Ауа температурасының айтарлықтай көтерілуіне байланысты Қазақстанның бірнеше аймағында өрт қаупінің жоғары дәрежесі тіркеліп отыр. Күннің аптап ыстығы мен құрғақ желдің әсерінен ормандарда, дала алқаптарында және елді мекендер маңында өрт шығу қаупі күшейді.
Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан таратылған ресми мәліметте, осындай ауа райында тұрғындар тарапынан қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ерекше ескертілді. «Бір ғана сөндірілмеген темекі тұқылы немесе лақтырылған шыны бөтелке – үлкен өртке себеп болуы мүмкін», – делінген ведомство хабарламасында.
Өрт қауіпі кезеңінде келесі іс-әрекеттерге тыйым салынады:
- Елді мекендерде, орман алқаптарында және егін далаларында от жағуға;
- Сөндірілмеген темекі мен сіріңке қалдықтарын тастауға;
- Шыны, әйнек заттарды далаға лақтыруға;
- Ауыл шаруашылығы техникаларын ұшқын сөндіргішсіз пайдалануға;
- Балаларды қараусыз қалдыруға және олардың отпен ойнауына жол беруге.
Сонымен қатар, министрлік әрбір азаматты тұрмыстық қауіпсіздік техникасын – электр сымдары мен газ құрылғыларының жарамдылығын тексеріп отыруға шақырды. Қауіпті кезеңде кез келген кішігірім ақау үлкен апатқа айналуы мүмкін.
Өрт болған жағдайда не істеу керек?
Қауіпті жағдай туындаған сәтте бірден 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет. Құтқару қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді және кез келген дабылға дереу жауап береді.
Мүлік пен адам өмірін сақтаудың басты жолы – қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау екенін ұмытпаңыз! Жауапкершілік – әр азаматтың міндеті.