.

Әрине, мұның бәрі де адамның өмірін сақтап, болашағын қорғау үшін жасалып жатқан іс-шаралар. Дегенмен, әркім өзіне сақ болмаса, бәрі бекер. Сондықтан, біз облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандарынан адамды лудоманияға жетелейтін не екенін және одан құтылудың жолы қандай болмағын сұрадық.

– Бастапқыда бұған қызығушылықпен, оңай олжа табу мақсатымен барады. Әрине, әуелгіде жеңіске жеткендей, табыс тапқандай көрінуі мүмкін. Бірақ, оңай олжаның соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Құмар ойындардың салдары адамның әлеуметтік қарым-қатынасына ғана емес, оның физикалық денсаулығына да кері әсер етеді. Адам психикалық тұрғыда шаршайды, сыртқы келбеті алкогольге және есірткіге тәуелді кісіге ұқсайды. Ойынқұмар өзін науқаспын деп санамайды. Оны кез келген кезде қоя саламын деген ой жетегінде жүреді. Бірақ, әдет жалғаса береді. Ал жан-жақтан қарыз қысып, шешім таппаған кезде мұның арты депрессияға алып келеді. Осы кезде ішімдік пен наркатроптық препараттарға да әуестігі басталады. Осылайша науқастың санасында өзін алдау процесі жүреді. Мұның соңы қылмысқа апаратын жағдаймен жалғасын тауып жатады. Сонымен қатар, суицидке апаруы да әбден мүмкін. Көбінде науқас өз проблемасын түсініп, дәрігерге бара алмайды, сондықтан оның жақындары маманға жүгіну мәселесін өз қолдарына алуы керек. Амбулаториялық жағдайда құмар ойындарға деген тәуелділікті тоқтату өте қиын және үнемі ойынға қайта оралу қаупі болып тұрады. Сондықтан да науқастың стационар жағдайында ем алғаны дұрыс, – дейді орталықтың психологы Жанар Байгутдиева.

Айта кетейік, облыстық психикалық денсаулық орталығында мамандар бұл дерт туралы кеңес беріп, құпия және тегін түрде көмектесуге дайын.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.