ӨСІМДІКТІ ҚОРҒАЙТЫН ИНСПЕКТОР

0

Қарасу бекетіндегі күн әдеттегідей қарбалас. Жүк көліктері арлы-берлі ағылып жатыр. Әрбірі – сырт елден жеткізілген тауар, әрбірі – ел ішіне енбекші белгісіз тәуекел. Осындай тынымсыз қозғалыс арасында жұрт назарына ілінбейтін, бірақ аса жауапты міндет атқаратын мамандар жұмыс істейді. Олар – еліміздің өсімдіктер әлемін қорғаушылар, яғни фитосанитариялық инспекторлар.

Фитосанитария – көпшілікке бейтаныс термин болуы мүмкін. Бірақ оның мағынасы әрқайсымыздың қауіпсіз өмірімізбен тікелей байланысты. Бұл – өсімдіктерге зиян келтіретін зиянкестер мен аурулардан, карантиндік нысандардан қорғау жүйесі. Яғни, ел аумағына шетелден әкелінетін дәнді-дақыл, жеміс-жидек, көшет секілді ауылшаруашылық өнімдері тексеріліп, қажет жағдайда зертханалық сараптамадан өткізіледі. Мақсат – ауыл шаруашылығына қауіп төндіретін зиянды организмдердің алдын алып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осы салада табанды еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Серік Садыбахасов. Біз оны Қордай ауданы, Қарасу кеден бекетіндегі фитосанитариялық карантиндік бақылау постында кездестірдік.

– Бұл жұмыс аса ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Елге әкелінетін әрбір өнімнің ішінен көзге көрінбейтін қауіп шығуы мүмкін. Зиянкес жәндіктер, карантиндік арамшөптер немесе өсімдік аурулары бір қарағанда байқалмауы мүмкін, бірақ олар ауыл шаруашылығына елеулі залал келтіруі мүмкін. Сондықтан әр қап, әр жәшік мұқият тексеріледі, — дейді Серік Амантайұлы.

Серік Садыбахасов 1984 жылы Қордай ауданы, Ноғайбай ауылында дүниеге келген. Аграрлық салаға жастайынан бет бұрып, 2001-2004 жылдары туған ауылындағы ауылшаруашылық колледжінде агроном мамандығын игерген. Еңбек жолын 2010 жылы фитосанитариялық диагностика орталығында анықтаушы болып бастаған. Кейін Қазақ Ұлттық аграрлық университетін аяқтап, өсімдіктерді қорғау саласында ұстаздық қызмет атқарған. Нақтырақ айтқанда, 2013-2019 жылдары Қордай ауылшаруашылық колледжінде білім беріп, талай жас маманның қалыптасуына үлес қосты.

2019 жылдан бері Серік Амантайұлы мемлекеттік бақылау саласына қайта оралып, түрлі жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. 2019-2022 жылдары Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Қордай аудандық филиалының басшысы болды. 2023 жылы осы мекемеге ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешеніндегі Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының Қордай аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі инспекторы лауазымына жұмысқа орналасты. 2024 жылы осы мекемеге басшы болып та абыройлы міндет атқарды. 2025 жылдан бері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясында өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы болып еңбек етеді.

– Бүгінде елімізде карантиндік бақылау күшейтілген. Мақсатымыз шекарадан келетін қауіпті нысандарды елге таратпау. Ол үшін өсімдік өнімдерін тұрақты тексеріп, қажет болған жағдайда үлгі алып, сараптама жасаймыз. Егер карантиндік нысан табылса, ол жүк залалсыздандырылып, кейде кері қайтарылады. Бұл – еліміздің өсімдік және азық-түлік ресурстарын қорғаудың тиімді жолы, – дейді ол.

Бұл салада сыртқы және ішкі карантин деген ұғым да бар екен. Сыртқы карантин – шекарадан кіретін өнімдерге қатысты болса, ішкі карантин – еліміз аумағында байқалған ошақтарды оқшаулау, жою, әрі қарай таралмауын қадағалау міндетін қамтиды. Бұл жұмыс көрінбегенмен, ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

– Ең бастысы, өз ісіңе адал болып, елге пайдам тисін деген ниет болса, қандай жұмыс болсын – абырой, — дейді сөз соңында кейіпкеріміз.

Иә, ел тыныштығы әр саладағы еңбекқор жандардың тынымсыз еңбегімен келетін құндылық. Сол құндылықты күзеткен «жасыл қалқан» – фитосанитария инспекторларының жұмысы әрқашан елеусіз қалмауы тиіс.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.