ӨНІМДІ САПАЛЫ ЕТІП САҚТАУ ҮШІН

0

Көкөніс егуде Қордайлық шаруалар бірнеше жылдардан бері облыс бойынша көш бастап отыр. Адан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтер бойынша биыл 1200 гектарға картоп, 3194 гектарға көкөніс себілген. Оның ішінде 1650 гектарды пияз алып жатыр. Сонымен қатар 18 гектар қырыққабат, 35 гектар қияр, 25 гектар қызанақ, 98 гектар сәбіз, 200 гектар бақша өнімдері және 250 гектарға майлы дақылдар себілген.

 

Сапалы өнім алу бір жұмыс, оны сапалы әрі балғын етіп сақтау жайы тағы бір мәселе. Әсіресе осы сұрақ үнемі Сортөбе мен Масаншы ауылдық округіндегі диқандарды мазалап келді. Негізінен нәсібін терден теретін ағайындар үшін алынған өнімді сақтайтын орынның болуы аса маңызды. Бұл сұрақтың бірден бір шешімі – көкөніс сақтау қоймасын салу.

«Альвакас» ШҚ басшысы Юнус Шаров көкөністі сапалы әрі балғын етіп сақтауға болатын қойма салуды бұрыннан көздеп жүрген еді. Қойма барлық талаптарға сай болуы, әрі сапалы салынуы қажет. Осы мақсатты іске асырмақ ниетте ол биыл 2500 шаршы метрді құрайтын алып көкөніс қоймасын салуды бастайды. Жаңа құрылыс өнімді сақтаудың жаңа технологияарын қолдана отырып бой көтеруде. Әсіресе, ішін желдету мәселесіне аса мән берілген. Қоймада бірден 2500 тонаға дейін өнім сақтауға болады екен. Жалпы құны 30 миллион теңге.

Қыс айларында аталымыш шаруа қожалық жинайтын пияз бен сарымсаққа сұраныс тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, Алматы қаласы мен облысында да  артады. Кәсіпкер жақын болашақта өзге де аймақтарға шығып, өз өнімдерін ұсынуды көздеп отыр.

Жаңа қоймада заманауи технологияға аса мән беріледі. Юнус Шаровтың айтуынша ең бастысы өнімді үсітіп не болмаса босатып аламайтындай етіп қойманы жабдықтау қажет. Осының барлығы ескерілуде. Мұндай қоймада сақталған өнім өз сапасын жоғалтпайды. Жаңа салынған орында негізінен пияз сақталмақ.

+2 +3 градус оны сапалы сақтауға, бұзылып кетуінің алдын алуға мүмкіндік береді, дейді шаруа қожалық басшысы.

Құрылыс жұмыстарын күз айларында толығымен аяқтап шығу жоспарда бар.

Сортөбе ауылының әкімі Рустам Фушанлоның айтуынша мұндай қойма салу экономикалық тұрғыдан өте ұтымды. Ең алдымен бұл бәсекелестік тудырады. Алынған өнім тұтынушыға сапалы түрде жеткізілетін болады. Ұзақ мерзімге сақтауға да мүмкіндік жоғары. Ал, қойма болмаған жағдайда оны бірден сатуға шығару қажет.

Арнайы орында сақталған өнімді жылдың кез-келген уақытында сатылымға шығаруға болады. Бұл өте қолайлы. Сонымен қатар, өзге шаруашылықтарға жалға орын беру жолдарын да қарастыруға болады. Жалпы айтқанда, баға тұрақтылығына да қоймалардың берер әсері мол.

Еске сала кетсек, елімізде қоймаларды салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары жасалған. Қоймалар салуға және жаңғыртуға, өнімді ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз ететін арнайы заманауи жабдықпен салуға инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Субсидияларды  25%-дан 40-50%-ға дейін арттыру көзделген.

 

Ляйлим ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.