Сын- қатері көп болған тоқсаныншы жылдар соңына таяп қалған уақыт. Тұрғындар қалт-құлт тірліктен қалыпты өмірге қайта көше бастағанымен әлі де болса әлеуметтің әлеуеті тым жұпыны еді. Алда, бәймәлім 2000-шы жыл жақындап келеді. Одан ары ассақ дамудың даңғыл жолы жайылып, ауылдастар жағдайды тұрақтайды дегенге үміт басым болатын. Қордайдағы аудан әкімдігіне қарасты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі басшысының кабинетінде жиын өтуде. Алдағы жоспарларды орындау, күнделікті келетін жүздеген жанның сұрауы мен сауалына жауап табу, қайтсек көмектесе аламыз, деген сұрақтар әр дүйсенбі басшы бөлмесінде өтетін кезекті жиында күн тәртібінен түспейтін еді. Ал, жұмысы күрделі, жауапкершілігі өте жоғары аталмыш қызметке басшылыққа келген Баян Нәзікеқызының бас болуымен бұл маңда жақсылық үміті көктемгі күн сәулесіндей айқын көріне бастаған болатын.
Одан бері отыз жылға жуық уақыт өте шықты. Ал, тек ауданымыз ғана емес, жалпы облыстың әлеуметтік саласының дамуына орасан зор үлес қосқан Баян Нәзікеқызы Қарамолдаева 70 жастың биігіне құрық салды. Өмір жолында өз қалпынан таймаған, қызмет еткен орындарда тек талапшылдығымен ғана емес сыйлы мінезімен, терең білімі мен іскерлігі, қиыннан қиыстырып жол табатын табандылығымен талайды тамсандырған, таң қалдырған жан. Бұл Баян Нәзікеқызының биігі. Ол биіктікті бағындыру көптің қолынан келе бермесі анық.
«Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық —
Бұл қайраттан шығады, білсең керек», деп Хәкім Абай толғанғандай Баян Қарамолдаеваның бойында ашудан гөрі салқын ақыл-зерек пен талап, шыдамдылық жатқанын байқауға болады. Бар саналы ғұмырын ауданның әлеуметтік саласын дамытуға арнаған адамның бойында жанашырлық деген асыл қасиеттің де қатар жүруі заңдылық. Ол турасында бұл мақалада алда айтатын боламыз. Алдымен, осынау қиындығы мол саланы алға сүйреген адамның өмір жолы мен өнегелі ісі жайында тоқталып өтуді жөн көрдік.
Алға ауылындағы Нәзіке қарияның намысшыл қызы тек алға қарай жүруді өзіне мақсат тұтты. Ата-ананың берген ақылы, кеңесі алдағы өмір жолында алыстан жол сілтеген жұлдыздай болып әрдайым жадынан ұмытылған емес. Арман жолында биіктен бағдаршамдай жарқырап, құс жолындай жарқырап жатты. Он жылдық мектепті Қордайдағы Абай атындағы орта мектепте аяқтаған ол алғашқы еңбек жолын «Қордай шамшырағы» газетінде корректор болып бастағанын біреу білсе біреу білмес. Араға жыл салып, Алматыдағы халық шаруашылығы институтына түсіп, төрт жылдан соң жоғары «экономист» мамандығын игеріп шығады. Оқуды тәмәмдаған соң отбасын құрып, тұрмысқа шығып, еңбекке араласып, нағыз үлкен өмірге сүңгіп кете барды. Сүйікті жар атану, бала сүю бақыты не екенін Баян Нәзікеқызы жақсы біледі, түсінеді. Ал, өзіне берілген жауапты істерді жапыра істеп, соңына дейін жеткізу, білімге құштар болу, жаңаны үйрену, алдыға қойған талапқа жетпей қоймау деген асыл қасиеттерді бойына жинай білген ол аудандық білім бөлімінде экономист қызметін атқарса, одан кейін аудандық мәдениет басқармасында бас есепші болып 1981 жылға дейін еңбек етеді. Сол жылы жұмысына тиянақты әрі білікті қызметкер ретінде көзге түсіп, облыстық білім басқармасына бас есепшінің орынбасары қызметіне ауысады. Араға жыл салып білім басқармасының бас есепшісі болып тағайындалады. Табаны күректей он екі жыл осы қызметті атқарып, әріптестер арасында зор беделге ие болады. Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктейтін шақта отбасымен Қордайға оралып, ауданның экономикалық-әлеуметтік өрлеуі жолында жүрген жандармен тізе қоса белсене жұмыстарға араласып, өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырған адам.
