Ұлттық қолөнер бұйымдарының ішінде қыз жасауының алар орны ерекше. Атадан балаға мұра болып келе жатқан көне дәстүрге деген көпшіліктің сұранысы артпаса, кеміген емес. Қыз жасаулары қанша уақыт өтсе де, өзінің әсемдігімен, ою-өрнегімен нәзік жандылар арасында жоғары бағаға ие болып келеді. Ал бұл кәсіптің тұтқасын он саусағынан өнер тамған шебер ғана ұстайтыны белгілі. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген қаракөздеріміздің бірі – Гүлнәр Алдаберген.
Қордайлық Гүлнәр Мағзұмқызының тігіншілікпен айналысып жүргеніне төрт жылдың жүзі болған. Бастауыш сынып мұғалімі декреттік демалыста бос отырмайын деп, ине мен жіпті ермек қылады. Бастапқыда тума-туыстың кішігірім тапсырыстарын, құрақ көрпелерді тіге бастайды. 2020 жылдың наурыз айында Тараз қаласында өткен «Көрпе Fest» фестиваліне қатысып, қолөнерге деген шабыты одан әрі ашыла түседі. «Мен ес білгелі анам киім тігіп, құрақ құрап, тоқыма тоқып отыратын. Маған да қолөнерді бала кезімнен үйретті. Қонаққа барсақ, сол үйдің құрақ көрпесіне қызығып, үйге келген соң тура сондай етіп қайталауға тырысатынмын. Әрбір қыз баласының қолынан іс келуі қажет деп ойлаймын. Сондықтан қолөнерге баулыған анама алғысым шексіз. Анам әлі күнге маған ою ойып көмектеседі. Анамнан кейінгі үлгі тұтатын ұстаздарымның бірі – танымал этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада. Сол кісінің онлайн шеберлік сағаттарын үзбей көретінмін. «Көрпе Fest» фестивалінде Ырза ханыммен кездесіп, сабақ алу бақыты бұйырды. Сол уақыттан бері қолөнерге құлшына кірістім», — дейді ісмер.
Бүгінде Гүлнәр Алдаберген қыз жасауының алуан түрін, көрпе-жастықтар, тоқыма ойыншықтар, шопперлер, косметика заттарын салатын сөмке, т.б. бұйымдарды жасайды. «Қазақы нақыштағы ою-өрнек салынған көрпе-жастықтарға тапсырыс берушілер көп. Әрі адамдардың талғамы жоғары екендігін ұмытпау керек. Көздің майын тауысатын, шыдамдылықты талап ететін кәсіпті шын ынта-көңілмен орындамасаңыз, тапсырыс берушінің көңілінен шығуыңыз екіталай. Сондықтан мен әр тапсырысты асықпай, ұқыптап тігуге тырысамын. Жаңадан тігіншілікке бет бұрған қыз-келіншектерге де, бұйымыңыз дұрыс шықпай жатса, сөгіп, қайта тігіңіз, төзімді болыңыз деп кеңес беремін. Ең бастысы сен қанша рет сөгіп, қанша рет қайта тіккенің емес, маңыздысы – нәтиже», — деп кеңесімен бөлісті.
Шебер үнемі өзін дамытып, жаңа тігін техникаларын үйренуді, түрлі көрмелерге қатысып, өзге ісмерлермен тәжірибе алмасуды ұнатады. Сондай шаралардың бірі – 2023 жылы 4 маусымда Астана қаласында өткен «Аламан құрақ» жобасы. Қолөнершілер көрмесіне еліміздің әр өңірінен келген 200 құрақшы қыз-келіншектер қатысып, 500 метр құрақ көрпе жайып, «КИНЭС» атты Қазақстанның рекордтар кітабына енген. Олардың қатарында біздің кейіпкеріміз де бар. Сүйікті ісін табыс көзіне айналдыра білген тігінші отбасында адал жар, аяулы ана. Төрт баланың анасы перзенттерінің жан-жақты дамуына үлкен мән береді. Тұңғыш қызы Мерей Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде бейнелеу үйірмесіне барады, ұлы Темірлан – болашақ футболшы, одан кейінгі қызы Айару би үйірмесіне қатысып, түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Кенжелері Томирис те өнерге жақын, дейді анасы.
Гүлнәр Мағзұмқызының алға қойған жоспарлары айқын. Болашақта үлкен тігін цехын ашуды, қолөнерге қызығушылық танытқан аруларға құрақ құрауды үйретсем деп армандайды. Ал біз өз ісіне адал жанның барлық мақсаттарына сүрінбей жететініне сенім білдіреміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