Бала күнінде құс болып ашық аспанда еркін самғауды армандамаған адам жоқ шығар, сірә? Сәби қиялмен қалықтап, зеңгір көкке бір-ақ көтерілесің. Сондағы адам баласының аспан әлеміне құштар болуының себебі неде екен? Есейе келе, көпшілігі мұның бәрін ұмытып, тағдыр жолымен ілесіп кете береді. Дегенмен, бала арманына адал болып, мұратына адаспай жеткен жандар да бар ортамызда. Солардың бірі – Құндызай Тоқтырова.
Ол екінің біріне бұйыра бермейтін, әлемдегі мәртебелі мамандықтардың бірі – бортсерік болып қызмет етеді. 12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарыш күніне орай, біз өмірін әуемен байланыстырған маман иесімен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Нәп-нәзік болмысымен таудай арманға құлаш сермеген бойжеткен Қордай ауданы, Отар ауылының тумасы. Ауылдағы №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебін бітіргеннен кейін Тұрар Рысқұлов атындағы «Нархоз» университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалаврды, содан кейін аталмыш оқу орнының магистратурасын грантта оқып, бітірген. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Түркияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп, 2020 жылы «Эйр Астана» әуекомпаниясына бортсерік қызметіне орналасуға өтініш береді. Сұхбаттасудан сәтті өтіп, міне, 3 жылдан бері ол еліміздегі ең беделді отандық әуекомпаниясында бортсерік болып қызмет етіп келеді.
«Бортсерік дегенде, көпшілігі әдемі униформаны киіп алып, жер-көкті шарлап, аспан әлемінде қалықтап жүре беретін рахат жұмыс деп ойлайды. Дегенмен, «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұл мамандықтың да өзіндік қиындығы жоқ емес», — дейді кейіпкеріміз. – Бортта отырған 150 адамның әрқайсысының көңілін табу, ұшу барысында қажет болатын нұсқаулықтарды есте сақтау, ұйқысыз түндер – мұның бәрі стюардесса жұмысы туралы әдемі картинаның басқалар елей бермейтін тұстары»,-дейді Құндызай. Бірақ, ол бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейтінін, керісінше өз жұмысын сүйіп істейтінін және оның жарқын сәттері көбірек екенін айтады.
Сұңғақ бойлы, жылы шырайлы аспан аруы қазақ, орыс, ағылшын, түрік және кәріс тілдерінде еркін сөйлейді. Құндызай секілді стюардесса болуды армандайтын қыздар аз емес. Сондықтан, сәті түсіп тұрғанда бортсерік болып жұмысқа орналасудың жолын, сұхбаттасудың қалай өтетінін сұрап алдық: «Әуекомпаниясына өтініш қалдырған соң, сұхбаттасуға шақырады. Сұхбаттасу әдеттегідей өтеді, өзіңіз жайлы, тәжірибеңіз, қызығушылығыңыз, біліміңіз туралы мәліметтерді сұрайды. Одан кейін ағылшын тілінен біліміңізді тексереді. Әр компания әрқалай тексеруі мүмкін. Бәлкім, сізге мәтін беріп, соны оқып беруіңізді сұрайды, немесе ағылшын тілінде сұрақтар қояды. Сауалдарды алдын ала болжап біле алмайсыз, әртүрлі болуы ықтимал. Сондықтан, бортсерік болғыңыз келсе, ағылшын тілін жақсы білуіңіз міндетті. Сұхбаттасуды сәтті өтсеңіз, сізге дәрігерлік-ұшу сараптау комиссиясына жолдама береді. Сіз оны бір ай ішінде өтуіңіз қажет. Мұның алдында міндетті түрде бортсеріктің денсаулығына қатысты қойылатын талаптармен танысып шығыңыз. Осыдан кейін ең бастысы – оқу. Төтенше жағдайларға дайындық, психология, медицина, борттық қызмет, актерлік шеберлік, жүзу, ұшақтан эвакуациялау, өрт сөндіру – оқу осылай жан-жақты жүргізіледі. Әрі қарай, тәжірибе ретінде сізге шамамен отыз сағат ұшуға тура келеді. Осы кезде жан-жақты бәрін мұқият зерттейсіз, сұрақ қоясыз, сізді де үнемі бақылап, сұрақ қойып, әр әрекетіңізді белгілеп отырады. Тәжірибелік рейстерден кейін сізге «бортсерік» атағын беретін қатаң комиссиядан өтесіз. Негізінен, төтенше жағдайлар мен құтқару жұмыстарын дайындауға қатысты сұрақтар қойылады. Кезең-кезеңмен осындай барлық сынақтардан мүдірмей өткеннен кейін ғана сізге «бортсерік» атағы беріледі», — деп «аспан аруы» атану үлкен еңбектің жемісі екенін айтады кейіпкеріміз.
Иә, Құндызайдың сөзінен түйгеніміз, бортсерік жай ғана сізді ұшақтан күтіп алып, шығарып салатын адам емес, ол — апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер де. Сондықтан, стюардесса әрдайым өзін жан-жақты дамытып, үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс деп санайды қордайлық ару.
Кейіпкеріміз әлемнің 17 елінде, 50 қаласында болып үлгерген. Атап айтатын болсақ, Германия, Оңтүстік Корея, Мальдив аралдары, Англия, Нидерланды, Черногория, Грекия, Грузия, Египет, Қытай. «Мен болған елдердің ішінде қайсысы көбірек ұнады деп жиі сұрап жатады. Менің ойымша, әр елдің өзіндік ерекшелігі және өз атмосферасы бар. Маған осындай мүмкіндіктер сыйлаған әуе компаниясына алғысым шексіз. Қаншалықты қарабайыр сөз болғанымен, әр адам істеген ісін жақсы көрсе, сүйікті ісімен айналысса – ол шын бақытты. Сондықтан, әркім өз арманындағы жұмысын тапқанын қалаймын»,-дейді Құндызай Сержанқызы. Ал өз арманын адаспай тапқан арудың болашағына біз тек сәттілік тілейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