Баян Нәзікеқызына алдымен аудандық қаржылық бақылау басқармасында бас тексеруші-қадағалаушы қызметі сеніп тапсырылады. Айлап айлық төленбейтін, зейнетақы мен жәрдемақыда мардым жоқ сол бір кезеңде тұралап қалған экономиканы қайта тіктету үшін мықты мамандар қажет еді. Экономикадан бөлек әлеуметтік саланың шаруасы шатқаяқтап тұрған шақ еді бұл. Сол жұмысты жандандыру үшін мықты маман, білікті басшы қажет болды. Ел ішінде «райсобес» атанып кеткен әлеуметтік қамсыздандыру, кейіннен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі болып 1997 жылы Баян Нәзікеқызы лайықты деп танылады. Сол кездегі аудан басшылығының сол бір шешімі оңды болғанын уақыт өзі ақ дәлелдеп берді. Қайтсек бұл саланы күшейтемін, әлеуметтің әлеуетін арттырып, тұрғындар тілегін жерде қалдырмайтындай етіп шешемін, деген ойда облыс орталығы мен аудан аралығында шапқылап, күрмеуі қиын сұрақтардың шешімін табу үшін күн-түн демей жұмыстан табылатын. Сол талапты өзінің қызметкерлеріне де қоя білді.
Аз қамтылғандарға әлеуметтік қызмет көрсетудің «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы туралы қордайлықтар жақсы біледі. Талай азамат қанатты жобаның алғаш осы Қордай ауданында тұсауы кесілгені біле бермес. Сол арқылы жалғыз басты қарттар, жүйке ауруына шалдыққан 1 және 2 топтағы мүгедектер, кемтар балалар мәселесі біртіндеп шешімін таба бастады. Ал, сол «Өрлеудің» ауданға келуіне, осында жұмыстары өрлегеніне бірден-бір мұрындық болған Баян Қарамолдаева болғанынан көпшілік бейхабар. Бірақ, осындай қайырымды істердің қасынан табылып, жерлестерге ең жақсыны жеткізуге тырысқан басшысының артынан ондаған шәкірт ерді. Осы орайда, шәкірт тәрбиелеуде Баян Нәзікеқызының ерекше тәсілі бар еді. Ол жерде бір ғана шарт – ол жауапкершілік! Сол шартты орындай білген маманның ертең мықты қызметкерге айналатыны сөзсіз еді. Шынымен де солай болды.
Талапшыл басшының тапсырмаларын мұқият орындауға, талмай еңбек етуге бекініп, сол кезде жас маман болып келген жандар қазір бір-бір мекеменің басшысы болып отыр. Олар турасында да айта кетуді жөн көрдік. Мәселен, Баян Нәзікеқызының қол астында еңбек еткен Әділет Қаспақбаев қазір Қордай ауылының әкімі. Ал, ауданның әлеуметтік саласында басшылық қызметте еңбек етіп жүрген жандардың барлығы Баян Нәзікеқызының шекпенінен шыққандар. Олар аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ақсана Елеусізова, «Мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығы» меңгерушісі Эльнура Мінісқұлова, «Әлеуметтік көмек көрсету орталығы» директоры Айнұр Алматаева, «Жұмыспен қамту» орталығы директоры Саламат Көпешов, Сортөбе ауылы әкімі Рустам Фушанло, Масаншы ауылы әкімі Хусейн Буларов. Басшылықтан бөлек сол салада қызметкер болып, мықты маман ретінде өздерін дәлелдеп жүрген өзге де жандар Гүлбаршын Саяқова, Перизат Жетігенова, Ләззат Мінісқұловалар Баян Нәзікеқызынан тәлім алып, өздерін ол кісінің шәкірті санайды. Осыдан он жыл бұрын Баян Қарамолдаеваға арналған шағын ғана «Өмір өрнектері» атты кітап шыққан болатын. Сол кітапта әріптес мен шәкірттердің ыстық лебізі айтылған. Сөзіміздің әрі делелі ретінде солардан мысал келтіре кетсек.
«Басына бақыт құсы қонған жан» тақырыбында бауырлары оның өмір жолы туралы толғанса, аймағымызға белгілі ардагер журналист Құрманбек Әлімжанның «Баян туралы баян» атты мақаласы да берілген. Сол мақала аудандық газеттен бастап облыстық басылымдарға дейін шығып, оқырман ықыласына бөленген болатын. Енді сол кітапшадағы шағын лебіздерге тоқталсақ.
«Баян Нәзікеқызы өмірін және қызмет жолдарын баршаға, әсіресе, мемлекеттік қызметке жаңа келіп жатқан жастарға үлгі етіп ұсынуға болады. Б.Қарамолдаеваны ауданда кішіпейіл, үлкенмен де кішімен де тез тіл табысатын, көпшіл, ортада сыйлы азаматша ретінде біледі. Бір мезгілде ол қандай жұмысты қолға алса да тыңғылықты, аяғына дейін жеткізе орындағанша байыз таппайды. Өзіне де, бағыныштыларына да жоғары талап қойып, бұлжытпай орындата білетін тәртіптің адамы», — дейді ұзақ жылдар мерейтой иесімен үзеңгілес қызмет атқарған, қазіргі таңда «Аманат» партиясы аудандық филиалы төрағасы Бейқұт Жамангозов.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», — демекші айналасына нұрлы шуағын шашып жүретін осы бір ізгі ниетті асыл адамды қанша мақтасақ та онымен мақтансақ та жарасады. Өзінің терең білім, біліктілігінің арқасында және ерен еңбекқорлығымен қызмет баспалдақтарын еркін бағындыра білді. Баян Нәзікеқызының бойында үлгі аларлық қасиеттер молынан табылады. Ол менің еңбек жолымдағы алғашқы ұстазым», — деп толғанады «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» директоры, шәкірті Эльнура Мінісқұлова.
