ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР ЖАС ДОМБЫРАШЫ

0

1 маусым – Балаларды қорғау күні елімізде ерекше маңызға ие мерекелердің бірі. Бұл күн – өскелең ұрпақтың арманына, таланттары мен қабілеттеріне назар аударуға бағытталған. Осы орайда біз Сарыбұлақ ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы мектептің шәкірті, өнерге бейім жас дарын, домырашы Аружан Жұбандық туралы айтуды жөн санадық.

Аружан Жұбандық – 4-сыныпты аяқтаған, кішкентайынан ұлттық өнерге, соның ішінде домбыраға ерекше қызығушылық танытып келе жатқан талантты балалардың бірі. Ол домбыраның үнінен шабыт алып, бос уақытын күй үйренуге арнайды. Аружанның айтуынша, домбыра тарту тек өнер ғана емес, сонымен қатар сабырлық пен ұқыптылыққа, тәртіпке баулиды.

Жас өнерпаз түрлі байқаулар мен мәдени шараларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген Аружан бүгінде «Домбыра – думан» домбырашылар ансамблінің мүшесі. Бұл ансамбль «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, Стамбул, Баку, Ташкент сынды қалаларда өтетін халықаралық байқауларға жолдама алған.

Аружанның бойындағы өнерге деген ынтасы мен талпынысын байқаған ұстаздары мен ата-анасы оның болашағынан зор үміт күтеді. Олар Аружанның үлкен сахналарда биік белестерді бағындыратын өнерпаз деңгейіне жететініне сенімді. Аружан да өз кезегінде ұстазы А.Нұрмағанбетовке шексіз алғысын білдіріп, сенімді ақтауға тырысуда.

Айпері ИЗБАСАР, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1 курс студенті. Конвергентті журналистика факультеті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.