Ақпанның 17-19 аралығында Қордай аудандық мәдениет-тарихи өлкетану музейі және Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған «Өнер көзі – халықта» атты шығармашыл жастар байқауының аумақтық іріктеуі өз мәресіне жетті.
Ауылдық жерлердегі жас таланттарды анықтау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылды. Ауданның үш аймағында өткен байқауда шығармашыл жастар төрт номинация бойынша бақ сынады: «Аспапта ойнау» (күй, дәстүрлі ән); «Ән – өмірдің ажары» (вокалдық өнер); «Хореография» (жеке және топтық би); «Сахна шебері» (актерлік шеберлік, көркемсөз).
Мәдениет ұйымдастырушысы Ғалия Иманбаеваның жетекшілігімен өткен байқау барысында жүздеген өнерпаз Қордайда өтетін гала-концертке жолдама алды.
Мәселен, «Совхоз аймағы» бойынша Әлжан ана ауылында өткен байқауда 80 қатысушы өнер көрсетті. Нәтижесінде: «Сахна шебері» номинациясы бойынша – 12 қатысушы, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша – 11 қатысушы, «Ән – өмірдің ажары» вокалдық номинациясы бойынша – 9 қатысушы, «Хореография» номинациясында – 5 би тобы гала-концертке жолдама алды. «Отар», «Колхоз» аймағынан да іріктеуден өткендер жолдамаға ие болды.
Әр жанр бойынша тағайындалған әділқазылар қатысушылардың сахна мәдениетін, сөз мәнерін, ән орындау шеберлігін, дикциясын және киім үлгісін бағалап, таңдауларын жасады.
Айта кетерлігі, бұл өнер сайысында шығармашылық ұжымдар ғана емес, қарапайым мамандық иелері де өз өнерлерін көрсетіп, жоғары бағаға ие болды. Олардың қатарында полиция инспекторы, физика пәнінің мұғалімі, мал дәрігерлері және «40-шы Отар» әскери базасында борышын өтеп жүрген сарбаздар да бар. Бұл байқау ауқымының кеңдігін көрсетеді.
Еске сала кетсек, «Өнер көзі – халықта» байқауы 12-18 жас және 18-35 жас аралығындағы өнерпаздар арасында өтті. Іріктеуден өткен үздіктер жақында өтетін гала-концертте өнер көрсетеді.