ӨНЕР ОШАҒЫНА 20 ЖЫЛ

0

Ежелден ел ішінде өнерлі өлке саналатын Қордай ауданының бүгінгі өнерпаздары да өрге жүзіп келеді. Оларға өнердің қыр-сырын меңгертуде ауданда бірнеше мекемелер жұмыс атқарып келеді. Солардың бірі Қордай ауылында орналасқан «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы» орталығы.

Аталмыш орталық сонау 2004-шы жылы ашылған.  Бұл жұмыстар бойынша сол уақытта орталықтың директоры болған, бүгінде марқұм Сағадат Исағұлов оның дамып, өркендеп өсу жолында қаншама тер төккен. Бүгінде арамыздан ерте кеткен тамаша ұйымдастырушы, білікті ұстаз, өз саласының білгір маманы, директордың орынбасары Ержан Атамқұлдың да қосқан үлесі зор.

Атына заты сай орталықтың жаңа тынысын ашқан да, басы қасында жүріп, ауданымыздың қосымша білім беру ісін алға қойған азаматтар жоқ емес. Бірақ, алғашқылардың бірегейі болып Жамбыл облысының «Құрметті азаматы», сол уақытта «Нұр Отан» партиясының Қордай аудандық филиалының төрағасы Төле Сүгірбай, оқушылардың сапалы білім алуына бар жағдай жасап, күш жігерін аямаған білім бөлімінің басшысы Қуат Райымқұлов, қаржы бөлімінің басшысы Тұрғынбай Сманалы ақылдаса келе аудан оқушыларына шығармашылық орталық керектігін айтып, соны басты мақсатқа қояды. Жергілікті билік Кеңес одағының тұсында жастармен жұмыс жасап «Пионер үйінің» басшысы болған Сағадат Момынқұлұлын осы орталықтың жұмысын жалғастырады, әрі қарай жандандырады деген оймен сенім артып, директор етіп тағайындап, белгілеп берген қараусыз жатқан ескі ғимаратты «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» деген атаумен ашады. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, табиғатынан алғыр, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, дарынды директор орталыққа нағыз талантты, шығармашыл, еңбекқор қызметкерлерді жинайды.

Жамбыл облысы бойынша алғашқы болып ашылып жатқан шығармашылық орталықтың ғимараты 2004 жылы қараша айында «Асар» жобасы бойынша аудан мектептерінде жұмыс атқаратын дене тәрбиесі, еңбек пәндерінен сабақ беретін ұстаздар көмек қолдарын созып, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін орталық ғимаратын жөндеу жұмыстарын бастап кетті.

Орталықтың білгір де, білімді әкімшілік құрамы бұқаралық-мәдени іс-шаралар бөлімінің меңгерушісі Жанат Нұралиеваның, әдістемелік бөлім меңгерушісі

Айнура Абыкаеваның Қордай ауданы қосымша білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлестері қомақты. БЖШО директоры Айнура Болатқызы 2015 жылдан бастап мекеменің оқу-тәрбие үрдісіне тың серпін берді. Үйірмелерге инновациялық өзгерістер енгізіп, заманауи қосымша білім беру жүйесіне көшті. Педагогтар біліктілік курстарында жаңа білім беру технологияларын меңгеріп, шәкірттердің тиімді оқу-білім алуына жағдай жасалды. Оқушы-мұғалім-қоғам проблемасын шешуге, жылдам өзгерістерге тез бейімделетін жаңа буын мұғалімдерін қалыптастырды. Соның нәтижесінде қосымша білімге қызығатын оқушылар мен ата-аналарының саны артты.

«Сағадат Момынқұлұлы өте керемет басшы болды, қызметкерлерін ешқашан ұрысып, жұмыстарын қадағалаған емес. Тапсырма беріп, нәтижесін ғана күтіп отыратын. Өте мейірімді, кішіпейіл, адамгершілігі мол, еңбекқор адам болатын. Осы орталыққа қосқан үлесі, еңбегі зор болды.  Ал, Ержан Әлімбекұлы да өте қарапайым, мәдениетті кісі болатын. Ал өзім 2006 жылдан бері осы орталықта қызмет атқарып келе жатырмын. 2015 жылдан бастап басшы қызметіндемін. Біздің ең үлкен мақтанышымыз – өзіміздің шәкірттеріміз, осы орталықтан ұшқан түлектеріміз қазіргі таңда әріптестеріміз болғаны», — дейді орталық директоры Айнура Болатқызы.

