ӨМІРІ ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН

0

Қасиетті Қордай жерінің тумасы Дәмегүл Үмбетқызының есімі поэзия әлеміне етене таныс. Оның сырлы сезім мен тұнық махаббат, кіршіксіз тазалық пен риясыз сенім, шынайы үміт ұшқындары үйлесім тапқан жырлары әдебиет сүйер қауымның жүрегінен жол тауып, ыстық ықыласына бөленген.

Дәмегүл Бақытжанова – Әлем халықтары жазушылары, Түркі Әлемі халықтары жазушылары одағының мүшесі, «Тұран бірлігі» халықаралық журналының редакторы, екі жүзден астам өлеңнің авторы. Сонымен қатар, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Бүгінде ол Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Өткен сенбі күні аталмыш білім ордасында Дәмегүл Бақытжанованың шығармашылық кеші өтті. Әдеби кешке ақынның замандастары, әріптестері және шәкірттері жиналды. Шара барысында қаламгердің өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кештің шымылдығын Аманжол Лепесов ақынның сөзіне жазылған «Бақыт туралы» атты әнімен ашты. Сондай-ақ, кеште 5 сынып оқушылары Д.Үмбетқызының сөзіне жазылған «Сағындым сені» вальс әнін орындап, «Жас өркен» шығармашылық тобы автордың күз туралы өлеңдерін оқыды. Рухани жиында автордың өзі де көңілдің нәзік қылын шертер сезімге толы өлең-жырларын көрерменге тарту етті.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаз-ақынның мектептен түлеп ұшқан шәкірттері бүгінде еліміздің белді оқу орындарында білім алуда. Кеш барысында олар ұстаздарына бейне құттықтауларын жолдап, алғыстарын жаудырып, ақынның көңілін бір марқайытты.
Ал кешке келген Түркі әлемі жазушылары одағының мүшелері арнау өлеңдерін оқып, ақынға сый-сияпаттарын жасады. Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Үрістемов құттықтау хатын табыс етіп, қазақы дәстүрге сай ақынның иығына камзол жапты. Кешке жиналғандар Дәмегүл Бақытжанованың шығармашылығына жоғары баға беріп, керемет көңіл-күймен тарқасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.