Қазақ топырағы қай заманда да ер мен ел қорғаған батырдан кенде болған емес. Қарапайым ауыл перзенттері де ел басына күн туғанда қасық қаны қалғанша күресіп, Тәуелсіздіктің тұғырын бекем етті. Сол ерлердің бірі – Қордай топырағында дүниеге келіп, Отан үшін от кешкен, бейбіт күнде де маңдай терін елге арнаған ардақты ардагер, адал азамат – СЕМЖАНОВ АҚЫНТАЙ БАЛДАҚБАЙҰЛЫ.
Ақынтай Балдақбайұлы 1926 жылы 1 қаңтарда Қаракемер ауылына қарасты Күнгей учаскесінде дүниеге келді. Әкесі Ісімжан – арабша сауатты, Құранды жатқа білетін, көзі ашық, көкірегі ояу қария еді. Анасы – Сабира Тастанбайқызы – Жаңатұрмыс ауылының, Есқожа елінің қызы. Осындай текті әулеттен шыққан ол жасынан қарапайымдылық пен адалдықты бойына сіңіріп өсті.
1943 жылы, небәрі 17 жасында, Қордай аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанды. Сол жылдың тамызынан бастап №374 полкта атқыш болып, қараша айында №44 полкке ауысып, аға атқыш қызметін атқарды. 1945 жылдан бастап №861 және №928 авиациялық полктерде моторист, кейін механик, ұшқыш болып, әскери міндетін абыроймен өтеді.
Жауынгерлік борышын 1950 жылға дейін жалғастырып, анасының өтінішімен елге оралды. Бірақ майданнан оралған боздақтың денсаулығы сұрапыл соғыстың зардабын арқалап келді.
Елге оралған соң да ол қарап қалған жоқ. Қарапайым қызметтен бастап, партиялық, шаруашылық жұмыстарға дейін бір адамдай атсалысты.
1951 жылы Қордай ауданындағы «Колос» колхозында гараж меңгерушісі болып еңбек жолын бастады. Кейін осы колхоздың партия ұйымының хатшысы, жайылым учаскесінің басшысы, мал шаруашылығы саласында зоотехник, бас зоотехник, бөлім меңгерушісі сияқты жауапты қызметтер атқарды.
1958 жылы Шымкенттегі партия мектебіне түсіп, зоотехник мамандығын меңгеріп шығады. Елге білікті маман болып оралып, «Киров», «Коммунистический», «Чапаев» және «Жаңатұрмыс» колхоздарында жауапты лауазымдарда еңбек етеді.
1965 жылы Қордай аудандық еңбекшілер депутаттары кеңесіне депутат болып сайланып, округ халқының мәселесін шешуде белсенділік танытты. Партия ұйымының хатшысы ретінде де, шаруашылықтың басшысы ретінде де халық мүддесін бәрінен биік қойды. Әріптестері оны еңбекқорлығы мен турашылдығы үшін құрметтеді.
Ақынтай Балдақбайұлының Отан алдындағы ерен еңбегі мен ерлігі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. Ол «Германияны жеңгені үшін», «Совет армиясы мен флотының 30 жылдығы», «Тың жерлерді игергені үшін», «Лениннің 100 жылдығына арналған еңбектегі ерлігі үшін», «Социалистік жарыс жеңімпазы – 1976, 1980», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығы», «Қарулы күштердің 60 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
Бұл марапаттар – майдангер Ақынтай Семжановтың жарқын өмірінің, маңдай тері мен жанқиярлық еңбегінің нақты дәлелі.
Ақынтай ақсақал жары Сәлиманмен бірге он баланы тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығына дерлік жоғары білім алуға мүмкіндік жасап, оларды елге пайдасы тиетін, адал азамат етіп өсірді. Тұңғыш ұлы – Әділбай Семжанов – Алматы зооветеринарлық институтын тәмамдап, ауыл шаруашылығы саласына еңбегін арнады. Әкеден аманат алған ұстаныммен іні-қарындастарына қамқор болды. Бүгінде ауыл ақсақалдарының бірі, ел ағасы.
Қызы Қарлығаш – полиция подполковнигі, Шымкент қаласында қызмет етсе, Жұлдыз – бас дәрігер, Айкерім – есепші, Гаухар – фармацевт, Нұржан – ауылда қарашаңырақтың иесі. Екінші ұлы Биболсын – ерте еңбекке араласып, отбасының тірегі болды. Жеңгелері Нұрбүбі – асылдың сынығы, ұл-қыз өсіріп, немере-жиен сүйіп отырған жан.
Қыздары – Асипа, Әсел, Светлана, Чолпан, Айман – бәрі де жоғары білім алып, ұстаздық, медицина, мәдениет саласында елге қызмет етті. Олар да өз әке-шешесінің тәрбиесімен, ұлттың салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен. Немере, шөбере сүйіп, ата-әже аманатын жалғастырып келеді.
Ал, Қордай есімді ұлы – атына заты сай, еліне қорған, ауыл шаруашылығында еңбек еткен жан. Бұл есімді оған ұлы жыршы Кенен Әзірбаевтың өзі қойып кеткен екен – бұл да болса Ақынтай атамыздың ел ішіндегі қадірін білдірсе керек. Ақсақалдың Кененмен таныстығы да тегін емес, ол – Қордай елінің өнер мен еңбекке бірдей үлес қосқан қос алыптарының өзара сыйластығының белгісі.
Майдангер 1983 жылы 5 маусымда небәрі 57 жасында, майданнан қалған жарақаттардың салдарынан өмірден озды. Бірақ оның рухы – ұрпағының бойында, сөзі – ел есінде, еңбегі – тарих парағында мәңгілікке қалды.
Семжанов Ақынтай Балдақбайұлы – ұлы Отан соғысының ардагері ғана емес, ел мен жерге адал еңбек еткен нағыз халық азаматы. Оның өмірі – қазіргі және келешек ұрпаққа өнеге. Елін сүйген ерлердің ерлік жолы ешқашан ұмытылмайды.