Орталыққа үлкен еңбек сіңіргендер қатарында Жанат Нуралиева 2005-2020 жылдары арасында Бұқаралық бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. «Менің жүрегімді тынышталдыратын, жаныма жай сыйлап, шабытыма қанат бітіретін ол әрине шығармашыл балалар мен өнерлі дарынды ұстаздардың ортасы», — дейді Жанат Мырзабекқызы өз сөзінде.   Сондай-ақ, сауатты әрі білікті педагог-ұйымдастырушылар аудандық «Жас Ұлан» ұйымының мектептердегі өзін-өзі басқару жұмыстары мен балалар мен жасөспірімдердің көшбасшылық қызметтерін дамытып қалыптастыруда, дарынды балалардың қабілеттерін шыңдауда үнемі дебаттар, көшпелі семинарлар, аудандық өнер және ән-би байқаулары, флешмобтар, т.б. шараларды үлкен жауапкершілікпен өткізе білген өз ісінің шебері болды.  Бөлім қызметкерлерінің жұмысқа деген сүйіспеншілік қабілеттерінің арқасында аудан тәлімгерлері, оқушылары облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен жарыстарда  бас жүлде және жүлделі орындар иеленіп, Қордайдың намысын ылғи жоғары асқақтатып жүрді. Қазіргі таңда  бұқаралық бөлімнің жұмысын Самал Чалабаева жалғап, дарынды жетекшілерден алған тәжірибесін көрсетіп, өз жұмысын жоғарғы деңгейде көрсетіп келеді.

Білімге құштар, өз бойындағы аса кірпияз шығармашылық бай тәжірибені бөлісетін озат мұғалімдер қатары өсті. Алғашында вокал үйірмесінен жас маман болып келіп, музыка  жетекшісі болып еңбек жолын осы БЖШО-дан бастаған Жамбыл Нұрғалиев, жас мамандарға ұлттық домбыра аспабын үйретуде көп жылғы терең білімін Ақбаян Битешева көрсетсе, әлеуметтік-педагогикалық бағытта балаларға пікірсайыс пен мәнерлеп оқу, театр өнерінің қыр-сырын Үсен Тұрлыбаев, мектепке дейінгі даярлау үйірмесін білікті, білімді ұстаз Гүлмира Жарқымбаева жүргізуде.

Сол кезеңдегі қиындықтарға мойымай бүгінгі күннің жеңістеріне жете білген орталықта қазіргі уақытта 56 қызметкер жұмыс жасайды. 1461 бала вокал, хореграфия бейнелеу өнері, қазақ тілі, ағылшын тілі, кіші академия, математика, шахмат, тоғыз құмалақ сынды әр түрлі бағытта  білім алады. Сондай-ақ, орталық ішінде мектепке дейінгі даярлау үйірмесі де ашылған.      «Жасұлан» балалар ұйымының жұмысын үйлестіруші болып табылатын орталықтың саны біршама уақыттан бері артып келеді.

20  жыл  орталықтар тынымсыз қызмет етіп келе жатқан бойда көптеген жетістіктерге жетті. Оның ішінде халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан aлғашқы үштікте болса, басым көпшілігінде бас жүлдені иеленіп келеді. Мұндағы мамандар да өте білімді: 18-модератор, 10-сарапшы және 8-зерттеуші ұстаздар қауымы  өз мамандығының шебері десек те, артық емес. Мамандардың өздері де шамалары жеткенше ұлғайтып жатыр.  Мәселен, орталықтағы Абай атындағы орта мектеп, Б.Бөлтірікова атындағы метеп-лицей, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы, Ш.Мұртаза атындағы негізгі мектеп, Т.Нүсіпбаев атындағы негізгі мектеп, М.Ломоносов атындағы орта мектеп, «Білім академия» жекеменшік мектебі және шалғай ауылдардағы Рза Кунакова атындағы орта мектеп пен Сортөбе ауылындағы мектеп оқушылары үшін мамандар барып дәріс береді.

Орталықтан түлеп ұшқан түлектер бүгінде еліміздің әр түкпірінде қызмет атқарып жатса, кейбірі осында жұмыс жасайды. Атап айтсақ, Құрманқұл Жанар, Қуанышбек Мерген, Сұлтанқұл Мөлдір, Тынышбек Жомарт, Қуатхан Дамир, Қыдырбек Төлеген, Мырзахан Нұрымжан  сынды орталықтың ұстаздары бір кездері өздері де осында тәлім алған. Сол жиған білгендерін бүгінде өздерінен кейінгі буындарға үйрету жолында еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, мерейтойға байланысты өтетін үлкен іс-шараға дайындалып, барлық ақпаратты жинап, әр сөздің мінін тауып келтіріп, орталықтың тарихын жазып жүрген, осы мақаланың жазылуына зор үлес қосқан Тынышбек Жомартты да айта кетпеске болмас.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығына толағай табыс пен жеңістің биік шыңдарын бағындыра берсін дейміз.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.