Өрт қаупі бар маусым басталды

0

Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2026 жылғы 26 наурыздан бастап мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қаупі бар маусымның басталғанын хабарлайды.

Көктем мезгілінің келуімен ауа температурасының жоғарылауы, қар жамылғысының еруі және құрғақ шөптердің пайда болуы орман өрттерінің туындау қаупін арттырады. Осыған байланысты мекеме тарапынан өрттің алдын алу және оны болдырмау мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынды.

Атап айтқанда, орман күзеті қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Орман алқаптарын патрульдеу және бақылау жұмыстары күшейтіліп, өрт бақылау мұнаралары мен байланыс құралдары толық тексерілді. Сонымен қатар, өрт сөндіру техникалары мен құрал-жабдықтары дайындыққа келтіріліп, қажетті жанар-жағармай қоры жасақталды. Орман өрттерінің негізгі себептерінің бірі – адам факторы. Осыған байланысты тұрғындарға орман алқаптарында және оған жақын аумақтарда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі. Атап айтқанда, ашық от жағуға, құрғақ шөптерді өртеуге және жанғыш заттарды қалдыруға қатаң тыйым салынады.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған тұлғалар жауапкершілікке тартылады.

Орман – ел байлығы. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өрттің алдын алу арқылы біз табиғи ресурстарды сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз.

М.Карибаев, «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қордай ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.