«Адамдар алуан түрлі. Біреу бай, біреу жоқ-жітік дегендей. Баянның алдына тағдыр тауқыметін арқалаған талай адамдар келеді. Олардың мұң-зарын тыңдап отырған Баянның өз жүрегіне де зор салмақ түседі. Өмірде жолы болмаған адамдардың қайғысы оған да ортақ, қалайда қол ұшын беруге тырысады. Әрбір ақысы кеткен адамның, жалғызбасты кейуананың, жетімнің мүгедек жанның қуанышы да оның қуанышы», — деп естелікпен бөліскен екен аудандық орталық аурухананы ұзақ жылдар басқарған марқұм Эйвас Заманов.
Иә, әріптестер мен шәкірттер лебізінде тек шындық жатыр. Олар қызметтес бола жүре әріптес көңілін дөп баса білді, түсінді. Түсіністік танытқандар қатарында ауданды басқарған жандар да болды. Баян Қарамолдаева осы жылдар аралығында Қордай ауданын басқарған әр азамат әлеуметтік салаға әрдайым жанашырлық танытқанын айтады. Жамбыл облысы және Қордай ауданының Құрметті азаматы, ұзақ жылдар басшылық қызметте болған, көпке белгілі Төле Сүгірбай, әр тұста ауданды басқарған Құрманғали Уәли, Мұратбай Жолдасбаев, Ілияс Тортаев, Болатбек Байтөле, Қайрат Досаев, Мәден Мұсаевтар және қазіргі аудан әкімі Бегзат Болатбеков пен мәслихат хатшысы Нұрдин Садықовтардың қолдаулары мен қамқорлықтарын жоғары бағалайды.
Сөз осы әлеуметке ауысқан соң Баян Нәзізкеқызының тікелей атсалысуымен ауданда бірқатар нысандардың да ашылғанын айта кеткен жөн болар. Мысалы, Баян Нәзікеқызы аудандағы «Мүгедектер балаларды оңалту және бейімдеу орталығының», қарттар үйінің облыстағы аудандар ішінде алғашқы болып ашылуына тікелей араласқан. Соның арқасында қазір жүздеген ата-ана сол орталықтарда ем алған балалары үшін алғыстарын жаудырып жатса, «барар жер басар тауы қалмай», өмірлік қиын жағдайға тап болған қариялар ақ батасын арнауда. Бұдан артық қандай алғыс, қандай марапат қажет!
Десек де, еткен еңбек, төккен тердің сыйы болуы қажет. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», әртүрлі дәрежедегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарының өзі бір төбе. Олардың ішінде Президент Жарлығымен берілген «Шапағат» медалі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік – еңбек саласының үздігі» төсбелгісі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық басқармасының Құрмет грамотасы еселі еңбекке берілген лайықты баға. Ал, Қордай ауданының Құрметті азаматы атануы жерлестердің құрметі, қолдауы мен алғысы деп түсінген абзал.
Баян Нәзікеқызы зейнетке шыққанда, болды енді жұмыстан шеттеледі дегенге ешкім сенген жоқ. Өйткені, мұндай жоғары деңгейлі маманды босатып қоя салу аудан басшылығы үшін өрескел қателік болар еді. 2014 жылы зейнетке шыққан соң ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Бүгінгі күнге дейін аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы қызметін жемісті атқарып келеді. Республикалық және жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеріп, ел ішіндегі проблемаларды қозғап, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін Ұлт жоспарына қажетті маңызды институт саналатын Қоғамдық кеңес жұмысына осы он жыл ішінде тамырына қан жүгіртіп, талай істің шешімін табуға септігін тигізуге, түрлі мекемелер, басшылар жұмысын кеңес талқысына салып, тек сын айтпай, жол көрсету ісінде адалдық танытып келе жатқанын да ерекше айтқан жөн болар. «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі ретінде де партия жұмысына белсене араласып, көпке үлгі, талайға жанашыр болып жүрген жанның еңбек жолы осындай қызметтерімен де көркем.
Жан-жары Несіпқұл ағамен бір ұлы, бір қыз өсіріп, оларды қиясына қондырды. Немере сүйіп, ата-әже болып отырған жайы бар. Ең бас-тысы адами қасиетті бойға жинап, жан-жағына шуақ шашып жүретін, туған жерге туын тігіп, еңбегімен елеулі шыңды бағындырған Баян Нәзікеқызының қоғамға берері әлі көп. Сынаптай сырғыған өмір сынынан сынбай өтіп, бүгінде сыйластық пен құрметтің биігінде жүрген жанға 70 жасыңыз құтты болсын дейміз.
Жандос ОМАРОВ