Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев облыстық кеңейтілген әкімдік мәжілісінде экономиканың негізгі салалары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестицияға айрықша назар аударып, нақты инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейту керектігін атап өткен болатын. Ірі инвестициялық жобалардың жанынан жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, шағын және орта жобаларды жүзеге асыруды ұйымдастыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту шараларының маңыздылығын тілге тиек еткен еді.
«Ауыл аманаты» – ауылдағы тұрмысты жақсартуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Еліміздің көптеген өңірлерінде өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Қордай ауданында да бірнеше ауылдық округте жоба іске қосылып, оның игілігін жергілікті тұрғындар көруде. Бұл туралы газетіміздің беттерінде жазған болатынбыз.
Осы орайда аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасы аясында арнайы жиын өтті. Бұл жиналысқа Қаракемер, Қарасу, Кенен, Жамбыл ауылдық округтеріндегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшылары және ауыл әкімдері, жобаға жауапты мекеме басшылары қатысты.
Жиында жобаны іске асыру нәтижесі, сондай-ақ проблемалық мәселелер талқыланды. Аудан әкімі әлі күнге дейін тұрғындар тарапынан бағдарламаға қатысты көптеген сауалдар түсіп жататынын атап өтті. Бұл қатарда әсіресе, жобаға қатысып отырған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтердің жер мәселесі бар.
Бегзат Сейсенқұлұлы аталған мәселе бойынша әңгіме қозғап, ауылдық округ әкімдеріне тұрғындарға қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
— Іспен айналысамын деген азаматтарды қашанда қолдау керекпіз. Сондықтан талабы зор тұрғындарға бағыт-бағдар беру, толымды ақпарат жеткізудегі кемшіліктерді талқылап, оңтайландыру жолын ұсынып отырмыз. Тұрғындардың кәсіпкерлік ынта-жігерін, табыс табуға деген құлшынысын арттыру қажет, — деген аудан әкімі жобаның жүзеге асырылуы үнемі қадағалауда болатынын жеткізді.