ӨМІРІ ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН ҰСТАЗ

0

Білім жолында инемен құдық қазғандай жанкешті тірлік жасайтын ұлағатты ұстаздар жайлы қанша жазсақ та көптік етпейді. Өйткені, адамның адам болып қалыптасуына ата-анамен қатар, ұстаздың да қосар үлесі зор.

Қордай ауданында өзінің кәсібилігімен қатар, жайдары мінезімен, адамгершілігімен және шығармашылық қабілетімен өскелең ұрпаққа өнеге боларлық мұғалімдер баршылық. Солардың бірі – Сәуле Накисбекова. 

Сәуле Шәмшіғалиқызы 1964  жылы  27  қаңтарда  Жамбыл  облысы,  Сарысу  ауданы, Камқалы  совхозында дүниеге  келген. 1981 жылы онжылдық мектепті  бітіргеннен  кейін Жезқазған  қаласындағы Байқоңыров  атындағы  Педагогикалық институттың физика-математика факультетінде білім алған. Еңбек жолын Ноғайбай ауылындағы №35 Рза Қунақова  атындағы  орта  мектебінен бастап, осында 30 жылдан астам табан ауыстырмай еңбек етіп келеді. Ол білікті педагог қана емес, оқу процесінде балалармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын, оқушыларды өзіне баурай білетін, сабақ берудің заманауи әдіс-тәсілдерімен шәкірттеріне үлгі болып жүрген жан.

Ұлағатты ұстаз «математика-информатика» мамандығы бойынша білім алғанымен, бала кезінен поэзияға құштар, өлең жазып, жыр шумақтарын оқуға құмартып өскен. Бүгінде Сәуле Шәмшіғалиқызы  бірнеше жыр жинақтарының, кітаптардың авторы. «Ең алғашқы  «Анама» деген өлеңім  Сарысу  ауданының  «Октябрь  таңы»  газетіне  7 -сынып  оқып  жүргенде  басылып  шықты.  Содан  жаза  бастадым. Кейіннен «Лениншіл  жас», «Қазақстан  пионері»  «Балдырған»  журналдарына шығып тұрды. Шығарған өлеңдерімді дәптерге жазып  қоя  беруші  едім. Қарасам 4-5 дәптер  толып  қалыпты. Содан  2021  жылы бірінші  кітабымды «Өмірдің  өзі  Махаббат» деген атпен  шығардым. Араға  5-6  ай  салып  «Саған» атты екінші кітабым басылып шықты.Үшінші  кітабым  «Албандар» деп аталатын  тарихи  дастан.  Бұл  кітапты екі  жылға  жуық уақыт жаздым. 2022 жылдың  қазан айында  жарық  көрді. «Албандар» дастаны жақсы  сұранысқа  ие  болды. 2023  жылдың  27  қаңтарда  халықаралық сатылымға  тіркеуге  алынды»,-дейді ұстаз.

Сәуле Накисбекова 2022 жылы Халықаралық  Жазушылар  Одағына  мүше  болып кірді. Қажырлы еңбегінің арқасындағы жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтатын болсақ,  III Республикалық  білім  мен  өнер  байқауында  «Ақындық  өнер»  номинациясы бойынша «Бас жүлде» иеленген, III   Республикалық  білім  өнер  байқауынан әр жылдары «Үздік  педагог», «Шығармашыл педагог» номинациясын жеңіп алған. «Эрудит»  интеллектуалды  Республикалық  олимпиадаға  оқушыларды  қатыстырғаны  үшін  Алғыс  хатпен, II Республикалық «Кемеңгер  ұстаз» олимпиадасы  бойынша  I дәрежелі дипломмен марапатталды. I  Республикалық  «Кемеңгер  ұстаз»  олимпиадасының  жүлдегері, III дәрежелі диплом иегері. Ұстаздың тәрбиелеген шәкірттері де түрлі аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан табылып жүргендерін айта кеткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.